Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барған «Тассай» индустриалды аймағы Шымкент қаласында 2016 жылы ашылған. 89 га аумақты алып жатқан өндірістік аймақта күні бүгінге дейін 33 кәсіпорын ашылған. Оларға құйылған инвестицияның жалпы құны 44,5 миллиард теңге. 

Сонымен қатар мұнда қосымша тағы 800-ге жуық жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 9 инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Мемлекет басшысы жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс және жиһаз өндірісінің өнімдері қойылған көрмемен танысты. Президентке Aksa Enerji Üretim A.Ş компаниясының инвестициялық құны 350 миллиард теңге болатын бу-газ электр стансасының құрылысы туралы мәлімет берілді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД нарығына автотрансформаторлар, маймен істейтін қуат трансформаторлары мен реакторлар шығаратын Asia Trafo зауытының өндірістік желісін аралап көрді.

Фото: t.me/aqorda_resmi