Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шағын және орта бизнеске жеңілдетілген жаңа арнаулы салық режимін енгізу қарастырылып жатқанын мәлімдеді. 

«Енді ол оңайлатылған декаларация негізіндегі арнаулы салық режимі (АСР) деп аталады. Табыс шегін қазіргі жылына 600 мың АЕК (жылына 2,36 млрд теңге) көлемінде қалдырамыз. Жұмысшылардың саны бойынша шектеулер алынады», – деді министр Жұманғарин. 

Үкімет салық есептеудің қарапайым тәсілін сақтауды ұсынады. Кәсіпкердің ақша айналымы шегерімсіз салық мөлшерлемесіне көбейтіледі. Жалақыны ашық көрсету үшін жылдық табысы 100 млн теңгеден асатын кәсіпкерге мынандай жеңілдік жасалған — еңбекақы қорын салық салынатын табыстан шегеруге болады. Бөлшек салықта осындай 14 мың,  ал оңайлатылған декларация бойынша 5 мыңға жуық салық төлеуші тіркелген. 

Салықтың базалық мөлшерлемесі 4% болады және оны мәслихаттар 50% дейін азайта алады. 

«Үкімет мұндай режимді тек жекелеген кәсіпкерлік түріне қолдануды және ең бастысы тек B2C операцияларын (бизнес тұтынушыға) жүзеге асырушыларға беруді ұсынады», – деді Жұманғарин.