Былтырдан бері Астана қаласының 10 мектебінде және Қостанай облысындағы 10 орта білім ошағында «Әлеуметтік әмиян» цифрлы жүйесі пилотрежимде сынақтан өтіп жатыр. Бұл жүйе әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 5-11 сыныптарда оқитынбалаларына берілетін тегін ыстық тамақтың әділ әрі ашық түрде таратылуын қамтамасыз етуі тиіс. 

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – ата-ана қағаз құжат жинап әуре болмайды. Мемлекеттік деректер базасы автоматты түрде іріктейді. 

«Әлеуметтік әмиян» жүйесінің жұмыс істеу тәртібі

«Әлеуметтік әмиян» – әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына тегін ыстық тамақ беру үдерісін автоматтандыруға және ашық бақылауға арналған цифрлық шешім. Жүйе автоматты түрде ата-анаға баласының тегін тамақтануға құқығы бар екені туралы хабарлама жібереді.

Ата-ана келісімін берген соң, цифрлы тамақтану ваучері әзірленеді. Бұл ваучерді ата-ана eGov mobile қосымшасымен іске қосады. Оқушы мектеп асханасына барғанда QR-код, карта немесе Face ID арқылы өзінің тегін тамақтануға құқығын растап, ыстық ас алады. Осыдан кейін ата-ананың телефонына баласының мектепте тамақтанғаны жөнінде хабарлама келеді.

Жүйеде кері байланыс функциясы да бар. Мәселен ата-ана тамақтың сапасына баға бере алады. Ал айдың соңында автоматты түрде көрсетілген қызмет туралы акт жасалып, қызмет көрсетушіге тек нақты қызметі үшін ақша төленеді.

​Пилоттық мерзімнің нәтижелеріне қарай, жүйені 1–4 сынып оқушыларына да кезең-кезеңмененгізу жоспарланып отыр. Осы арқылы білім беру саласындағы барлық жастағы оқушылар үшін мектепте тамақ беруді бірізді етіп, мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен әділетті болуын қамтамасыз ету көзделген. 

Фото: gov.kz