«Ең әдем киім – өз ұлтыңның киімі»
Байқасаңыз, қазақ қашаннан сыйлы қонағына шапан жабады. Құрметтеудің ең биік шыңы саналатын бұл игі дәстүрдің бүгінге дейін жалғасып келетіні қуантады, әрине. «Ең әдем киім – өз ұлтыңның киімі», – деген сөз бар. Расымен де, көздің жауһарын алатын, қазақтың ұлттық киімдері бүгінде, біз өмір сүріп жатқан XXI ғасырда қайта жаңарып, жаңғырып, жаңаша стильде сәнге еніп жатқаны көңілге медеу. Тағы бір қуантарлығы, ұлттық брендті танытып жүрген қазақтың қарагөз қыздары. Бүгін Biz.kz сайты сіздерді сондай ұлты үшін аянбай еңбек етіп жүрген, танымал дизайнер, қазақ брендінің негізін қалаушы Фарида Бердіқанқызымен таныстырады.
Шет елде көп жүретін болғандықтан өз елімнің салт-дәстүрін, әдемі табиғатын эксклюзив киімдер арқылы таныстырғым келеді
Киелі Маңғыстаудың тумасы Фарида Бердіқанқызы он саусағынан өнер тамған шебер. Біле білгенге шебер болу әсте оңай шаруа емес. Түн ұйқыңды төрт бөліп, көз майыңды тауысып отырып, әр оюды кестелеу, әр пішінді қисынын келтіре отырып өрнектеу, әр жіптің тігісін жатқыза тігу, ал ең бастысы – қиялыңдағы дүниені қағаз бетіне, оны кейін матаға түсіріп, шедевр дайындап шығу – ол нағыз еңбектің еңбегі. Қолының қиюы, ине-жіпке икемі мен ебі бар, жаны шығармашылыққа құмар Фарида Бердіқанқызының бойына бұл өнер Алладан берілген сый. Себебі, бала кезінен қуыршақпен емес, ине-жіппен ойнап, қайшымен дос болып, құрақ құрап, түрлі маталардан қуыршағына киім тігетін сол бала Фарида, бүгінде түрлі-түрлі экслюзивті қазақ киімдерін тек Қазақстанда ғана емес, шет елде паш етіп жүр. Ол жайлы кейінірек тоқталамыз.
Танымал шебер Фарида Бердіқанқызы: «Кішкентай кезімнен бастап нағашы әжемнің қасында отырып инесін сабақтап беріп, тігін тігуді үйрендім. Әпкелерім болса, өрмек құрып, киіз үйге керекті бауларды тоқитын. Киіз басатын. Бойыма біткен ерекше асыл қасиетпен қатар, осы үйдегі тәрбие де қолөнерге жақын болуыма себепші болған шығар», – деп балалық шақтағы естелігін бөлісті.
Ою-өрнектер арғы ата-бабаларымыздың тарихынан алынады
Шеберлер үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бір ғана көйлекті тігіп шығу үшін, олар қаншама ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер өткізеді десеңізші?! Фарида Бердіқанқызының айтуынша, эксклюзив матаны кестелеу үшін 1 ай уақыт кетеді. Міне, нағыз шыдамдылық, табандылық, сабырлық, ерлік пен еңбек деп осыны айт. Тігіншіліктің тізгінін ұстап жүрген, шебер қолдың иесі ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын туындыларды шығарғанды жаным қалайды дейді. Ол көбіне өзіне ойдан шығарып әшекейлер мен ұлттық киімдер тігіп алады.
«Бірде әдемі белбеу қымбат тастармен кестелеп тігіп, тойға тағып барғанмын, содан кейін әншілер ұсыныс жасап, тарсырыс бере бастады. Киімдерімнің үлгісін өзім ойластырып тігіншіге тіктіремін, өзім моншақпен кестелеп, қайталанбайтын эксклюзив киімдер шығарамын. Өзім киіп жүріп, содан кейін тапсырыс ала бастадым. Қазіргі кезде мен эксклюзив, қайталанбайтын туындылар жасауды қолға алдым. Шет елдегі шеберлермен ортақ жұмыс жасаймыз. Маталарды кестелетіп, боятамын. Ерекше дизайн бойынша тапсырыспен ою-өрнек салдыртамын», – деп өткен жылы естелігін бөлісті шебер.
Ол тігетін киімнің барлығы дерлік ою-өрнекпен көмкерілген. Оюлар ата-бабаларымыздың тарихынан алынады.
Ұлттық киімдердің дені әжелерімізден қалған мұра бізкесте стилінде тігіледі
Жалпы тігіншілік тектен-тек жүрген адамға берілетін өнер емес. Текті өнер дерсің. Себебі, ол тепе-теңдікті, дәлдікті қажет етеді. Тұнып тұрған математика. Әр қимылың, сантиметрді былай қойғанда, миллиметрден мүлт кетпеуің керек. Сондықтан болса керек, қазақта «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер», «Болат біз қап түбінде қалмас», «Жеңгесі шебердің жеңі тозбайды» деген керемет сөздер бар.
Бақыттың кілті-еңбекте деп білетін қазақтың ұлттық киімін насихаттап жүрген шебер-дизайнер Фарида Бердіқанқызы ата-әже көзін көрген, әке-шешесі қазақи тәрбие берген, салт пен ғұрыпты қатты сақтайтын, ардан аттамайтын, жақсыны жақтайтын, маңғаз Маңғыстаудың түлегі болғаннан соң да екі қолды қусырып бос отырғанды жақтырмайды. «Еңбек, еңбек бәрін жеңбек» деген ұранды ұстанады. Өзі шет елде көп жүретін болғандықтан, елінің салт-дәстүрін, әдемі табиғатын осы өзі тіккен эксклюзив киімдер арқылы таныстырып, насихаттағысы келеді.
Ұлттық бұйымға қызығушылық та, сұраныс та жоғары
Бүгінде заман басқа, адам басқа. Десе де, ұлттық киімге деген сұраныс еш төмендемеген. Алайда, уақыт өткен сайын заман көшімен ілесе, ұлттық қазақи бренд те жаңғырды. Қазір көбіне жастар ыңғайлы, күнделікті киюге арналған киімдерді ұлттық нақышта тіктіргенді жақсы көреді. Сондықтан, талапқа сай бізде көңілден шығуға тырысамыз. Барлық заттарды онлайн сатамыз. Болашақта жеке бутик ашу жоспарымызда бар, – дейді шебер. Айтпақшы, дизайнер Фарида Бердіқанқызы үнемі шет елдегі көрмелерде Қазақстан атын шығарып, ұлттық брендімізді өзгелерге насихаттап, таныстырып жүр. Ол еңбегі үшін Стамбул, Милан, Дубай қалаларында өткен көрмелерде жүлделі дипломмен марапатталған.
Қазақтың киімінен қазақтың иісі аңқып тұрады
Осы мақалаға арқау еткен еңбекқор, танымал шебер Фарида Бердіқанқызымен сұхбатымыз емін-жарқын, ашық нотада өрбіді. Осындай он саусағынан өнер тамған шеберлердің ұлттық нақыштағы мақтанышымызды насихаттап жүргенін көргенде, іштей тамсанасың, риза боласың. Мұндай ұлттық киімді киген қазақ қызынан қазақтың иісі аңқып тұратыны сөзсіз. Ал, қазақтың иісі бар қыздың әлбетте ерсі болуға хақысы жоқ. Ол автоматты түрде инабатты, ибалы, әдепті, сыпайы, мәдениетті болады. Ендеше, құрметті шеберлер, күллі бір ұлтты, ұлттың анасын осы киім арқылы тәрбиелеуде ат салысып жатқан ерен еңбектеріңізге біз де редакция атынан алғыс айтамыз. Көз майларыңызды тауысып тіккен әрбір туындыларыңыз қазақ қызының көркі мен ажарын одан әрі аша түссін!