
Астанада Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған ауқымды әскери шеру 2025 жылдың 7 мамыры күні сағат 11:00-де өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Шеру өтетін жерде қауіпсіздік пен бақылау күшейтіледі. Шеруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, соғыс іс-қимылдарының ардагерлері, ҚР Қарулы Күштері үздік бөлімшелерінің, құрметті қарауыл ротасының, ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскер мен әскери құрылымдардың, әскери құқық қорғау органдарының және т.б. ардагерлері шақырылды.

Елорда тұрғындары мен қонақтары әскери шеруді тікелей эфирден қаладағы үш жерден тамашалай алады:
1. ЕХРО аумағы (Түркістан және Ақмешіт көшелері жағынан кіру);
2. Қалалық алаң (Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдында);
3. Б. Момышұлы даңғылы, 1 мекенжайындағы «Astana Music Hall» тұрақ аумағы (Құмыра).
Шеру аяқталғаннан кейін сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін осы үш алаңда эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Сонымен қатар, іс-шара республикалық телеарналардан тікелей эфир арқылы көрсетіледі. Қала әкімдігі әскери шеру өтетін ауданда көлік қозғалысы шектелетінін ескертті.