Оның өнімділігі шамамен 2 экзафлопс (1 Экзафлопс = квинтиллион флопс). Бұл – Орталық Азия елдеріндегі алғашқы суперкомпьютерлік кластер. Ол жасанды интеллект пен өте үлкен деңгейдегі қиын есептеулер үшін арнайы жасалған NVIDIA H200 жаңа графикалық чиптерінен құрастырылған.

Суперкомпьютер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жаңа деректер орталығына орнатылады. Ол отандық цифрлық инфрақұрылым құру және ұлттық AI-экожүйесін дамыту жөніндегі президент Жолдауындағы бастаманы жүзеге асыру үшін қажет.

Суперкомпьютер ресурстарын барлық қолданушы пайдалана алады дейді министрлік өкілдері. Оған нейрон желілерін оқыту үшін есептеу қуатын қажет ететін стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ жасанды интеллектіні бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады.

Қазақстан қуатты суперкомпьютерлер экожүйесін қалыптастыру үшін алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен ҚҚС-тан босатуды қолға алды. Бұл – халықаралық IT-компаниялар мен деректер орталығы операторларының елімізге назар аударуы үшін жасалған қадам.

Жақында Әбу Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада Presight (G42) компаниясының шетелдік кеңсесі ашылды. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы елімізде суперкомпьютерлік кластер құру жөнінде келісімге қол қойды.

Бұл жоба – 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды элементі әрі Қазақстанның заманауи IT-инфрақұрылымын қалыптастыру жолындағы негізгі кезеңдердің бірі.