Қытай мен Еуропаны жалғайтын Еуразияның маңызды көлік хабына айналуды көздеп отырған Қазақстан үшін битум өндірісінің маңызы аса зор. Битум – жол құрылысынан бастап шатыр секілді жабын материалдары өндірісінде қолданылатын аса қажет материал. Ол ылғал мен коррозиядан қорғайтын гидрооқшаулағыш, асфальтбетон қоспаларын байланыстыратын тұтқыр зат есебінде пайдаланылады.

Битумның әлемдік нарығының жалпы құны 84,6 миллиард АҚШ долларына бағаланады. 2027 жылға қарай бұл нарықтың жалпы құны 116,2 млрд долларға өседі деген болжам бар. Жыл сайын дүниежүзінде өндірілетін 113 млн тонна мұнай битумының 40 миллион тоннаға жуығын АҚШ  өндіреді. Битумға деген сұраныс Қазақстанда да өсіп отыр.

Көлік министрлігінің дерегі бойынша 2025 жылы битумға қажеттілік көлемі 1,42 млн тонна болып отыр. Отандық өндіріс ошақтары жыл аяғына дейін 1,36 млн тонна битум өндіреді деген жоспар бар.

Қалған жетіспеген бөлігін Ресейден импорттаймыз. Екі мемлекет арасындағы индикатив балансына сәйкес көрші елден 500 мың тоннаға дейін битум импорттау қарастырылған. Осыны қосқанда ішкі нарық 1,86 млн тонна битуммен (130%) қамтамасыз етіледі.

Бір қарағанда битум өндірісінде түйткілді мәселе жоқ сияқты. Алайда бір «бірақ» бар. Қазақстанда битумға сұраныс әр өңірдің климат жағдайына және жол-құрылыс жұмыстарының жылы айларда ғана істелетініне тәуелді. Сол себепті қара күзден бастап ерте көктемге дейін мұнай өңдейтін зауыттарда өндірілген битум тұрып қалады. Ал жазда бәрі битум іздеп сабыла бастайды. Битум өндірушілер жол құрылысына жауаптылардан битумды жыл бойына біркелкі көлемде сатып алуын сұрайды. Өйткені, жол құрылысы жұмыстарының жоспары алдын ала құрылып, жол құрылысы бағдарламаларымен бекітіледі; ал ірі жол-көлік инфрақұрылымының құрылысын жүргізетіндермен ұзақмерзімді келісімшарт ертерек жасалады. Осы орайда қазір битум өндірушілер – ҚМГ, ПМХЗ және CaspiBitum – қоймалардың сыйымдылығын ұлғайтумен айналысып жатыр.

Тағы бір мәселе тасымалдаумен байланысты болып тұр. Жол құрылысына жауапты компаниялардың дені битумды автокөліктермен тасиды. Оның орнына теміржол арқылы тасымалдаса, бұл өнімді дер кезінде жеткізуге және зауыттарға өндіріс көлемін жоспарлауға себін тигізетін еді дейді мамандар. Битум жөнелтудің үлкен бір ерекшелігі бар: ол тек ыстық күйде құйылады, суыған кезде оны құя алмайсыз. Осының салдарынан көлік жетіспесе, өтініштер уақытылы келмесе, сұраныс күйіп тұрған жаз кезінің өзінде зауыт битум өндіруді шектеуге мәжбүр болады.

Мәселені шешудің жолы қандай?

Битум өндірісінің мамандары жоғарыда аталған түйткілді шешу үшін бірнеше мәселені қолға алуды ұсынады. 

Ұзақ мерзімді келісімшарт: Егер жол құрылысымен айналысатын компаниялары ұзақ мерзімді келісімшарттарға отырса, олар өздеріне қанша битум қажет екенін дәл жоспарлай алады және сатып алатын битумының көлемін жыл бойына біркелкі бөлуге мүмкіндік туады.

Мемлекеттік қолдау: Үкімет битум резервуарлары құрылысына субсидия қарастырса немесе осындай қойма салғандарға салық жағынан жеңілдік берсе деген ұсыныс бар. Бұл бірінші кезекте битум бағасының жыл бойы тұрақты болуына себін тигізеді әрі артық жиналған битумның ысырап болуының алдын алады.

Бағаны реттеу: Мамандар битум бағасын мемлекет тарапынан реттеуді қарастыруды ұсынады. Әсіресе битумға сұраныс күрт өсетін жаз кезінде уақытша шара ретінде қолдануға болады дейді сарапшылар.

Егер жоғарыдағы мәселелер шешілсе, елімізде битум өндірісі мен оның нарығы тұрақты түрде дамуға бет алады. Қазір елімізде битум өндіретін 4 негізгі компания бар. Олар жыл сайын өндіріс көлемін өсіруге мүдделі. «CaspiBitum» БК» ЖШС өндірісін кеңейтіп, битум өндіруді енді жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін өсіріп отыр. 2026 жылы 4 зауыт жылына 1,45 млн тонна битум өндірмек.

Сан жағынан өсу бар, ал сапа ше? Көлік министрлігінің дерегінше, қазір елде өндірілетін битумның сапасы ГОСТ 33133 және ҚР СТ 1373 стандарттарына сәйкес келеді. Ал бұл стандарттар сапаны бағалаудың халықаралық нормаларына сай.