Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметтері бойынша, Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2025 жылдың қаңтар–сәуірінде, өткен жылдың осы уақыт аралығымен салыстырғанда 6% ұлғайған. Экономика тұрақты өсіп жатыр: қаңтарда 3,8% болса, бірінші тоқсанда 5,6%, ал төрт айдың қорытындысы бойынша 6% өсім көрсеткен.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есенғазиев бұл өсім экономиканың негізгі секторлары тұрақты дамып келе жатқанының айғағы деп санайды.
«Жалпы айтқанда, ЖІӨ өсімі өнеркәсіптің де, қызмет көрсету саласының да тең дамуымен байланысты, олар сәйкесінше шамамен 7,5% және 5,3% өсті. Сонымен қатар, инвестицияларды да ерекше атап өткен жөн — олардың негізгі капиталға шаққандағы көлемі 13,7% артқан, ал өңдеу өнеркәсібінде ол 34,3% өсті. Мұның бәрі экономика шын мәнінде сапалы түрде өскенін көрсетеді», — деп түсіндіреді сарапшы.
Экономистер өнеркәсіп салалары, оның ішінде тау-кен және өңдеу, құрылыс, сауда және көлік салалары экономиканың өсуіне үлкен үлес қосатынын айтып отыр. Көлік және қоймалау саласында өсім 22,4%, құрылыс – 16,2%, өңдеу өнеркәсібі – 7,2%, тау-кен өндірісі – 7,1%, мұнай өндіру – 8,8% болды. Сауда-саттық көлемі 7% ұлғайған.
Өсім басқа салаларда да байқалады. Мысалы машина жасау – 11,2%, тамақ өнеркәсібі –12%, мұнай өңдеу –13,7%, химия өнеркәсібі – 11,2%, металл бұйымдарын өндіру – 21,6%, құрылыс материалдары өндірісі – 12,9% өсім көрсетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 16,2% ұлғайды.
Құрылыс өнеркәсібіндегі өсімді статистикалық деректер де айғақтайды. 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстанда шамамен 4,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға артық. Көлік тасымалы қызметінің көлемі едәуір – 22,4%-ға өскен, бұған, ең алдымен теміржол және құбыр көлігімен жүк тасымалдау көлемінің ұлғайғаны себеп болған.
Экономикалық өсімнің маңызды бір себебі – Қазақстан экономикасына қаржы құятын инвесторлар белсене бастады. 2025 жылдың алғашқы төрт айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 13,7%-ға көбейген. Инвесторларды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және «Инвестиция орнына тариф» мемлекеттік бағдарламасы ерекше қызықтырып отыр.
«Осы бастамалар аясында бүкіл ел бойынша жаңа мектептер салынып, жұмыс істеп тұрған мектептер жөнделіп жатыр, коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылады. Бұдан басқа инвестицияларға көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалар — теміржол объектілерін салу, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу-жаңалау және басқа да ірі жобалар қосымша қолдау көрсетеді», — дейді Рамазан Есенғазиев.