Трамп саясатына көңілі толмаған америкалықтар жаппай Еуропаға қоныс аудара бастаған. Бұл туралы Reuters хабарлайды. 2025 жылдың алғашқы екі айының өзінде Ирландияда осы елдің төлқұжатын алуға өтініш берген америкалықтардың саны жағынанан рекорд орнаған. Ал осы уақыт ішінде 2 383 АҚШ азаматынан Францияның ұзақмерзімді визасын алу туралы өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Өтініш берушілер ең басты себеп ретінде Трамптың саясатына наразылық, зорлық-зомбылықтың өсуі мен саясаттағы қарама-қайшылықтың тереңдеп кетуін атаған. Осыған орай Еуропаны тұрақты әрі қауіпсіз балама ретінде санайтын америкалық азаматтардың қатары көбейген.

Бұған дейін Франция президенті Э.Макрон Трамп саясатына наразы америкалық ғалымдарға Еуропаға қоныс аударуды ұсынған еді.

«Егер сіз бостандықты жақсы көрсеңіз, осында келіңіз және зерттеулеріңізді жүргізіңіз», – деді Макрон Сорбоннадағы «Ғылым үшін Еуропаны таңдаңыз» атты конференцияда  сөйлеген сөзінде. Француз президенті ғалымдарды өзіне тарту үшін Париж 100 млн еуро бөлетінін мәлімдеді.

Өз кезегінде Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен ЕуроОдақ әлемнің үздік ғалымдарын, оның ішінде америкалық мамандарды Еуропаға тарту үшін 2025-2027 жылдарға 500 млн еуро бөлетінін айтқан еді.

Фото: Leah Millis/Reuters