Мұнай өндіретін елдердің альянсы – ОПЕК+ маусым айында мұнай өндіру көлемін көбейтуді қарастырып отыр.

Bloomberg агенттігінің сауалнамасына жауап берген мұнай трейдерлері мен сарапшыларының 60 пайызы Сауд Аравиясы жетекшілік ететін ОПЕК+ альянсының мүшелері мамырдың 5-не жоспарланған бейнеконференцияда маусым айында тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 400 мың баррельге дейін көбейтуге келісуі мүмкін деп болжап отыр. Бұған дейін альянс елдері мамыр айында аяқ астынан мұнай өндіруді тәулігіне 411 мың баррельге көтерген еді.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл бірінші кезекте мұнай өндіру көлемін арттырып, ішкі ережені бұзған Қазақстан мен Ирак секілді елдерді бағаны күрт арзандату арқылы жөнге салу шарасы болмақ.

Әлем нарығында мұнай бағасы соңғы кездері арзандап жатыр. Қазір Brent маркалы мұнайдың баррелі 61,12, ал WTI маркасылы мұнай баррелі 58 АҚШ долларына саудаланып жатыр.

Бұл шешімді ішкі нарығындағы жанар-жағармайдың бағасын арзандатуды қолға алған АҚШ билігі қолдауы мүмкін. Бұған дейін Дональд Трамп ОПЕК+ мүшелеріне мұнай бағасын арзандату туралы үндеу жолдаған еді. Трамптың Иран мұнайын сатып алған елдерге немесе заңды тұлғаларға қосымша санкция салатыны туралы ескертуін ОПЕК ұйымының осы шешіміне қарымта разылығы болуы да ықтимал.  

Goldman Sachs агенттігінің сарапшылары мұнай нарығындағы қысым сақталса, мамыр айындағы жиында мұнай өндіру көлемі өсетіні туралы ресми түрде жариялануы мүмкін деп болжайды. Бұл өз кезегінде Қазақстан өндіретін мұнайдың бағасы мен көлеміне, сәйкесінше мұнайдан түсетін табысқа, теңгенің бағамына кері әсер етуі ықтимал.