Осы күнде қара халықтың ішінде несиесі жоқ адам бар ма? Бас-басына кредит алып, соны қалай қайтарарын білмей әуре-сарсаңмен өтіп жатқан өмір, әйтеуір. «Голливуд фильмдерінде банда банкты тонайды, бізде банк халықты тонайды» деген әзіл-шыны аралас әңгіменің жаны бар-ау осы. Жарнамасы жалт-жұлт еткен банктер несиені ойына келген пайыздық өлшеммен оңды-солды таратып жатыр, күні қараған бұқара алды-артына қарамай алып жатыр. Ал, арты не болды? Банк қожайындарының дені «Форбстың» миллиардерлер тізімінде, халық болса шыңырауға ғарыштық жылдамдықпен құлдилап барады. Не халыққа болыса алмай, не қаржы ұйымдарының аранын тежей алмай өкіметім отыр. Бұл ұлттық проблемаға жоғарыдан қарасақ, дінімізде пайызбен ақша беру де, алу да арам еді. Қу ақша мен несие құрдымының күшейгені сонша «Заман өзгерді, заң басқа. Несиені харам дегенді доғарайық» деп пәтуа айтатын дінтанушылар да шыға бастады. Не керек, осылай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде банк пен халық арасындағы алыс-беріс статистиканың төресіне айналды. Айталық, былтыр тұтынушылық несиенің көлемі 6,1 трлн теңгеге дейін жеткен. Бұл бүкіл несие атаулының 56%-ы. Ал ипотекалық қарыз 3,3 трлн. Одан бөлек, шағын несие ұйымдарына 1 млн 200 мыңнан астам отандасымыздың қарызы бар.

Мұқтаждықтың басы

Баспана қазақтың отырықшы елге айналғанан бергі ұлттық проблемасы. Кеңес заманында бұл жағдайды бір жөнге келтіру үшін «Тұрғын үй-91» деген мегажоспар құрылып, мәселені түбегейлі шешпек болған-ды. 91-де тұрғын үй тұрмақ алып империяның тағдыры шешіліп кетті де, тәуелсіздік жылдарында қайтадан күрмеуі қиын шаруаға айналды. Қазіргі уақытта кейбір азаматтар шама-шарқынша ипотека арқылы өз жыртығын өзі жамаған боп жүр. Бірақ, оның да азабы бір басына жетеді. Олай болатыны Қазақстанда ипотеканың пайыздық мөлшері айдың ар жағында. Ресми түрде еліміздегі ең төменгі пайыздық ставка 3,5% делінеді. Алайда, оның талабы қатаң болғаны сонша, қол жеткізу қиынның қиыны. Ал, нарыққа лайықталған мемлекеттік бағдарламада 7%. Бұл бағдарламаның «азан шақырып» қойған аты – «7-20-25».  Енді осы «7-20-25» арқылы үй алудың қыр-сырына үңіліп көрейік.

Қош, 1 бөлмелі пәтер бағасы 15 млн теңге делік. Талап бойынша ол мемлекеттік актісі рәсімделген жап-жаңа үй болуы тиіс. Астана мен Алматыда үйді салып қойып, «ала қойыңдар» деп айқайлап отыратын ешкім жоқ қой. Неге екені белгісіз бұл екі қалада үйдің қадасы қағылғанда-ақ үлескерлік келісіммен немесе басқа да жолдармен алдын ала ақшасын салып тастайтындар көбейді. Сосын үйлердің кейбірі уәде етілген мерзімде беріле қоймайды. Тіпті, 10 жылға дейін созылып кетуі де мүмкін. Сөйтіп салымшылардың шыдамы да таусылып, ақшаны одан әрі төлей берейін бе, жоқ па деген екіұдай күй кешеді. Қатты күмәнданғандар әкімдіктің алдын тоздырумен әлек болады. Жарайды, бұл басқа проблеманың тақырыбы… Негізгі әңгімемізге қайта оралайық. Жаңа үйді таптыңыз делік. Кредиттік тарихыңыз келісіп тұрса, 20 пайыз жарнасын (3 млн теңге) төлеп, ипотека рәсімдейсіз. Осылайша 25 жыл бойы айына 100-150 мың теңге аралығында төлеп отыратын машақатыңыз басталады. Бизнес класты болмаса эконом класты үйлер қашан әрленген күйінде беріліп еді? Осы жерде үй алу бір басқа, оны жамап-жасқау бір басқа деген замана пәлсапасы қылаң береді. Пәтерді жөндеуге, аса қажетті дүниелерді алуға жаңағы үйдің жарты құны жұмсалмаса, аз кетпес. Осы сыннан сүрінбей өткен адам күндіз күлкісі, түнде ұйқысы тыныш болмаса да, үйлі бола алады. 25 жылдан кейін, бәлкім оған жетпей берешегінен құтылар, әлгі 15 миллионның үстіне 9-10 миллионды бәрібір төлейді. Мемлекеттік «Отбасы банкінің» талабы осындай. Бұл банктің мәселесіне сәлден кейін арнайы тоқталамыз. Оған дейін мына мәліметті айта кетудің орайы келіп тұр. Екінші деңгейлі банктердің ставкасы 13-15 пайыз аралығында. Жаңа үйден болсын, ескі үйден болсын, қалаған пәтерді рәсімдеуге рұқсат. 20 жылға беріледі. Айына төлейтін ақшаңыз көптеу болуы мүмкін. Егер сол 15 млн деп есептейтін болсақ, үстіне 19-20 млн төлеуге тура келеді. Кейде базбіреулер ортаға Ислам банктерін тықпалағысы келеді. Арабтар келіп қазақты үймен жарылқаушы ма еді? Ислам қағидасы, шариғат шарты дегенмен айналып келгенде олардың да қоятын талабы біздегілердің ар жақ, бері жағы. Мемлекеттік «Отбасы банкінің» талабы анандай боп жатқанда, бұлардан не қайыр? Отбасы банкі демекші, жыл басында Президенттің шарапаты тиіп, зейнетақы қорындағы шектен асқан ақшаны баспана алуға жұмсау мүмкіндігі туды емес пе!? Ол қаржы пәтерді басыбүтін сатып алуға жете қоймасы бесенеден белгілі ғой. Содан баспана азабын тартқан көпшілік азын-аулақ ақшасын осы «Отбасы банкіне» салды. Енді банк оларға 3 жылдың ішінде алатын пәтерлеріңнің жарты ақшасын жинап, несие рәсімдейсіңдер. Әйтпесе ақшаны қайтадан зейнетақы қорына қайтарамыз деген шарт қойып отыр. Құдай-ау, мұнша әмірін жүргізетіндей халыққа ол ақшаны Отбасы банк беріп пе еді? Жоқ әлде Үкімет беріп пе еді? Ол ақша халықтың сан жыл бойы жалақысынан айырып там-тұмдап жинаған өз қаржысы емес пе? Біреудің қалтасындағы тиын-тебенге төрелік айтатын құқықты Отбасы банкіне кім берді? Мемлекеттік деген мәртебесі бар қаржы ұйымы қайта қысылған халыққа қарайласпай ма? Жарайды, «Отбасы банктің» ақылға сыйымсыз шарты орындалсын делік, сонда тұрмысы орташа азаматтар шамамен 10 млн теңгені қалай жинайды? (Қазіргі ең төменгі баға осындай болғанымен үш жылдан кейін не болады?) .

Есептеп көрейік, «Отбасы банкке» күні қараған екен, демек ол адамның баспанасы жоқ, пәтерде тұрады ғой. Астанада 120 мыңнан арзан жалдамалы пәтерді майшаммен іздесең таппайсың. 10 миллионды жинау үшін 3 жыл бойы айына кем дегенде 250 мың теңгеден банкке құйып отыру керек. Оның сыртында отбасын асырауға, кем дегенде, 200 мың теңге қажет. Өмір болған соң басқа да мұқтаждықтар болады. Сонда «Отбасы банк» Қазақстан халқының ең төменгі жалақысы 600-700 мың теңге деп ойлай ма?

«Отбасы банкінің» мына бассыздығына тосқауыл қойылмаса, баспанаға мұқтаж жандар зейнетақыдан алған ақшасын қайтадан орнына апарып қояды. Болды. Басқа амалы жоқ. Ал, проблема ушыққан күйінде қала береді. Жапонияда орта есеппен 20 жылдан асатын ипотека 1,3% беріледі. Финляндия мен Швейцарияда 1,5%, Франция, Германия, Тайвань, Словакияда 1,8-2% шамасында. Содан кейін ғой олардың елі дами береді, халқының тұрмысы жақсара береді. Өйткені бізде бар проблема оларда жоқ. 40-50 жасқа дейін баспанамен бас қатырып жүрген адам (бізде ондайлар көп-ақ) қай уақытта арманын іске асырады, қалай маман болып қалыптасады, түптеп келгенде қалай елдің дамуына үлес қоса алады? Мәселе сонда.

Шағын несие шырғалаңы

10 мың теңгеден бастап несие беретін шағын несие ұйымдары да бөрінің бөлтірігі іспетті. Басында балтырды қанатқанымен бара-бара қара саннан қабады. Бие беріп, түйе сұрайтын микроқаржы ұйымдары алдындағы  жұрттың қарызы 24 млрд теңгеге жетіпті (25 млрд теңге өзге ұйымдар алдындағы міндеттемелер). Дания Есбаева деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мұндай ұсақ-түйек кредиторлады жабу туралы бастама көтерген. Себебі, шағын несиелік ұйымдар халықтың төлем қабілетін тексеріп, бас қатырып жатпайды да. Оның үстіне ұсынылатын несие ставкасы да тым жоғары – 56%. Соның салдарынан микроқаржы ұйымдарындағы проблемалық қарыз жыл сайын өсіп барады. Биылғы наурыздағы мәлімет бойынша, берілген 1 миллион 212 мың қарыздың 435 мыңы проблемалық болып шыққан.

Банк қарымташылары

Қарыз алған соң қайтару мойындағы міндет қой. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының көксегені де сол. Негізі өтелмей жатқан қарызды қайтарудың үш айла-тәсілі қолданылады. Алдымен банк сурау салып көреді. Ала алса алды, болмай бара жатса – бас қатырмай коллекторлық кеңселерге сата салады. Коллекторлар болса негізгі қарызға ойына келген үстемені қосады да, таңнан кешке дейін, күнде, тіпті түнде хабарласып, қорқытады, алдап-арбайды. Борышкер мән-жайды түсіндірсе де, 5 минуттан кейін қайта хабарласып, әңгімені қайтадан әріден бастайды. Бұл әдейі істелетін психикалық қысым. Осы кезде заңнан хабары жоқ адамдар коллекторлардың негізсіз қоқан-лоққысынан қорқып, олардың айтқан сомасын төлей салатыны да бар. Ал, қанша айла-шарғы қолданса да, туған-туыс, таныс-тамырдың бәріне хабарласып шықса да, түк шығара алмаған коллекторлар, ақыры амалсыздан сотқа беруге мәжбүр болады. Бұл істе сот гуманды. Банктың пенясы, коллектордың үстемесіне қарамай борышкерге негізгі қарызды қайтаруды мідеттейтін үкім шығарады. Оған қоса айыппұл жазады. Сосын іс сот орындаушыларға тиеді. Олар енді заң шеңберінде нақты шараларға көшеді. Борышкердің бүкіл есеп-шоттарын, карточкаларын бұғаттайды. Ел аумағынан шығуға да тыйым салып тастауы мүмкін. Қойшы, заңды жұмыс істеген адамның түскен ақшасының тең жартысын толық өтеліп болғанша алып отырады. Сот орындаушысы арқылы төлеудің артықшылығы сол – басы артық ақша берілмейді. Қанша алынса, сол сомада қайтарылады. Ендеше екіарада коллекторға жем болудың қажеті қанша? Кредиттік тарих бұзылады деп қорқудың да керегі жоқ. Ол онсыз да бұзылып, қара тізімге енгізіліп қойған. Сондықтан коллекторлар хабарласып жатса, сотқа жібере бер деу керек. Болды.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі сәуірде 444 млрд теңге проблемалық несиенің коллекторларға өткенін жариялады. Оның 97% (1-сәуір, 2022 жылғы дерек) төлеу мерзімі 90 күннен асқан берешектер.

Сарапшылар не дейді?

Осы орайда әлеуметтанушылардың мына дерегін ескере кеткен жөн. Елімізде ақшасын жинаққа сала алатын халықтың үлесі небәрі 10-15% аралығында екен. Әлеуметтанушы Гүлмира Елеуованың сөзінше, отандастарымыздың 7% табысы нәпақасына жетпейді. Тағы 19% киім алуға жетпейді. Сайып келгенде, азаматтарымыздың 26%  хәлі мүшкіл.

Экономика сарапшысы Рахым Ошақбаевтің сөзінше, дамыған елдерде несиені төлей алмай қалған жағдайда мәселені шешетін құқықтық жолы бар. Жеке тұлғалардың банкроттық институтын мысалға келтіруге болады. Сол үшін оларда қаржы-несие мекемелері тек төлей алатын азаматтарға береді. Ал бізде қарыз ұрпақтарының мойнына ілінеді. Бұндай жағдайда несие беру тиімді бола түседі. Несиені төлей алатындар ғана емес, жаппай бүкіл елге бере береді. Оған несиенің максималды пайызын қосыңыз. Неге олай екенін ешкім түсіндіре алмайды. Дамыған елдердің өзінде несие проценті бізден әлдеқайда төмен. Бұл Үкіметтің, ондағы экономикалық саясатпен айналысқандардың ең сорақы қателіктерінің бірі, – дейді сарапшы. Оның сөзінше, бізде жеке тұлғалардың несиесі жасырын мәлімет. Оны жекеменшік Бірінші несие бюросы иеленіп алған. Ол бюроның акционерлері – екінші деңгейлі банктер. Ал банктер мәліметті жариялауға құлықты емес. Экономистің айтуынша, халықтың несиеге қаншалық батып қалғанын 2017 жылдан бері сауалнамалар немесе сот орындаушылары палатасының мәліметтері сынды жанама дереккөздер арқылы анықталып отыр. Тек биыл, қанды қаңтардан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерде қордаланған мәліметтерді жариялаған. Елімізде шамамен 1,5 млн адам несиесін уақытылы төлей алмай келеді.

Қаржы министрлігінің дерегінше, 1,3 млн адам банкрот деп тануға сай тұр. Мамандар «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңға процентті төмендету, төленбеген қарызды балаларына артып қою талабын алып тастауды қалай да енгізу керек» деген пікір айтады.

Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың ұстанымы да осыған саяды. Оның ойынша, жағдайды ушықтырып тұрған шағын несиеге тыйым салу мәселені шешпейді. Оны тыйып тастаудан гөрі, жалпы несиенің өзін алу процесін қайта қарау қажет. Мысалы, кейде несиеге мұқтаж азаматтар өзінің табысын асырып айтып, жалған мәлімет береді. Тағы бір фактор, азаматтардың несие тарихы дұрыс болса, сол несие алуға жеткілікті болып жатады.

Халық жоқшылықтан несиені проценті қанша жоғары екеніне қарамастан алуға мәжбүр. Сондықтан бұл жерде біріншіден, Ұлттық банктің қадағалау тетігін күшейту керек. Екіншіден, инфляцияны тұрақтандырып, ішкі нарықты мейлінше дамыту қажет. Оның бір көрсеткіші – шағын және орта бизнес. Ол халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді, – дейді сарапшы.

Қазақстанда несие алу тым қымбатқа түсетінін растайтын және бір мәліметтерді мысалға келтіруге болады. Бірінші несие бюросы биылдан бастап қазақстандықтарға несие алуға өз-өзіне шектеу қоятын қызмет енгізген еді. Қызметті пайдалану ақысы 400 теңге. Өз-өзіне несие алуға шектеу қойғысы келген адам аталған бюроның сайтына кіріп, қызмет құнын төлеп, жарты жылға дейін банктер мен басқа да қаржы ұйымдары несие бермейтіндей етіп қоюға болады. Оның бәрі үйде отырып-ақ, интернетпен жасалады. Тек ЭЦҚ болу керек. Нәтижесінде жыл басынан бері 500-ден астам отандасымыз солай істеп, өз-өзіне тоқтау салған.

Заңға үміттілер көп

Несиеге батып қалған халықтың, оның ішінде қарызын төлей алмай қалғандардың мәселесін шешу үшін қазір парламентте «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Қаржы министрлігі өкілдерінің айтуынша, заң жобасында банкроттықтың үш түрлі жолы ұсынылған:

1. Сотты араластырмай-ақ шешу. Яғни, азаматтар сотқа бармай-ақ, электронды үкімет порталында өтініш беріп, 6 ай ішінде бүкіл процедурасын өту. Оның өзіндік талаптары бар.

Біріншіден, банктер мен ШНҰ (шағын несиелік ұйымдар), коллекторлар алдындағы берешегі 4 млн 900 мың теңгеден (1600 АЕК) аспауы керек.

Екіншісі, ресми табысы болмауы керек. Немесе табысы отбасындағы бүкіл мүшесін қоса алғанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Қазір ол 36 018 теңге. Сондай-ақ, борышкердің мүлкі болмауы керек. Мүлкі дегенде бүкіл отбасына ортақ мүлік те жатады. Оған қоса, мерзімі өткен қарызын қалай өтейтінін банкпен ақылдасып, реттеп алуы тиіс.

2. Берешегі 5 млн теңгеден асса, онда банкроттық процедурасы сот арқылы шешіледі. Бұл жағдайда борышкердің тек кепілге қойған мүлкі ғана тәркіленеді.

3. Борышкердің төлем қабілетін қалпына келтіру. Яғни, бұл жағдайда банкрот деп тану үшін сотқа жүгінбей, сот арқылы 5 жылға дейін, яғни, өзінің қаржылық жағдайы тұрақталғанға дейін ыңғайлы төлем кестесін жасап алу. Ол әлбетте, кредитор мен борышкердің өзара келісімімен жүзеге асуы керек.

Аталған заң жобасы депутаттардың қарауына сәуірдің 29-күні түскен. Ол жыл соңына дейін депутаттардың талқысынан өтіп, пісіп-жетіліп, қабылданып, жаңа жылдан бастап қолданысқа енуі тиіс. Бір қызығы, заң жобасы сәуірде талқыға түсе бастағанымен, қызу талас басталмай жатып, аты өзгеріп кетті. Енді ол «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру туралы» деп аталады.

Айта кетейік, мамырдағы мәлімет бойынша, қазақстандықтардың жалпы көлемі 11 трлн 589 миллиард несиесі бар. Оның шамамен 3,8 триллион ипотека болса, 6,5 триллионға жуығы тұтынушылық несие. Экономикалық белсенді халық саны 9,3 миллионға жуық десек, соның ішінде шамамен 7,5 миллион азаматтың басында несиесі бар.

Түйін

Мүлде несиесі жоқ адам бақытты адамға баланып жатады. Бақытты болса болар-ау, бірақ оның проблемасы жоқ деп айтуға тағы келмес. Кредиттің құрсауынан шыға алмай жүргендерден оның артықшылығы сол – мәселені басқа жолмен де шеше алады. Осы ұлттық проблема көтерілсе болды «Халықтың басқа қандай амалы бар?» деген сауал қарсы қойылады. Ендеше амал қалдырмай отырған жүйеге өз аяғыңмен барып, бір проблеманы 10 проблемаға айналдырудың кімге пайдасы бар? Азаматқа да, мемлекетке де пайдасы жоқ екені анық. Тек рахатын көретін банк қана.

Шынар Мұхтарова,

Biz.kz