Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевосы саладағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

Бірінші. Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу.

«Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру ақсап тұрған саланың бірі еді. Биыл мемлекет бұл мәселені шешіп, бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды. Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі» – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент субсидиялауды қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандыру жөн екенін айтты. Ол үшін отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс.

Екінші бағыт – агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру.

«Біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды» – деді ол.

Үшінші – ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету.

«Қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру керек. Соның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыру – стратегиялық міндеттің бірі.

Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейді. Осындай мәселелерді шұғыл шешу қажет. Биыл Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Нақты міндеттер қойылды. Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға жеткізу қажет. Ал жоғары сапалы (яғни, элиталық) тұқымның үлесі кемінде 15 пайыз болуы керек. Ол үшін шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн» – деп атап өтті Президент.

Негізгі жұмыстың төртінші бағыты – ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу.

«Бізде минералды тыңайтқыштар аз қолданылады. Бұл – отандық агросектордағы өзекті мәселе. Биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыш себілді. Бұл – ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы деген сөз. Жалпы жұмыс қарқыны жаман емес. Бірақ біз агротехнологиясы дамыған озық елдердің деңгейіне ұмтылуымыз қажет. Бұдан бөлек органикалық тыңайтқыш өндірісін дамыту маңызды.Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуға тиіс»– деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Бесінші бағыт – ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігі.

Президент ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізудіміндеттеген болатын. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталып та кеткен.

«Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы табысты жұмыс жатыр. Биыл шамамен 160 миллиард теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компаниясына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнімділігін арттыруға, импортталатын қосалқы бөлшектерді локализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдауға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мән беруі керек» – деді Мемлекет басшысы.

Тағы бір маңызды бағыт – ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту.

«Мұнда көлік-логистика мүмкіндіктерінің шектеулі болуы кедергі келтіреді. 
Мысалы, еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап отыр. Сондықтан сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту маңызды бағыт болуға тиіс.

Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, экспортты әртараптандырғанымыз жөн.

Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды.

Жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі.

Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды.
Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарлануда.

Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады.

Автокөлік жолдарының желісін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жыл соңына дейін «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталады» деді Президент. 

Мемлекет басшысы биыл еліміздің экспортқа 12 миллион тонна астық шығаруға мүмкіндігі бар екенін айтты. Бұл – өте көп өнім әрі зор жауапкершілік. Президент атап өткендей, диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету – Үкіметтің басты міндеті.