Бұл туралы Қазақстанның көлік министрлігі хабарлады.  Мамырдың 15-де Астанада тұңғыш рет Қазақстан-Қытай көлік форумы жұмысын бастады.Оған екі елдің көлік министрлері – Марат Қарабаев пен Лю Вэй қатысып жатыр. 

Көлік ведомстволарының басшылары Ертіс трансшекаралық өзенін пайдалана отырып, «Ресей – Қазақстан – Қытай» мультимодальды транзит дәлізін құруды және трансшекаралық Іле өзені арқылы Қонаев қаласынан (ҚР) Инин қаласына (ҚХР) дейін өзен бағытын жасауды талқылады. «Майқапшағай-Зимұнай» өткізу бекетінде ауыр жүк көліктері өтетін жаңа шекара көпірін салып, Қазақстан мен Қытай арасында үшінші әуе дәлізін ашуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын Қытайдың көршілес аймақтарымен байланыстыратын екі жаңа автомобиль өткізу бекетін ашу мәселесі де қаралды.

Ақтау портында қытай компаниясымен бірлесіп контейнерлік хаб салынып жатыр. Бұл порттың өткізу қабілетін 140 мың жиырма футтық контейнерден (ЖФЭ) 240 мың ЖФЭ-ге дейін өсіреді. Оның құрылысы жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарланған. 

Жыл соңына дейін «Достық-Мойынты» және Алматы стансасының айналма теміржолының құрылысы да аяқталады деп жоспарланған. Бұл теміржолдардың өткізу қабілетін арттырып, Азия мен Еуропа арасындағы жүктерді жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

Одан бөлек «Алматы-Сиань» бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосуды, екі ел арасындағы әуе рейстері санын аптасына 65-ке дейін көбейтуді көздеп отыр.

Қазақстан мен Қытай арасында көлік саласындағы ынтымақтастық соңғы жылдары күрт өсіп келеді.  Мәселен, 2025 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ҚХР-мен экспорттық-импорттық автотасымалдау көлемі 82%-ға артып, 822 мың тонна жүк тасымалданды. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысына сәйкес Қытаймен теміржол арқылы жүк тасу көлемі 13%-ға өсіп, 11.4 млн тонна жүк тасымалданған.