Төл тарих тәуелсіз Қазақстан атты мемлекеттің қазіргі әлем картасынан өз орнын табу жолында саналы ғұмырын сарп еткен талай тау тұлғаны біледі. Ұлттың, жұрттың болашағы үшін басын бәйгеге тіккен ондай асыл азаматқа бағаны да, батаны да халық берген. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта шаршы топта сөз бастап, қажет кезде атажауға қарсы қол бастаған Әлмерек Жаншықұлы сол санаулы бабамыздың бірі.
Қайраткер
Әлмерек Жаншықұлы 1658 жылы қазіргі Әулиеата өңірінде дүниеге келген. Ұлы жүз, Албан руынан шыққан батыр, дана, әулие, аузы дуалы батагөй, ел басқару ісіне араласқан қайраткер. Өкінішке қарай, Тәуке хан билік құрған кезеңде өмір сүріп, жаугершілік заманда жоңғарлармен соғысып, еліне, жеріне қорған болған Әлмерек Жаншықұлының аты көп айтыла бермейді. Тарихи тұлғасы толық зерттелмеген. Алғаш рет батырдың есімі Жолдасбай Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» романында, Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» деген аяқталмаған поэмасында айтылған.
2019 жылы бабаның 360 жылдығына орай «Ұлы дала тұлғалары. Тарихи сабақтастық» атты конференция өтті. Айтулы жиынға келген Әлмерек бабаның ұрпақтары абыздың ұлағатты өмірі мен кіндігінен тараған ұрпақтарына қатысты тың деректермен бөлісті. Бүгінде ел әулие атаған Әлмерек бабаның даңқты ғұмырын баяндаған бірнеше кітап жазылған. Дегенмен тарихшылар батырдың тұлғасы әлі де зерттеуді қажет екенін айтады.
Әлмерек батырлығынан бөлек шаруаның да қыр-сырын меңгерген кісі болған. Ол соғыстан тұралаған ел тұрмысын түзеу үшін жұрт арасында егіншілікпен айналысуды насихаттайды. Тәуке хан отырықшылыққа көшу идеясын қолдағасын, Әлмерек баба еліне мал қамайтын қора-жай салуды үйретіп, сұлбасы қазірге дейін сақталған «Әлмерек тоғанын» өзі бас болып қаздырады. Қала, кент тұрғызуға атсалысады. Іле бойында егіс алқаптары мен суармалы шабындықтар сол жылдары көп салынғанын әлмеректанушы Ораз Қауғабай зерттеулерінде келтіреді.
Әлмерек баба 1754 жылы қазіргі Алматы облысы маңайында қайтыс болған. 2001 жылы Талғар ауданында батыр, абыз бабамыздың басына кесене тұрғызылды. Баурайында кесене, қорым, бұлағы бар, яғни, тұтас тарихи-мәдени кешен аумағы және оның айналасы «Әлмерек жазығы» деп аталады.
Батыр
«Әлмеректің білетін қасиетін Төле би кезінде оған бас иетін» – деген халық арасында айтылатын осы екі ауыз жолдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Төле биден бес жас үлкендігі бар Әлмерек Төле бимен бірге Хан кеңесіне қатысып тұрған. Үш жүзден жиылған 41 бидің қатысуымен қазақ хандығы билігін нығайту үшін көшпелі ұлттың заңы деп жарияланған «Жеті жарғының» жасалуына да Әлмерек баба атсалысқан. Хан шақыруымен жөн-жоралғы, салт-сананы білетін мықты кісілер келген келелі кеңеске баруына қарап, Әлмерек бабаның қоғамдағы салмағын шамалауға болады. Жалпы бұл кісі қазақтың үш биімен де таныс болған. Олармен сөйлесіп, қажетінде ақылдасып тұрған.
«Әлмерек» мәдени-тарихи қоғамдық қорының директоры, Әлмерек бабаның он бірінші ұрпағы Ысқақ Нұрмұхамедов: «Бабамыз көзі тірісінде абыз атанып, ел құрметіне бөленген. Бүкіл ауыл тыңдайтын, аузы дуалы дана қарияны қазақ абыз деп атаған. Мәселен, ұлы жүздің Албан руында екі абыз бар. Оның бірі Шоған болса, екіншісі Әлмерек.
Әлмерек баба ел ішінде алдымен батырлығымен танылған. Арнайы археологиялық қазба жұмыстары кезінде оның сүйегі табылған. Екі метрге жуықтайтын бойына қарап-ақ бабаның алып кісі болғанын түсінеміз. Тектіден текті туатыны заңдылық. Абыздың арғы атасы Бәйдібек би.
Ал, биыл Әлмерек атаның туғанына 364 жыл толды. Туып-өскен жері оңтүстікке таяу. Бірақ жоңғарлармен шайқас жүріп жатқанда ол Жетісудың шығысына қарай көшкен екен. Бабаның батыр атануы жоңғарлармен шайқаста анықталған. 1683 жылы Қарадаладағы шайқаста жасы жиырмадан енді асқан Әлмерек батыр қол бастап, жоңғардың түменбасы Шонжы батырдың басын алған. Содан бастап батырдың аты елге танылады.
Қарадала – Әлмерек
Қоғам белсенділерінің Алматы облысы, Ұйғыр ауданының атауын Қарадала немесе Шарын, ал аудан орталығын Әлмерек деп өзгертуді ұсынып келе жатқанына бірталай уақыт болды. Әсіресе, соңғы жылдары бұл жайт баспасөз бен әлеуметтік желіде жиі айтылып, қызу талқыланып жүр. Тіпті, жуырда жұрт аталған аудан атын ауыстыруды талап етіп, арнайы петиция жариялады. Мәселе парламент қабырғасында да көтерілді…
Жоғарыда айтылғандай, Шонжы (Шын есімі – Шоңжы) ХVII ғасырда қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар батырының аты. Ал енді өз жерінде бейбіт отырған қазақтың ұлын – құл, қызын – күң етпек болған жаудың арам пиғылына қарсы тұрып, елін жаудан қорғап, жекпе-жекте басқыншының басын алған батыр – Әлмерек.
Шонжы, Қаскелең, Шамалған деген сияқты батырлардан бөлек Қазақстанның бірнеше жерінде «Қалмақ қырылған» деген жер атаулары да бар. Кейбір тарихшы-зерттеушілердің пікірінше, қазақ жоңғар батырларының атына жер-су атауын «талай қаскөйдің басын алғанбыз» деген мағынада, жауға сес көрсету үшін берген.
Әлқисса, Шонжы атауы жер иесі қазақты былай қойғанда, бауырлас ұйғыр халқына да еш қатысы жоқ. Ендеше, тарихи әділдік орнатып, аудан атауын қазақшалап, оның орталығын елі үшін өмірін бәске тіккен, жерді ата жаудан азат еткен Әлмерек баба атымен атауға не кедергі? Міне, өкінішке қарай, осындай заңды сұрақтың әлі күнге жауабы табылмай тұр.
Ел ісі
Жасы қырыққа таяғанда Албан руында би болған Сүйіндік қарт (атасы) билікті Әлмерекке тапсырады. Осыдан кейін Әлмерек батыр соғыс өнерін қойып, елге бас болады. Бұл кісінің орнына аты аңызға айналған Райымбек батырдың атасы, серігі, жолдасы болған Хангелді батыр қолбасшы болып сайланады. Содан өмірінің соңына дейін абыз ел билеу ісінде жүрген.
Әлмерек атаның сегіз ұлы болған. 20 ғасырдың басында орыстың отаршыл саясатына қарсыласқан Ұзақ батыр Саурықұлы, оның әкесі Саурық, Әубәкір батыр, одан ертеректегі Тазабек батыр, Тазабектің әкесі Пұсырман би, күйші Қожеке Назарұлы, академик Карл Байпақов – барлығы Әлмерек әулиеден тараған ұрпақ. Бұлардан бөлек бабаның аты аталмаған батыр, би, ғалым, үлкен кәсіп көтерген, қоғамға еңбегі сіңген талай қайраткер ұрпағы бар.
Абыздың үлкен ұлы Жәнібектен тараған бесінші ұрпағы Тазабек азаттық үшін күрескен. Патшалық Ресейге қарсыласып, болмаған соң қарамағындағы ағайынын бастап, Қытайға көшуге мәжбүр болады. Ақыры 19 ғасырдың аяғында орыс әскерлерінің қолынан қаза табады. Тазабектің есімі тарихта аталмайтынын, зерттелмегенін жазушы ағамыз Бексұлтан Нұржекеев қынжыла айтып жүр.
Батагөй
Әлмерек бабаның батагөйлігі көп айтылады. Батаны беру бар, бірақ бәрінің батасы тегіс орындала бермейтіні бесенеден белгілі. Алланың көзі түскен, қалауы түскен аузы дуалы қарияның берген батасы орындалған. Ежелден келе жатқан дәстүрге сай майданда жекпе-жекке шығарда жауынгер үлкен кісіден бата алған. Хангелді батырдан 4 жас қана үлкен болса да, Хангелді жекпе-жекке шығарда Әлмеректен келіп бата сұраған деседі. Райымбек батырға, Жауғашар, Байсейіт батырға бата берген. Ол кез Тәуке ханның заманы, жаугершілік кезең, сай-саланың арасымен жүріп, кәдімгі әскери тактиканы қолданып, басқа батырлармен бірге қазақ жерін қорғаған. Көріпкелдік, аян алатыны, болжайтын әулиелік қасиеті болған. Құранды жете меңгерген деп айтылады. Қазба жұмыстары жүргізілгенде осы жерден атаның Құраны шыққан. Тозған, сыз жерде жатып, жазуы көшіп, оқуға келмейтіндіктен, қайта көміліпті.
Аңыз бойынша Әлмерек бабаның екі иығында отыратын екі арыстаны болған екен. Жекпе-жекке шыққанда қарсыласына сонысымен сес көрсетіп, жеңген дейді. Әлмеректің көрген түсі айдай келетін қасиеті болған. Бір жылы өз халқына жоңғар шабатынын, тағы бір жолы найман еліне жау шабатынын түсінде көріп, ескертеді.
Кесене
«Дінмұхаммед Ахметұлын бала кезінде атасы қазіргі баба кесенесі тұрған жерге ертіп әкеліп, «Бұл жерде Әлмерек деген үлкен әулие атаң жатыр. Сен осы жерді ұмытпа» деп көрсетіп кеткен екен. Ол кезде қазіргі Қапшағай көлі жоқ. Іле өзенінің үстінен өтетін көпір осы маңға жақын болған. Әрі-бері жол жүргенде Димаш Қонаевтың атасы аялдап, Әлмеректің басына Құран оқып тұрған. Көз көргендердің айтуынша, 1990 жылдардың басында Қонаев осы өңірдегі журналист, жазушы және басқа да мәдениет саласының өкілдерін шақырып алып, «Мына жерде аталарың жатыр» деп көрсетіп, аманаттаған екен. Соның негізінде 1998 жылы «Әлмерек тарихи-мәдени қоғамдық қоры» құрылды. Қорды ең алғаш академик Нұрғали Мамыров басқарған. Ескі қорымда қазба жұмыстарын да сол кісі ұйымдастырған. Академик Карл Байпақов бастаған археологтар осы аумақты қазып, тексеріп, бабаның жатқан жерін анықтап, кесенені тұрғызады. Бір жылдары қордың атқарушы директоры болған Рауан Әріпов кешенге кіретін үйді, басқа нысандарды тұрғызуға күш салып, көп еңбек сіңірген.
Тылсым
Баба атындағы қор директоры Ысқақ Нұрмұхамедов былай дейді: «Бірде кесенеге бір топ жас дәрігер қыз бала зиярат ете келді. Олар су құйынатын бұлақтың басына барып, айналасын қоршап, төбесін жауып қойған қалқаның ішіне кірмекке дайындалғанда, бір қыз «бұл жер лас, антисанитария, мен су құйынбаймын» деп сыртта қалады. Ол өзі оңаша тұрғанда қасына қолында найзасы бар, атын жетелеген жауынгер үлкен кісі таянған көрінді. Судың арғы бетінде жирен жылқылар жайылып жүріпті. Зәресі ұшып, қорыққан жас қыз құрбыларына қарай тұра жүгіріпті. Бірнеше күннен кейін шырақшы отыратын жерге қайта келген қыз кешеннің директоры Ысқақ мырзаға көзіне көрінген жайтты баяндап беріпті. Директор одан «көрген адамның келбеті есіңде ме?» деп сұраған. Жас бала «иә, есімде» деп жауап беріпті. «Сосын оны ертіп әкеп, Әлмерек абыздың Төлен деген суретші салған ең дұрыс деп қабылданған портретін көрсетіп, «тура осы суреттегідей ме?» десе, қыздың есі шығып, «тура осы кісіні көрдім» депті. Міне, тылсым. Бәлкім қасиетті жерге келіп, әулиенің қасиетіне сенбеген қызға осы кереметті көрсетіп, ескерту жасаған шығар…
«Дертіне шипа іздегендер еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті Татарстаннан, Башқұртстаннан, Сібірден келгендер болды. Карантин кезінде біраз тыйылды. Қаншама адам сауығып кетіп жатыр. Онкологиядан жазылған кісі бар. Бала сүйе алмай жүрген, үй ала алмай жүрген, жұмыссыз адамдар осында келіп, Алладан тілеу тілейді. Тарихи кешен мемлекет қарауына өтсе деген тілегіміз бар, жартылай мемлекеттік нысан болып жұмысын жалғастыра береді. Келушілер көп. Мысалы, бүгін жұмыс күні болғанымен, 400-500 зияратшы келді, шамамен», – дейді ол.
Әлмерек бабаның әулетіне келін боп келетін Әбдіхалыққызы Ләззат апамен де сөйлесудің сәті түсті. Ол кісі кесенеге жақын жерде, қырдың басындағы үйде тұрады екен. Үйінің маңайына бақша салып, ағаш еккен шаруақор жандар. «Басқа жақта тұратын едік, бір жылдары бала-шағам жан-жаққа шашырап кетті. Алладан келген белгі, сынақ деп түсіндім. Бір күні түс көрдім. Түсімде жүгімді артып көшіп келе жатыр екенбіз. Дәл осы бабаның кесенесіне таяу жерден трактормен өтіп бара жатсам, 3 тырмам түсіп қалды. Түскен тырмаларды қайта тракторға басып алып әрі қарай кетіп қалдым. Сол түсті көргесін осы жерге келіп, әруаққа арнап қой сойдық. Сұрастырсақ, үшінші бастаудың басында отырған кісі жұмыстан босап, кетіп жатыр екен. Соны алмастырып, бұл үйге 2005 жылы кірдік. Шалым осында он жеті жыл жұмыс істеді.
Осында тұрғалы әулиеден медет іздеп келген талай бейбақты көрдім. Бала көтере алмай жаны әбден қысылған бір келіншек келіп тілеу тілеп жүріп, егіз балалы болды. Сонау Ақтаудан бір кәсіпкер жігіт келген. Жұмысына барса, аяқ-қолы жансызданып қалады екен. Біреу «Райымбек батырдың басына бар» деген кеңес беріпті. Соны естіп Алматыға келсе, ол жерде бір кісі «алдымен Әлмерек атаға зиярат қыл» депті. Сөйтіп осында келіпті. Кейін құлан таза жазылып, қызметіне оралды. Тағдырдың теперішін көріп, жағдайы тығырыққа тірілген тағы бір келіншек осында келіп, тәу етіп, тілеу тілеп жүрді. Қазір ол да оңалды. Жалпы, Әлмерек атаның қасиетіне талай куә болдық қой. Өзіме де шапағаты тиді. Осында отырғалы балаларым мен немерелерімнің барлығы өмірде өз орнын тапты», – деді апа.
Басына іс түскен, күрмеуін шеше алмаған кісі әулиенің басына зиярат жасап, тәңірден тілек тілеу сан ғасыр қалыптасқан дәстүрлі ата дінімізде бар салт.
Рухани темірқазығымызға айналған Әлмерек абызға арналған кесене Алматыдан 30 шақырым жерде, Талғар ауданы Покровка елді-мекенінде тұрғызылған. Көк күмбезі алыстан көрінетін әулиелі жер ағашы көп, жап-жасыл болып жадырап жатқан жазық дала. Кесене биіктеу жерде. Оған жету үшін өзен үстіндегі көпірден өтіп, келушілерге қолайлы етіп темірден төселген сатымен көтерілесің. Ені бес метрдей Үлкен Алматы өзенінің жалғасы саналатын өзен арнасы иір-қиыр жазуға айналып кететіндей. Баба басына зияраттай келген кісілердің сөзінше, ол арабша «Алла» деген жазуға ұқсайды екен. Байқаған адамға ол да бір Құдырет.
Шапағат пен шипа
Әлмерек атаның басына тұрғызылған кесененің ар жағында қорым көрінеді. Онда атаның ұрпақтары мен туыстық және басқа да жақындығы бар кісілер жерленген. Бергі жағында шырақшылар тұратын, зияратшылар мейман боп кіретін үлкен үй тұрғызылған. Одан ары өздігінен жерді жарып шыққан бес қасиетті бұлақ бар. Әр бұлақ өзіндік қасиетке ие: ең бірінші орналасқан бұлақ суының құрамында ауыр металл жоқ. Есесіне, күміс көп. Сонысымен небір дертке дауа екен. Келесі бұлақтың құрамында магнит басым болғандықтан, қйынған адамның бойындағы ауыртпалықты сылып алады екен. Әдетте, келушілер ол бұлақтан 3 немесе 7 шелек су құйынады. Бұлардан бөлек келесі бұлақ суы көз ауруына дауа көрінеді. Міне, осылайша, әр бұлақ суының белгілі бір шипалық қасиеті бар.
Бұлақтардың ортасында жуандығы кісі құшағына сыймайтын биік те бұталы келіншекталдың жер бетіне шығып жатқан тамырларын баспаған дұрыс деп жатады ел. Ағаштың саясындағы отырғышта зияратшылар тілеу тілеп отырады. Бұлақтың мұздай әрі мөлдір суы қайнағандай көтеріліп, көпіршіктеніп жатады. Бұлақ суының көпіршуі ниеттеніп, қол жайған кісінің тілеуі қабыл болғанының белгісі деген де сенім бар.
Қай күні барсаң да, Әлмерек бабаның басына келушілердің аяғы үзілмейді. Қазақ тарихында өзіндік орны бар, қайраткерлігі мен ілімі әлі де болса, толық ашыла қоймаған Әлмерек бабаның тұлғасы зерттеуді қажет етеді.
Бану Оңдасынова,
Biz.kz