Қант диабеті дүние жүзі бойынша көп таралған аурулардың бірі саналады. Бұл дерттің ең асқынған түрін медицина тілінде «диабет табаны» дейді. Яғни, науқастың өз бетінше жүріп-тұруы қиындап, аяғына хирургиялық ем жасауға тура келуі мүмкін.
Жуырда BAQ.kz порталында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасында Қантамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Абылай Сейітқалиевтің сұхбаты шықты. Онда маман аталған қатерлі дертті емдеу жолдары туралы баяндады.
Дәрігердің айтуынша, қантамыр хирургиясы жанындағы Диабеттік табан орталығы былтыр қаңтар айында ашылған. Мұнда стационарлық бөлім және заманауи ангиографиялы операциялық бөлме бар. Сондай-ақ, пациенттерге амбулаториялық-консультациялық қызмет көрсетіледі.
– «Диабеттік табан» дегеніміз – қант диабетіне шалдыққан науқастардың дерті асқынған кезде пайда болатын симптомдар жиынтығы. Өте қауіпті ауру. Дер кезінде емделмесе аяқты кесіп тастап, мүгедек болып қалу қаупі жоғары. Мұндай сырқатқа шалдыққан науқастар біздің көмегімізге жиі жүгінеді. Былтыр «диабеттік табан» синдромы бар 150 пациентті емдеп шығардық,- дейді ол.
Сұхбатта Абылай Сейітқалиев айтқандай, қант диабеті асқынған кезде аяқтағы қантамырларға зақым келеді. Қант диабетіне шалдыққан науқастар жылына бір рет аяқ қантамырларының УДЗ тексерісін жасап, толық медициналық тексерістен өтіп, қантамыр хирургі, эндокринолог, неврапатологтің және сол сияқты мамандардың қабылдауында болғаны жөн.
Бұл синдромның негізгі белгілері – табанның үнемі тоңып, салқын болып жүруі, адамның өзі оны сезбеуі. Сондай-ақ жүрген кезде бұлшықеттер ауыруы мүмкін. Асқынған кезде трофикалық бұзылыстар болып, ұзақ уақыт жазылмай жүретін жаралар шыға бастайды. Мұндай кезде міндетті түрде қантамыр хирургіне көріну керек.
BAQ.kz порталындағы материалда дәрігер дертін асқындырып алған науқасты емдеу барысына тоқталды:
– Ол бізге келмес бұрын Астанадағы түрлі клиникаға барған, ешқайсысы қабылдамаған. Қосымша сырқаттары болғандықтан, бәрі операцияны көтере алмайды деп қорыққан. Мұндай ауыр науқастар көп кездеспейтіндіктен, операция да сирек жасалады. Біз сол жақ аяғының ауыр ишемиясы бар науқасқа күрделі операция жасадық. Оның аяғын кесіп алып тастау қаупі жоғары болды. Пациенттің қосымша басқа да сырқаттары, оның ішінде созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі, тыныс алуының қиындығы, инсульт салдарынан болған жүректің ишемиялық ауруы жағдайды одан бетер қиындатып жіберді. Осының бәрін ескере отырып, бізге дұрыс әдісті таңдау маңызды болды. Гибридті операция әдісін таңдадық. Бірінші кезекте мықын артериясын стенттедік, екіншіден, оң жақтан солға қарай сан маңын айқас шунттау жасадық, үшінші ретте сол жақтан сан-тізеасты аймағын шунттау жүргіздік. Осылайша, бір уақытта үш бірдей операция жасадық.
Ота жасау бес сағатқа созылды. Бригадада 4 хирург, анестезиолог-дәрігер және медбике болды. Осы ретте анестезиолог дәрігердің еңбегін атап өткен жөн. Себебі науқастың жағдайы ауыр болғандықтан анестезияны дәл таңдау аса маңызды болатын. Біз жергілікті анестезия жасадық, пациент есін біліп жатты, бірақ аяғын сезген жоқ. Осындай анестезияның арқасында операция да өте жақсы өтті деп ойлаймын. Бұл – командалық жұмыс.
Абылай Сейітқалиев ҚР ПІБ МО ауруханасының «Диабеттік табан» орталығының негізгі қызметі – аяқ артериялары созылмалы дертке шалдыққан адамдардың аяғын ампутациялаудан сақтау екенін айтты. Бұған дейін орталықта 300-ден астам пациент нәтижелі ем алып шыққан.
Мұнда бір пациентті емдеу үшін қантамыр хирургы, эндокринолог, кардиолог, невропатолог, хирург, травматолог-комбустиолог, рентгенолог-мамандар жұмылып жұмыс істейді. Яғни пациенттер қажетті медициналық көмектің бәрін емдеуші дәрігердің бақылауымен бір жерде алады.
Сондай-ақ «Диабеттік табан» орталығына халықаралық деңгейдегі мықты мамандар келіп, ота жасап, тәжірибесін бөлісіп тұрады. Атап айтқанда, Түркия мен Ресей Федерациясының білікті дәрігерлері орталық мамандарына аяқ артериясының эндоваскулярлық атерэктомиясы бойынша 3 шеберлік сабағын өткізді. Бұл – дәрігерлердің білімін толықтырып, біліктілігін арттыру үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар.