Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашында үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайған.
Сонымен Мәжіліс мақұлдаған жаңа Салық кодексі мен оған салық салу бойынша ілеспе түзетулердің негізгілері мынандай:
• Қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі – 16%.
• ҚҚС бойынша міндетті тіркеудің шегі – 40 миллион теңгеге дейін ұлғайды.
• Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі енгізіледі: 2026 жылдан 5%, 2027 жылдан – 10%.
• Жалақы бойынша салық: 8 500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10% (жылына 33,5 млн теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15 %;
• Дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5% (1 млрд теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15 %.
• Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығының мөлшерлемесі 25 пайызға дейін өсті.
• Алкоголь, темекі және қыздырылатын темекі өнімдеріне салынатын акциз құны біртіндеп өседі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.