ҚР Президентінің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев қазақы ит тұқымдары тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша кезекті жиын өткізді, деп хабарлайды ҚР ПІБ Баспасөз қызметі.
Кездесуде министрліктердің басшылық өкілдері бір ай ішінде атқарылған жұмыс барысы туралы баяндады, сондай-ақ жоспарланған іс-шараларға тоқталды. Сарапшылармен (кинологтар, ғалымдар) талқылау нәтижесінде тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелеріне қатысты жеке заң жобасын әзірлеу жөнінде шешім қабылданғаны айтылды. Осыған орай, жиын қорытындысы бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне (қаралып отырған мәселе бойынша өкілетті орган) басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып заң жобасының соңғы нұсқасын енгізу тапсырылды. Бұл құжатты әзірлеуге ҚР Президентінің Іс Басқармасы жанындағы Парламентаризм институты ұсыныс бергенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және сарапшылармен бірлесіп қазақы ит тұқымдары стандартының жаңа жобасын қарастыратын болды.
– Алда атқарылатын іс аз емес. Ведомствоаралық жұмыс тобының барлық шешімдері сарапшылармен бірге талқыланып, олардың пікірі ескерілуге тиіс. Кезінде панажайы бар кинологиялық зерттеу орталығын салу тапсырылған еді, ол орта жолдан тоқтап қалды. Енді мұны соңына дейін жеткізу керек. Сонымен қатар, тазы мен төбетті Халықаралық кинологиялық қауымдастықта (FCI) тіркетіп, олардың шыққан жері ретінде Қазақстанды көрсету рәсімдерін ерекше бақылауға алу қажет, – деді ҚР Президентінің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев.