Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» фракциясының мүшелері өзгерген уақыт белдеуінің халықтың физикалық және психикалық денсаулығына, еңбек өнімділігіне және энергетикалық ресурстарды тұтынуға әсері туралы зерттеу нәтижелері бойынша Үкімет есебін тыңдады.
6 бағыт бойынша жүргізілген зерттеуге беделді ғалымдар мен сарапшылар, ғылыми институттар тартылды. Географиялық параметрлері ұқсас әр түрлі мемлекеттердің тәжірибесі назарға алынды.

Зерттеу нәтижесі туралы баяндаған Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев:
– Салыстырмалы талдау жұмысы Еуропадағы көптеген дамыған елдерде Қазақстанға ұқсас таң ату және күн бату мерзімі бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттер осындай жағдайда белсенді дамып келеді. Адами капиталды дамыту бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді қолдай отырып, оны толық негізделген деп санайды, – деді.
Ол бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елдегі білім беру процесінің нәтижесіне теріс әсер етпегенін, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары мен көшедегі қылмыс жағдайына айтарлықтай әсерін тигізбегенін жеткізді.
Сонымен қатар бүгінде Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданында жұмыс кестесіне түзету енгізілді. Бұл бастама жергілікті тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты.

Мәжіліс қабырғасында депутаттардың сауалына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Үкіметтің өзге де өкілдері жауап берді.
А.Шаққалиевтің айтуынша, алдын ала деректер негізінде халық өмірінің негізгі көрсеткішіне және экономиканың негізгі салаларының жұмыс істеуіне өзгерген уақыт белдеуінің теріс әсерін тигізгені анықталған жоқ.
Ал Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бірыңғай уақыт белдеуін енгізу денсаулық сақтау саласына оң өзгеріс алып келгенін, аурулар санының төмендегенін атап өтті. Мәселен, жедел жәрдем шақыртушылар 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендегені байқалды. Яғни, уақытты ұтымды реттеу – қоғам денсаулығына оң әсерін тигізіп отыр.
– Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Үкімет уақыт белдеуін ауыстырудың азаматтардың тұрмысына және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуі тиіс екенін атап өтті. Бүгін Үкімет «AMANAT» фракциясының депутаттарына осы ғылыми зерттеудің қорытындысын таныстырды. Ол ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен өткізіліп, Қазақстанда бірыңғай уақытты енгізу туралы шешімнің ғылыми негізділігін көрсетті, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.