Бурабайдағы қыс қызықтарынан құр қалмаңыз.
Көкше өңірінің жауһары Бурабайға алыс-жақыннан ат басын бұратын туристер аз емес. Жайдары жазда ғана емес, қалың қар жамылған, шыңылтыр аязы бет шымшыған қыс мезгілінде де туристер толассыз келіп жатады. Бұл орайда, жылдың төрт мезгілінде Көкше өңіріне келушілердің қатарын көбейту үшін ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай Даму» ЖШС үлкен іс тындырып жатқанын атап өткен жөн. Таяуда «Бурабайдағы қыс маусымы» атты баспасөз турының барысында осыған көз жеткіздік.
Жаңа жыл қарсаңында «Астана-Бурабай» бағытындағы мерекелік вагондар тіркелген электр пойызына мінсеңіз, бірнеше сағаттан кейін Бурабайдағы қыз-қыз қайнаған думанды жерге жетесіз. БАҚ өңілдерінің сапары Бурабай кентінен 20 шақырымдай жердегі Марал шаруашылығынан басталды. Тау етегіндегі орманды алқапта теңбіл жануарлардың қажетті шөбін теріп жеп, қажетінше салмақ қосуына, қоршаған ортамен үйлесімді дамуына барлық жағдай жасалған. 600 гектардан астам жерді алып жатқан шаруашылықта 200-ден аса марал бар.
Шаруашылық жетекшісі Радик Әшімов:
– Бұл жердің табиғаты бұғы-маралдардың тыныс-тіршілігіне өте қолайды. Алғаш 2009 жылы Шығыс Қазақстаннан әкелінген болатын. Содан бері олар жергілікті табиғатқа бейімделіп, көбейіп жатыр, – дейді.
Маралдарды үш қораға бөліп бағады. Біреуінде биылғы көктемде дүниеге келген жас маралдар тұрса, екіншісінде еркек бұғыларды, үшіншісінде ұрғашыларын ұстайды. Үшеуі араласып кетсе, ересектері жастарын мүйіздеп, тұз бен жем-шөп салынатын науаға жақындатпай, аш қалдыруы мүмкін.
Аталған шаруашылықтың басты ерекшелігі – пантоемдеу орталығы жұмыс істейді. Емге қажет өнімді осы жерде өзі өндіреді. Осылайша, бұғы мүйізінен алынған өнім жаңа технология бойынша өңделіп, адам ағзасына орасан пайдасы бар дәрілік препаратқа айналады. Келушілерге қонақ үй қарастырылған және экоөнімдер ұсынады.
– Алдын ала хабарласып, орын брондауға болады. Орталық жыл бойы жұмыс істейді. Дегенмен туристер мен емделушілердің дені жаз мезгілінде келеді. Сонымен қатар экскурсия ұйымдастырылады. Оның барысында келушілер орманды аралап, маралдарды қызықтай алады. Балаларға арналған бөлек экскурсия бар. Бұл жерде демалуға және емделуге жағдай жасалған, – дейді Радик Әшімов.
Бағасына келер болсақ, тәулігіне төленетін 16 мың теңгеге 4 рет тамақтану және жатын орын кіреді.
Марал шаруашылығына балалар да көп келетінін байқадық. Олар әсем табиғат аясында өсіп-өніп жатқан көрікті жануарларды тамашалап қана қоймай, балауыздан майшам жасау, экологиялық зиянсыз материалдан сөмке тігуді үйренеді.
Одан әрі «Мирный» орман шаруашылығындағы кордонға бет түзедік. Елік, бұғы-марал, қабан сияқты жабайы аңдар қыстан қиналмай шығуы үшін орманшылар арнайы белгіленген орындарда оларға шөп, тұз және қайыңның қалың жапырақты бұталарынан әзірленген бумаларды салып тұрады екен. Жалпы, «Бурабай» ұлттық паркінде осындай 110 науа науа қойылған, оның 25-і «Мирныйда». Орманшы Бауыржан Мұқанов бастаған мамандар тіркемесі бар трактормен бірнеше күн сайын әрқайсысына жем-шөп салып тұрады.
– Бұл жақта қасқыр, сілеусін сияқты жыртқыш аңдар науалардың маңын торуылдап жүреді. Біақ оларды табиғаттың санитары деп бекер айтпаған ғой, көбіне ауру-сырқауы бар, әлсіз жануарларды жейді. Жыртқыштар көбейіп кеткен жағдайда аулап, санын реттеп отырамыз, – дейді ол. Инспекторлар мен орманшылар қыс мезгілінде жергілікті аң-құстардың санағын жүргізетінін де айта кетейік.
Қыс мезгілінде туристердің ең көп келетін жерлерінің бірі – «BurabayLand» отбасылық ойын-сауық паркі. Ат шаптырым аумаққа аяқ басқан адам ертегі әлеміне енгендей күй кешеді.
Аяз атаның резиденциясы, Бақсының ауылы, салт атпен серуендеу, ат жеккен бұғы жеккен, ит жеккен шанамен қыдыру, квадроцикл мініп жүйтку, сырғанақ тебу сынды қызықтардың бәрі осында. Мұнда еліміздің әр түкпірін айтпағанда, шетелдіктердің де жүргенін байқадық.
Әсіресе аяқ атаның резиденциясы балалар ғана емес, ересектерге де қызық. Мұнда келген адамдарға ертегідегі Эльфтер алдымен Мысырды, Үндістанды, АҚШ-ты көрсетіп, Лондон, Париж сынды әлем астаналарын аралатып, ақыр соңында Аяз атаға алып барады. Балалар ән шырқап, жаттап келген тақпағын айтып, би билеп, түрлі өнерін көрсетеді, арманы жазылған хаттарын Аяз атаға табыстайды.
Енді Бурабай өңіріндегі осы және басқа да қызықтарды қарапайым туристер қалай көре алатынына тоқталайық. Президенттің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай даму» ЖШС арнайы тур-пакет ұсынады. Оны пойыз билетімен бірге сатып алуға болады. Күн сайын елордадан «Астана-Бурабай» бағытында электр пойызы қатынайды.
3 жарым сағатқа жуық жүрген пойыз Щучинск кентіне (Бурабай курорттық аймағы станциясы) тоқтайды. Туристерді осы станциядан әрі қарай арнайы автобус «BurabayLand» отбасылық ойын-сауық паркіне жеткізеді. Осында біраз аялдағаннан кейін Абылайхан алаңына, Көгілдір шығанаққа, курорттық аймақты биіктен тамашалайтын Шолу алаңына баруға болады. Автобус туристерді кешқұрым елордаға кері қайтатын электр пойызы жүретін уақытта станцияға кері жеткізіп салады.
«Астана-Бурабай» бағытында жолға шыққан жандарға жаңа жылдық көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін электр пойызына арнайы безендірілген екі вагон қосылғанын айта кетейік. Бұл жобаны Президент Іс Басқармасына қарасты «Бурабай Даму» ЖШС, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен және Kazakh Tourism ұлттық компанияларымен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Вагондардың интерьерін қазақстандық қолөнершілер жасаған.
Осындай жобалардың арқасында Шучье-Бурабай курорттық аймағына өз еліміздің және алыс-жақын шет мемлекеттерден келетін туристер саны жыл санап артып келеді. 2018-2019 жылдары курорттық аймаққа жыл сайын 600 мыңнан астам демалушы келетін.
Пандемия әлем елдерінің туризм секторына ауыр соққы болып тиген кезеңде туристер саны біршама азайды. Ал биылғы көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңдегі межеден кем түспеуге тиіс.
Арнұр Асқар
Фото авторы: Виктор Федюнин