Ақтауда Каспий теңізі акваториясындағы ең ірі контейнерлік хаб ресми түрде ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған жоба жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталды.
Жаңа хаб жылына 66 мың контейнерді өткізе алады. Ол Қазақстанды Қытай, Кавказ, Түркия, Еуропа және Орталық Азиямен байланыстырып, елдің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттырып отыр.
Жобаны «KTZ Express», Ляньюньган порты (ҚХР) және Ақтау халықаралық теңіз порты бірлесіп жүзеге асырды.
Ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Самұрық-Қазына» қоры мен ҚТЖ басшылығы, халықаралық серіктестер қатысты. Әкім хабтың өңір дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашатынын атап өтті.
