Мен 1982 жылы ҚазГУ-дың журналистика факультетіне түстім. Бауыржан Үсенов соның алдында ғана оқудан шығып кетіпті. Бірақ оның дүмпуі, жырларының лебі жетті бізге. «Қара машина» сияқты әндерін білмейтіндер кемде-кем еді.
1983 жылы оқуда жүрген жерімнен әскерге шақырылдым. Кетуге дайындалып жатқанымда жатақханаға менің орныма бір жігіт келді. Бауыржан Үсенов осы екен. Оқуға оралыпты. Әскерге аттанып кеткенше бірге жүрдік. Оны орыстың ұлы ақыны Есенинге ұқсатып «Үсенин» дейтінбіз. Сөйтіп, Германияға әскерге кете бардым. Бір қызығы, мен барған полкта маған дейін Бауыржан болған екен. Жатақханадағы бөлмеміз де бір, әскерге барған жеріміз де бір. Қалай таңғалмайсың?!
Әскерде жүріп шахматтың қорабынан домбыра жасадық. Қазақтың жігіттері өзіміз бас қосып, ән салып, домбыраның үніне елтіп отыратынбыз. Елге, жерге деген сағынышымызды осылай басатын едік. Екі жылдан кейін ҚазМУ-дағы студенттік дәуреніме қайта оралдым. Әлгі домбыраның арқасында шыққан «Солдат сағынышы» деген жаңа әнді ала келдім. Бірақ Бауыржан: «Бұл ән сенің табиғатыңа келмейді, мен айтайын», – деп қалап алды.
1986 жылы Қостанай облысындағы Бозкөл деген жерге картоп жинауға бардық. Бір күні «Үсенин» бір ән шығарғанын айтты.
«Тырналарды тыраулатып,
Қоңыр қазды қыраулатып,
Көктем келді туған жерге,
Көктем келді думанды елге», – деп келетін жерлері әлі есімде. Ән орындалып бітісімен курстасымыз Әубәкір Смайылов тұрып: «Бәуке, мына ән осындай сөзге қор болмай ма. Мынау ұят қой!» дегені.
– Ұят болса, өзің жаз! – деді Үсенин. Әубәкір намысқа тырысып, бір күннің ішінде жазып берді.
«Адамбыз ғой кінәлағыш, айыпты да тағар оңай,
Кеттің неге жырақ алыс, кеттің неге ағаламай?!
Мен тайыздық таныттым ба, бақытымды бағаламай?!
Бұл қоштасу қайбір, жаным, тиді дейсің маған оңай?!
Ұя салдың жағаға қай? Менің аппақ шағалам-ай!»
Сөзі мен сазы бір-біріне керемет жарасып тұр. Бауыржанның өзі де әнді гитарамен керемет әсерлі айтатын еді ғой. Бәрімізге ұнады.
Картоп қазудың қызығы мен шыжығына тойып, ҚазМУ-ға қайттық. Жолда екі-үш вагон толы қыз-жігіттер Алматыға жеткенше Бауыржанның әнін айтып барды. «Ақ шағала» деп аталатын осы әнді кейін Саят Медеуов пен Ақбота Керімбекованың дуэті бүкіл елге танытты.
Жазып алған Арнұр АСҚАР