4-маусым елімізде мемлекеттік рәміздер күні ретінде белгіленген. Әнұран, Ту, Елтаңбаға неге арнайы күн белгіленген? Өйткені мемлекеттік рәміздер – елді ерекшелейтін, түпқазығымыз бен танымымызды танытатын төлтаңба. Соған қарап қазақ елі мен оның азаматтарын біледі. Айтулы спорт жарыстарында көк туымыз өзге байрақтардан биік тұрғанда, Әнұран шырқалғанда бәріміз ерекше толқып, жүрегіміз тебіреніп, кеудемізді мақтаныш билейді.
Яғни рәміздер ұлтты ұйыстыратын, біріктіретін күшке ие. Рәміздерімізге құрмет – Отанға деген сүйіспеншіліктің бір көрінісі. Мемлекеттілікті айқындайтын рәміздерге деген құрмет тек сезіммен айшықталып қана қоймай, ережемен де айқындалып, тәртіппен орындалуы керек. Өйткені мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің, егемендігіміздің белгісі.
Мемлекеттік рәміздерді қолдануға арналған арнайы ереже мен стандарттар бар. Яғни Ту, Елтаңба мен Әнұранды кез келген жерде әртүрлі пайдалануға болмайды. Оның тәртібін елімізде геральдикалық зерттеулер орталығы дейтін мемлекеттік мекеме белгілеп, қадағалайды. Осы орталықтың ведомстволық наградаларды сараптау бөлімінің басшысы Әділқайыр Мырзахановтың айтуынша, мәселен мемлекеттік тудың ені мен ұзындығының арақатынасы 1:2 болуы қажет. Яғни ұзындығы 2 метр, ені – 1 метр болуы шарт. Мемлекеттік ту туралы тәртіпте оның түсі, мата түрі, тіпті алтын сәулелі күн мен қыран құстың өлшеміне дейін нақты белгіленген. Сондай-ақ, тудың артқы бетінде де 32 шұғылалы күн, қыран құс пен ұлттық өрнек бейнеленуі керек. Бұл талап елтаңба мен әнұранға да қатысты. Егер олар белгіленген ережеден ауытқыса бұл үшін заңда жауапкершілік белгіленген.
Мемлекеттік рәміздерді кез келген кәсіпорын дайындап сата алмайды. Өндірушілерге де қойылатын арнайы талаптар бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңына сәйкес, мемлекеттік ту мен елтаңбаны өндіру үшін арнайы лицензия алуға міндетті. Лицензияны сауда және интеграция министрінің бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес техникалық реттеу және метрологиялық комитеті береді. Рұқсат құжатқа ие болу үшін ең алдымен өндірушінің өндірістік базасы болуы керек. Арнайы стандарттау туралы құжаттары болуы тиіс. Жыл сайын арнайы аккредиттелген зертханадан өнімдерін сынақтан өткізіп отыруға міндетті.

Мемлекеттік мекемелердің маңдайшасында ілініп тұрған тудың түсі оңып, немесе матасы ескіріп, жыртылса, мекеме басшылығы оны бірден жаңасына ауыстыруға міндетті. Орындамаған жағдайда жауапкершілік арқалайды. Мерзімі өткен рәміздерді арнайы жою тәртібі бар.
Талап жеке азаматтарға да қатысты. Заң рәміздерді орынсыз пайдалануға, қорлауға және арнайы келісімсіз коммерциялық мақсатта қолдануға тыйым салады. Елімізде туды көліктің орындығына қыстырғаны үшін, рәміздерді жарнама өнімдерінде пайдаланғаны үшін азаматтардың айыппұл арқалаған оқиғалар болды. 2022 жылы табиғат аясына демалуға шыққанда туды жерге төсеп, үстіне отырған алматылық тұрғын 138 900 теңге айыппұл төлеген. Мемлекеттік әнұранның қате нұсқасын немесе ырғағы мен айтылу екпіні өзгерген нұсқасын пайдаланған азаматтар да жауапкершілікке тартылды. Яғни мемлекеттік рәміздерге жай ғана шүберек немесе ән сияқты қарауға болмайтынын әр азамат қаперінде ұстауы тиіс. Өйткені рәміздерге деген құрмет – өз еліңе, Отаныңа, қала берді өзіңе деген құрмет.
Мемлекеттік рәміздер туралы қызық деректер
Бастапқыда Ту «Жалау» деп аталған. 1992 жылы қабылданған тудың сол жағындағы өрнектердің түсі қызыл болған, өйткені ол раушан, қызғалдақ гүлдерінің кескіні еді. Кейінірек қызыл түс үйлеспейді деп танылып, гүлдің орнына бәрімізге таныс қошқар мүйіз оюы қойылды.
Көк түс – түркі халқы үшін қасиетті түс. Ол мәңгілікті, бірлікті, тыныштықты және молшылықты білдіреді.
Ең алғаш Олимпиада ойындарында көк туды көтеріп шыққан спортшы – Дәулет Тұрлыханов.


Қазақстан туы ғарышта жерді 150-ден астам мәрте айналып шыққан.
Қазақстанның елтаңбасы геометриялық кескіндемесі жағынан әлемдегі ең күрделі гербтердің бірі саналады. Ол 40 шақты элементтен тұрады.

Әнұранды оң қолдың сол кеудеге қойып айту немесе тыңдау заңмен бекітілген.
