Биыл 217 мыңнан астам 11-сынып оқушысы мектеп бітіреді.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, өткен жылдағыдай, соңғы оқу күні — 23 мамырда елдегі барлық мектепте «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызықты сәттерді бірге еске алады.
Бірыңғай сынып сағаты оқушылардың бойында білімге ұмтылыс, патриотизм және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Балалардың оқудағы әрбір жетістігі — болашағымыздың іргетасын берік етіп қалаудың негізі.
Биыл 25-мамыр жексенбі күніне түсетіндіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты іс-шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24-мамырда өтеді.
Осы орайда құзырлы министрлік барлық оқушы үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін тағы да еске салды.
Фото: gov.kz