Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қазақ өнеріндегі соғыс туралы елге кең танымал шығармалардың тарихымен таныстыруды жөн көрдік. Бүгін назарларыңызға «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнінің шығу тарихын ұсынамыз.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар…

Көпшілігімізге бала кезден жақсы таныс бұл жыр жолдарын толқымай, тебіренбей тыңдамау мүмкін емес. Майдангер ақын Сырбай Мәуленовтің қаламынан туған «Соғыстан қайтқан солдаттар» — майдан даласында қалған боздақтарға орнатылған мәңгілік ескерткіш. Кейін танымал әнге айналған жыр жолдары шарасыз күйден туған. Ол туралы жауынгер ақын естеліктерінде былай баяндайды. 1943 жылы ауыр жарақат алып соғыстан оралған сарбаз Сырбайды ауыл-аймағы күтіп алады. Біреу баласын, біреу ағасын, біреу жарын сұрап алдынан шығады. Үнсіздік… Сол сәттегі жай-күйін Сырбай ақын «Үнсіздіктен басқа жауабым болмады» деп сипаттайды. Сол сәттен бастап «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген сөз ойынан шықпай қояды. Кейін он бес жыл өткен соң жан-жүректі шымырлатар сәт өлең болып өрілді.

Қазақ поэзиясындағы соғыстың азабы мен қасіретін көрсеткен туынды адамның ішкі жан дүниесін қопарып тастайтын шығарма. Сол себепті оның әнге айналмауы мүмкін емес еді.Оны әнге айналдырған БҚО, Бөкей Ордасының тумасы Темірбек Әбілхатин болды. 1968 жылдары жазылып, Жеңістің 25 жылдығында алғаш шырқалған әннің дүниеге келгені туралы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамов 1969 жылдың   13 қыркүйегінде «Қазақ әдебиеті» газетіне берген «Ия, ерлікке шақырар жыр керек» атты мақаласында жазады.

Темірбек Әбілхатин  Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңіне ән шығарған соң, композитор Әсет Бейсеуовтің кеңесімен оны сазгер Рақпан Байқоңыровқа өңдетеді. Кейін «Мәдениет және тұрмыс» журналында ән мәтіні «Соғыстан қайтқан солдаттар». Сөзі Сырбай Мәуленовтікі, әні  Темірбек Әбілхатиндікі, өңдеген Рақпан Байқоңыров деп үш фамилиямен беріледі.

Бұл әнді алғаш опера әншісі – Мұрат Мұсабаев айтты. Оның орындауында Қазақ радиосынан шырқалып, көпшілікке танымал әнге айналды. Соғысты көзімен көріп, қан майданда талай боздақтың қыршынынан қиылғанын өлеңмен жеткізген Сырбай Мәуленовтің жыры осылайша қазақ өнеріндегі соғысқа қарсы манифест жырға айналды.

Қаралы қағаз жіберіп, 
Қаншама қайғы салды оттар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар!

Фото: Хан ордасы музей-қорығынан