«Бурабай» ұлттық паркінің қызметкерлері жыл басынан бері «Smart Burabay» жүйесінің арқасында 18 өрттің алдын алды. ҚР Президентінің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында осылай деп жазды.
Заманауи жүйе іске қосылғалы бері от шарпыған аумақ әдеттегіден 4 есе, шығын 13 есе азайған. Өрт сөндірушілер бұрын апат аймағына 40 минутта әзер жететін болса, қазір 10 минутта барады. Нәтижесінде 8 ай ішінде өртенген жер жарты гектардан аспайды.
– 129 мың гектардан астам алқапты алып жатқан парктің әр пұшпағын үнемі бақылап отыру оңай шаруа емес. Салт атпен, мотоциклмен ғана баратын тау-тасты жерлер көп. Ал «Smart Burabay» жүйесі инспекторлардың міндетін айтарлықтай жеңілдетті, – дейді А.Дәдебаев.
Ол жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін де түсіндірді. Биік мұнараның басындағы камерамен орманның түкпір-түкпірі бақыланады. Объективтің «назарына» түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, цифрлы жүйе оны қызыл контурмен белгілеп, Ұлттық парктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел басқару орталығына жібереді. Орталықтың кезекші диспетчерлері төтенше қызметке хабарлайды. Ұлттық парк аумағында осындай 13 мұнара бар.
Президенттің Іс Басқарушысының айтуынша, 8 ай ішінде табиғат қорғау заңнамасына қайшы 51 оқиға тіркеліп, Ұлттық парк аумағында сақталатын ереже 46 мәрте бұзылған. Тәртіп бұзғандарға 440 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Заңсыз ағаш отау, балық аулау және браконерлікпен айналысу фактілері бойынша 5 қылмыстық іс қозғалыпты.
Арнұр Асқаров