Депрессияны қазақша түсіндірсек, үмітсіздік, сенім жарығының сөнуі. Қорқыныш. Жалғыздық. Шарасыздық. Арамыздағы адамдардың кейбірі қараңғы, суық тұңғиықта жалғызсырайды. Оның жағдайын тіпті қасында жүріп сезбеуіміз мүмкін. Депрессияға түскен адамдардың кейбірі тіпті жұмысын істеп, елмен араласып, сөйлеседі. Бірақ іштей ештеңеге қуанбайды, сыртқа сыр алдырмайды. Күйзеліске көбіне үлкенді-кішілі қалада, мегаполисте тұратындар шалдығады екен. Көпқабатты үйлер, көлік ағыны көп, шу, жарық, түтін мен газ иісі ауаға көп тараған қала тұрғындарында невроз, депрессия жиі кездесетін көрінеді. Әдетте, «тәжірибелі» қалалықтар тауға, табиғат аясына шығып, саяжайға барып, бұл тығырықтан шығудың амалын іздеуге тырысады. Ал Сіз депрессиядан шығудың қандай амалын білесіз?

Миллиардтар шалдыққан дерт

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетіндегі адамдардың 20 пайызы өмірінде бір рет болса да, депрессия күйін кешеді екен. Ал ондай жаны қиналғандардың 75 проценті мамандарға барып емделмейді. Ұйымның соңғы дерегіне сүйенсек, адамзаттың 3,8 проценті (жарты миллиардқа жуық адам) депрессияға шалдыққан. Оның ішінде, ересек адамдардың 5 проценті, жасы 60-тан асқандардың 5,7 проценті депрессияда. Ал олардың арасында ер адамдарға қарағанда, әйелдердің саны 2 есе көп.

Жалпы, бұл дерт ежелден бар. Бұл туралы көне грек ақыны Гомердің «Илиадасында», Демокриттің, Пифагордың шығармаларында да айтылған. Біздің жыл санауымызға дейін IV-V ғасырда өмір сүрген Гиппократ депрессияның бір формасы – «меланхолия» атауын еңбектерінде қолданған. Дәрігерлердің атасы оны тіпті «бір жағдайдың әсерінен болған» және «себепсіз туындаған» дерт деп жіктеген.

Ал ғылымда «депрессия» ұғымы XIX ғасырда пайда болды. Дамыған елдерде ХХ ғасырдың ортасында көп айтыла бастады. Сол кездері: «20-30 жылдан соң депрессияға әлемде 1,5 миллиард адам шалдығады» деген болжам жасалған. Ендеше, қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық проблемаға айналған  аурудың туындау себебі, сипаты мен одан шығу жолдары туралы ғылым мен сарапшылар пікіріне тоқталсақ.

Постиндустриалды қоғам және депрессия

Біраз жыл бұрын адамның  ашу-ызасы, өкініші, қайғы-мұңы, қуанышы, марқаюы сынды көңіл күйін білдіретін «эмоция» сөзі қолданысқа жаппай енбеген еді. Соңғы жылдары эмоция деген сөзді, «эмоцияға беріліп», «эмоциясын көрсете алмай», «эмоциясын басқару» деген тіркестерді интернет, ақпарат құралдарында, тіпті адамдардың әңгімесінде жиі еститін болдық. Эмоцияның не екенін алғаш түсінгенде, біздің халықта эмоция болмаған ба, неге бұрын бұл сөз айтылмайтын деп ойлағам. Сөйтсем, эмоция да, депрессия да постиндустриалды қоғамда өзектілігі артатын ұғым екен.

Өз арамызда жүрген адамдардың «депрессияда жүрмін» деп айта бастағаны 2000 жылдардан бері шығар. Бәлкім, одан сәл ертерек. «Себепсіз шаршап жүремін, басым зілдей, жүйесіз, шашыраңқы ойлар қаумалап, денем әлсіреп, төсектен тұрмай жата бергім келеді. Жалғызсыраймын» дейді көбіне депрессияда жүрген адам. Адамның ішкі дүниесіндегі күй болғасын, бірден байқалмайды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болды. Тапшылық, жұмыссыздық белең алып, халық кедейленді. Тойып тамақ ішіп, бүтін киім киюдің өзі оңай болмады. Халықтың көбі білім, өнер іздеп, сән түзеп, көңіл көтеруге, рухани ахуалын ойлауға шамасы болмады. Одан бері талай жыл өтіп, заман өзгеріп, еліміздің жағдайы түзеле бастады. Зейнетақы, түрлі әлеуметтік төлемдер тұрақты төленіп, қызметтегілердің айлығы көбейді. Салыстырмалы түрде, бүгінде халықтың тұрмысы түзелген. Белгілі бір деңгейде тыныш заманда, тоқшылықта күн кешіп жаткан халқымыз өмірінің сапасын көтеріп, өзін танып, жандүниесіндегі құбылыстарға үңіліп қарай бастады. Психологтарға деген сұраныс та артты.

Аграрлы формацияда ауыл шаруашылығына басымдық жасалып, халықтың көбі мал бағып, жер жыртып диқаншылықпен айналысса, индустриалды қоғамда шаруа қожалығы, қала құрылысы, зауыт, фабрикалардың жұмысы қызды. Содан кейін постиндустриалды деп аталатын қазіргі қоғам орнады. Постиндустриалды қоғамда экономикада инновациялық секторға басымдық беріледі. Жоғары деңгейлі өндіріс, білім индустриясының дәурені орнап, халқының басым бөлігі қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Өндіріс механизацияланып, автоматтандырылып, адам еңбегінің үлесі азайды. Жұмысшылардың көбі кеңсе қызметкерлері болып шыға келді.

Адами капитал үшін: білім деңгейі, кәсіби білік, үйренуге бейін, шығармашыл, жасампаз, тұлғалық қасиеттер маңызды. Тұлғаның интеллектісіне, эмоционалды интеллектісіне ерекше көңіл бөлінеді. Сәйкесінше, бір қарағанда, артықшылық болып көрінетін осындай қызу бәсекелестік салдарынан эмоциялық қысым көбейеді.

Депрессия әлсіздік емес, психологиялық ахуал

Көп жылдық тәжірибесі бар практик-психолог, психосоматика маманы Светлана Емельянова депрессияның себеп-салдары туралы былай деді: «Депрессияның себептері – адамның балалық шағындағы түрлі психологиялық жарақаты, анасының үнемі тұнжырап жүруі; сыныптастарымен, достарымен тіл табыса алмай, жалғызсырауы. Адам болмысының ерекшелігі: сезімталдық, жанының нәзіктігі. Ересек адамды сәтсіздіктер, жалғызсырау, жұмыссыздық, жауапсыз махаббат, ажырасу, өзге жағдайдан туған стресс қысады. Адамға адам керек. Жанашыр, қолдайтын ешкімі жоқ адам көп жағдайда депрессияға түседі. Қоғамға сай болмау, қоғамға сіңе алмаудан адам жалғызсырайды. Депрессиядағы адам өзін өзгелерден кем, нашар санайды. Олар үшін әлем қап-қараңғы тас-түнек болып кетеді. Өзі де, өзгелер де біртүрлі болып көрінеді. Тұнжырап, өмірден түңіледі. Тәбеті нашарлап немесе тым ашылып кетеді. Ұйқысы бұзылады. Адамның мінезі өзгереді: ашушаң, ренжігіш, ортаға қосылмау байқалады.

Светлана Емельянова

Неліктен депрессия біздің заманның ауыр дертіне айналды? Өйткені, алдыңғы буынның заманы басқа, соған сай қоғамы мен міндеттері болған. ХХ ғасырда посткеңестік елдер қаншама нәубетті бастан кешті: төңкеріс, соғыс, аштық, күшпен қоныс аудару. Алпарыста жан бағып, бала-шаға асырау оңайға соқпады. Сол заманнан бері адамның өз әлсіздігін көрсетуі ұят саналған. Ал қазіргі депрессияның жөні бөлек. Бүгінде бұл ақпараты мен адамы, шуы көп қоғамның, үлкен қала тұрғынының әлсіздігі емес, психологиялық күйі екені мойындалды.

Дисморфофобия деген ұғым бар. Яғни, адам өзінің сыртқы келбетін, кескінін, бет пішінін ұнатпайды. Қысылады, ұялады. Өздігінен қуыстанады. Қазір интернет, әлеуметтік желілердің дамуы жастарды одан сайын депрессияға түсіріп жатыр. Өз пікірі қалыптаспаған жастар әлеуметтік желілердегі сұлу, сымбатты қыз-жігіттерге еліктеп, соған ұқсауға тырысады. Олар өз өмірін елемей, тек сырт бейнесін сәндеуге әуестенеді. Кейде әлеуметтік желідегі сәнді, дене пішіні мінсіз қыз-жігіттердің фотосуреттерін парақтау, оған қызыға қарау, дәулетті де бақытты адамдардың ертегідегідей өміріне қызығып, соның салдарынан өз өмірін құнсыздандырады. Ақыры, көбі депрессияға түседі.

Көбіне өмірден соққы алып, қысым көрген, тауы шағылған адам түңіліп, тіршілік күресін жалғастырмай, әрекетсіз, үйден шықпай, көп ешкіммен сөйлеспей, тұйықталып қалады. Депрессияға шалдыққан адам жай адамға қарағанда 3-4 есе көп қиялдайды екен. Өз болмысынан, өз өмірінен, шындықтан қашып, иллюзиялық әлемде жүруі мүмкін. Шындықтан алыстап, өзін жоғалтып алуы да әбден мүмкін.

Депрессия – рухани дерт

Ғалымдар қазір депрессияны психогенді (реактивті), бір жағдайдың түрткі болуынан туындаған; эндогенді, яки, «іштен туындаған» – көрініп тұрған сыртқы себебі жоқ және соматогенді, яғни, соматикалық – тән сырқатының (қатерлі онкология, инсульт, инфаркт, диабет) әсерінен (адам өз сырқатының қаупін түсінгеннен болатын психогенді фактор қосылады) деп бөледі. «Тіпті адам бойында депрессияға генетикалық бейім болғанымен, адамның жеке таңдауы, өз шешімі көп әсер етеді» дейді ғалымдар.

Депрессия менталдық, яғни, ақыл-ойға тән ауру деп саналады. Дегенмен, депрессияға шалдыққан адамның бойында гормоналдық ауытқу болады. Биохимиялық үдерістер дұрыс жүрмейді. Эндокриндік жүйе қызметі бұзылады. Созылмалы шаршау, әлсіздік байқалады. Дерт иммунитетті әлсірететіндіктен, адам түрлі ауруға шалдығады. Жиі тұмау тигізуі мүмкін. Бір қарағанда, көңілсіздік, бір қиындықтан торығу боп көрінгенімен, депрессия – рухани дерт. Оның кесірінен адам іштей түтіліп, жұмыс істеу қабілеті, оқу үлгерімі төмендеп, кейде шаңырағы шайқалады. Депрессиясы тіпті асқынып, жеңіп кеткен кісі шарасыздықтан өзіне қол жұмсауы мүмкін.

Көп керек – күйретеді

Жасөспірімдердің 20 пайызы кәмелет жасқа толғанда депрессия дертіне шалдығады деп санайды мамандар. Ал енді қазақ қоғамында жаппай депрессияға әкелетін негізгі жайттарға тоқталып көрсек. Біздің қоғамда белгілі бір қалыптасқан үдеге сай болмау – ұят саналады. Өмірінде болған сәтсіздіктерді көптің білуі – ұят. Оның сыртында, қаржылық жағдай келмесе де, жұрттан қалмай, дүркіретіп той жасау, апта сайын шашылып, тойға бару сияқты кейде дарақылау көрінетін салттар да бар. Бұл қарапайым бір мысал ғана.

Содан кейін бізді қалыптастыратын, әлеуметтік өмірге бейімдейтін, тәрбиелейтін қоғамдық институттар – отбасы, түрлі қоғамдық ұйымдар бар. Баланың дара табиғатын, бейінін ескермей, бір қалыпқа салу, туыс-жақындарына қолайлы етіп тәрбиелеу әдеті де жиі кездеседі. Сонымен бірге, елімізде гендерлік міндеттер айқындалып, шегеленіп қойған. Мұндай талап бойынша: Ұл бала шынығып, шымыр, мықты, еңбекқор, ержүрек, шыдамды болуы керек. Бала күнінде де қыздың ойынын емес, ұлдарға тән ойын ойнауы тиіс. Жоғары оқу орнын бітіріп, жақсы қызметке тұруы қажет. Жақсы табыс табуға міндетті. Үйленіп, бала-шағасын, қартайған ата-анасын асырауы керек. «Ер адам – елдің тіреуі» – ер адам шағынбауы керек. «Ер адам жылады» деген тіпті ұят.

Қыз бала болашақ келін, ана, әдепті, нәзік, жинақы болуы міндетті. Білім алуы; ертерек тұрмысқа шығуы, балалы болуы керек. Тұрмыстық өмірде пысық, шапшаң, көптің көңілін тауып, тамақты да дәмді пісіре алуы тиіс. Ері мен балаларына қарап, үйдің ішін таза ұстауға міндетті. Бойын күтіп, сәнденіп те үлгеруі тиіс… Бұл дұрыс-ақ. Алайда, «Міндеттісің. Тиістісің!» деген басы артық талап адам жанын қысады. Бала жан қалауын соңғы орынға ысырып, әлеуметтік шаблондарға сай болуды ойлап, өз жолынан алыстайды.

Депрессия бойдағы жасампаздық қуаттың тиісінше жұмсалмауынан туындайды деген де тұжырым бар. Сыртқа шықпағасын, ішке кетіп, күйретуші күшке айналады.

Интеллект пен депрессия байланысы

Интеллектісі жоғары адамның миы тереңнен ойлап, ақпаратты жылдам қорытатындықтан, адами қарым-қатынастағы әділетсіздікті, зұлымдықты, жалғандықты бірден байқайды. Содан депрессияға түсу ықтималдылығы да артады. «Интеллект пен депрессия арасында байланыс бар» деген ғылыми болжам айтылады. Интеллектуалдардың еңбегі сезім, сезіну қабілетімен байланысты. Олар үнемі ойланады. Ақылы мен сезіміне күш түседі. Рационалды шешім қабылдауға мәжбүр. Осындайда Мағжан Жұмабаевтың «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген өлең жолдары еске орала береді.

Интеллектісі жоғары адамдар өзіне көңіл бөліп, өзін зерттеп, өзімен жүйелі түрде жұмыс істесе, депрессиядан өз бетінше айығуы мүмкін.

Өзіңді өзің құрметте

«Өмірге бала әкелген аналар көп жағдайда эмоционалды жаншылудың бірінші, екінші, үшінші сатысына дейін кетсе, төртінші сатыда депрессия басталады. Сондай-ақ туыстары, отбасының күйін ойлаған адам өзінің индивид екенін, тұлғалық қажеттіліктері, жеке кеңістігі бар екенін ұмытпау керек. Депрессиядағы адам өз қажеттіліктеріне тиісінше көңіл бөле алмайды» дейді психологтар.

Адамдар бойындағы күйдің депрессия екенін білмей, оны жалқаулық деп санауы мүмкін. Антидепрессант дәрілерді медициналық білімі бар маман ғана тағайындай алады. Өз бетінше қолдану қауіпті. Ескеретін жәйт, антидепрессант дәрілер депрессия симптомдарын ғана жояды. Ал себебін анықтап, емдей алмайды.

Кейбір адам «көп кітап оқыдым, өзімді өзім депрессиядан алып шығара алам» деп санаса, енді бір топ «жақын досыма жағдайымды айтам, сырласам, кеңесін тыңдаймын, сол жетеді» деп санайды. Психологтар босқа ақша алады деп санайтындар да бар. Психологтар досыңмен әңгімелесу мен психологқа барудың арасы жер мен көктей деген пікірде.

Депрессияға түспеу үшін не істеу керек?

Профилактика туралы айтсақ, әдетте атқаратын ісімізді жоспарлаймыз: дүкенге бару, тамақ пісіру, баланы балабақшадан әкелу, шаруамен бар кісіге жолығу, шаштаразға бару. Негізі бұл кәдімгі күнде қайталанатын әрекет, тұрмыс-тіршілік. Психологияда «Ақ тастар стратегиясы» деп аталатын әдіс бар. Ол бойынша өмірді жоспарлағанда жанымызды не жадыратады, не қуантады, соны міндеттеп, жоспар кестесіне енгізу керек: Мысалы, дүйсенбі күні кешке ваннаға түсем, сәрсенбі кешке СПА-салонға барамын, сенбі күні түсте бір сағат ән айтам. Жексенбі жақын досыммен жолығып, әңгімелесем дегендей.

Сөйлесу, әңгімелесу – адамның әлеуметтік қажеттілігі. Сонымен қатар, қазіргі қарбалас өмірде жақындарымыз бен туыстарымызды қанша жақсы көрсек те, кейде адам өзімен өзі оңаша қалғысы келеді. Бұл да өте маңызды – әлеуметпен тілдесу де, оңаша қалып, ішкі әлемін ретке келтіру де. Екеуі де маңызды, екеуіне де уақыт табу керек.

Негізінен, депрессия – стрестің нәтижесі. Өмірде стресс тудыратын жағдайлар көп. Негізгі факторлар: қорқыныш, қысым, жан түршігу, жалғызсырау, т.б. Негізі, стресс адам тұлғасын (импульстерін, реакциясын, сезімін, қиялын) ширатушы. Алайда стресс конструктивті қолданысын таппаса, деструктивті күш болып, адам бойында депрессия тудыруы мүмкін.

Психолог маман Светлана Емельянованың айтуынша, адам табиғатқа жақын болу арқылы тазарады, сауығады. Мәселен, батқан күнге, аққан өзен мен арна суына қарау – адамды депрессиядан айықтыратын табиғи әдістердің бірі. Ақыл-ой еңбегі мен дене қимыл-қозғалысының тең болуы да маңызды. Дене еңбегі, дене жаттығуларын жасау да стресті тарқатады. Жақсы әуен тыңдау, ән айту да адамның жанын тыныштандырып, депрессиядан айықтырады. Бала-шағаның арасында отыру, сәбилермен сөйлесіп, шүйіркелесу бойдағы зілден арылтады. Адамға бұрыннан жақын, сезімі бар үй жануарлары мысық, ит ұстау, оны сипау, ойнату адамның күйін жеңілдететінін ғылым дәлелдеген.

P.S. Депрессияны тудыратын өз санамыз, дағдымыз. Жоқ «қамалды» өзіміз тұрғызамыз. Үрей-қорқынышымыз бойымызды жеңіп, ішкі еркіндігімізді сақтай алмасақ, сыртқы қысым жеңіп кетеді.

Бану Оңдасынова,

Алматы

Biz.kz