Соңғы уақытта қазақстандықтар карьера жасап, бизнес ашқысы келетін мемлекеттердің қатарына Түркия да енді. Қазақстаннан ол жаққа ІТ-мамандар, кәсіпкерлер мен шығармашылық адамдары барып жатыр. Қазақтардың неліктен Түркияны таңдап жатқаны және олар қандай қиындықтарға кезігетіні жайлы ол жаққа 5 жыл бұрын көшіп кеткен жерлесіміз Мәншүк Жәлел әңгімелеп берді. Мәншүк Қазақстанда ІТ саласында жұмыс істеген. Қазірде ол әлеуметтік желіде Анталиядағы өмір жайлы блог жүргізіп, өзге мемлекет тұрғындарына түрік оқу орындарына қалай түсуге болатыны туралы кеңес береді.

— Мәншүк, сіздіңше, қазақстандықтар неге Түркияға көшіп жатыр? Мұның басты себебі неде?

— Әрбір адамның өз себебі бар. Бір кісілер денсаулығы үшін келеді. Мұнда таза ауа мен экологиялық таза азық жетерлік. Енді бірі сапалы білім алғысы келеді дегендей. Жай ғана өмірін өзгертіп, жаңадан бірдеңе бастағысы келетін жерлестерімді де кездестірдім. Одан бөлек, жұрттың Түркияға қоныс аударуына Қазақстандағы әлдебір тоқыраудың ықпалы барын да байқадым.    

Балаларының қазақстандық мектепте оқытқысы келмейтін көптеген отбасыны да көрдім. Жасы егде тартқан кейбір азамат мемлекетің алдауынан шаршағанын, ондай жағдайдың жалғаса бергенін қаламайтынын айтады. Жастар болса, басқа мемлекеттерде сұранысқа ие білім мен диплом іздеп жүр. Олар аяқтаған бойда жұмысқа тұра алатын оқу орындарын таңдайды. Өкінішке қарай, жастардың дені болашағын Қазақстанмен байланыстырмайды. Одан бөлек елден аналар хабарласып, баласына лайықты оқу орны мен жұмыс тауып беруімді өтінеді. Өйткені, олар баласының әлімжеттік жайлаған қазақстандық әскерге барғанына қарсы. Жаңалықтардан әскерге шақырылғандардың зорлыққа ұшырап, өліп жатқанын бәріміз де оқып, көріп отырмыз ғой.

— Тұрғылықты тұру үшін Түркияны таңдаған қазақстандықтар ол жақта өмірді неден бастауы керек?

— Құжат дайындап, тіл үйренуге ден қойған жөн. Құжатқа қатысты мұнда түрлі кілтипан бар. Солардың негізгісі – неке туралы, туу туралы куәліктердің заңдылығын растайтын белгі соқтырып, паспорттың жарамдылық мерізіміне назар аударып, жақын адамға сенімхат рәсімдеу қажет. Оның сыртында, қоныс аударғыңыз келетін мемлекет, қаланы әбден зерттеп алған жөн. Бұл үлкендердің де, балалардың да барған жеріне тез бейімделуіне септігін тигізеді. 

— Қай қаланы таңдаған дұрыс? Отбасыңыз ұнатқан қала сіздерді несімен қызықтырды?

— Түркия қаншалықты үлкен болғанымен шетелдік азамат үшін таңдау шектеулі. Көптеген қазақстандық теңіз жағасындағы, климаты жылы, қазақ диаспорасы бар, жұмыс табылатын қалада тұрғысы келеді. Сол үшін көбі Анталия, Алания мен Стамбулға барады. Измир мен Бурсаға баратындар да бар. Әрине, қала қандай себеппен көшкеніңізге байланысты таңдалады. Мен Түркияда тұрып жатқан, тіл білетін адамдарға ғана басқа өңір мен қалаға көшу туралы ұсыныс айта аламын.

Қазақстандық мамандарға Түркиядан жұмыс табу қиын ба?

—  Оңай емес. Шетелдік жұмысшыларға жергілікті заң қатал келеді. Әсіресе, ғылым, технология мен қаржы саласында жұмыс істеуге ниет танытқандарға олардың іштері жыли бермейді. Туристік сала мен үй шаруасы бағытында жұмыс табу оңайырақ. Көптеген қазақстандықтар сауда мен жылжымайтын мүлік нарығына ден қойған. Алайда, қаржыгер, дәрігерлерге жұмыс табу қиын. Олардан не азаматтық сұрайды немесе белгілі бір жеңіл деп айтуға келмейтін процедуралардан өтуді талап етеді. Осындай талапқа сай келсеңіз ғана келісім-шарт жасалады.     

Түркияда тұруға мүмкіндік беретін құжатты қалай алуға болады? Оған қанша уақыт кетеді?

– Азаматтықты Түркияда тұруға мүмкіндік беретін құжатқа айырбастаудың қажеті жоқ. Мұндай құжат пәтер жалдағанда және бір жылға медициналық сақтандыру төлегенде беріле береді. Қысқа айтқанда, оған бір айдан үш айға дейін уақыт қажет. Бәрі құжаттың дұрыс толтырылуы мен көші-қон полициясының жұмысының аз-көптігіне байланысты. Соңғы кездері Стамбулдың кей аудандарында туристік құжаттың мерізімін созу және оны алуға қатысты проблема туындаған.    

Тез бейімделу үшін түрік тілін қаншалықты жетік меңгеру керек?

— Қай мемлекетте болмасын, жергілікті тілді қаншалықты жақсы меңгерсеңіз, барған жерге тез бейімделуге болады. Түркияда да солай. Мұнда адамдар ашық-жарқын, мейірімді. Көмектесуге дайын тұрады. Ал егер шетелдік азамат түрікше сөйлеуге талпынса, оларға ерекше құрметпен қарайды. Бұл тұрғыда біз түріктермен қатты ұқсаймыз. Әлбетте, кейбір адамдар сізді алдап, ренжітуі мүмкін. Ондайлар, әсіресе, туристер көп жүретін жерлерде кездеседі. Дегенмен, бірінші кезекте өз-өзіңе ие болып, қайшылықты жағдай туындатпауға тырысу керек. Ал егер мұнда тұрамын десеңіз, онда барар бұрын сол елдің дәстүрі мен мәдениетін мейлінше үйреніп алған артық емес.  

Курортты қалаларға уақытша жұмыс іздеп барған қазақстандықтар қандай қиындық, тәуекелге тап болуы мүмкін?

— Тәуекел қай кезде де болады. Әдетте, мұндай мәселе жұмыс берушіге емес, сол жұмысты істеуге шақырған делдалға қатысты. Көп ретте олар нақты айлық пен жұмыс көлемін жасырады. Сондықтан жұмыс аяқталғанда, жұмысшы келіскен жалақыдан бір жарым есе аз алуы мүмкін. Әрине, мұндай жағдай көңіл қалдырады, тығырыққа тірейді. Сосын ақша қуған делдал жұмыс берушіге қажетті жұмысшы санын көбейтіп әкеледі. Тіпті, кейбір жұмысшы көшеде ақшасыз қаңғып та қалады. Кейде өздері істейтін жұмыс көңілдерінен шықпайды немесе жай ғана ауыр болады. Ал басында келіскенде, ондай болатыны айтылмайды. Сол себепті адамдар жұмысытан бас тартады.

Түркияда шетелдік азаматтар арнайы рұқсатсыз жұмыс істей алмайды. Ондай құжат мезгілдік, уақытша жұмыс үшін де керек. Құжатсыз жұмыс істеп жүргендерді полиция депортация жасайды.

Баспана мәселесі қалай? Пәтер жалдау қиын ба? Кімдердің көмегіне жүгінген жөн?

— Қазірде әлемдегі және Түркияның өзіндегі экономикалық қиын ахуалға байланысты баспана айтарлықтай қымбаттады. Әсіресе, ірі қалаларда. Мысалы, Анталияда баға екі-үш есе өскен. Жалпы, пәтер жалдау қиын емес. Негізі риэлторлар қыметіне сүйенеді. Жарнама берген үй иелері сирек кездеседі. Есесіне, риэлторлардың офисі жетерлік. Көбі тез түсінісу үшін қазақша немесе орысша сөйлейтін риэлторларға хабарласады. Бірақ олар да түрік әріптестерімен бірігіп жұмыс істейді. Сол себепті пәтер жалдарда бірқатар жайтты ескерген жөн:

Бірінші кезекте жалға алу туралы келісім-шарт жасалуы керек. Пәтерді кем дегенде бір жылға жалға алған тиімді. Кейін оны тағы бес жылға ұзартуға болады. Көп ретте жалдаушыдан бір айлық жал құнына тең депозит алынады. Яғни, жалға алу құны айына 4000 лира болса, онда сізден депозит ретінде тағы да осындай бір немесе екі айлық жалдау құнын сұрайды. Оған риэлтор қызметін қосыңыз. Ақырында, пәтер жалдау үшін 12000 мың лира төлеуге тура келеді.

Ұзақ мерізімге жалға алғанда пәтер иелері коммуналдық қызмет келісім-шартын тіркеуі тиіс. Бұл жерде де депозит сұрайды. Келісім-шарт мерізімінен бұрын бұзылса, онда айыппұл алынады. 

Қорыта келгенде, Түркияда өмір сүрудің қандай негізгі артықшылығы мен кемшілігі бар?

— Мұнда тұрып жатқаныма 5 жыл болды. Осы аралықта Түркияның бар артықшылығы мен кемшілігін қабылдап үлгердім. Бейімделдім. Жақсы көрші, жолдастарымыз бен жұмысымыз бар. Еш жатырқамайтын туыстарымыз да жанымызда. Қонаққа келіп тұрады. Шамасы, бұл жақтағы басты артықшылық – стресс аз. Көзге көріне бермесе де, жылышырай танытатын полицияға да разымын. Оның сыртында, бұл жақта балғын, жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөніс көп. Кемшілік ретінде бензин мен коммуналдық қызметтің қымбаттығын айтар едім. Сосын, қазақтың тойын сағындым. Маған сондай абыр-сабыр жетіспейді.  

Бота Машақова,

Biz.kz