Tamos Space SchoolTamos Space School

Кез келген ата-ана баласының мектепке қуана барғанын, құлшына оқығанын қалайды. Сабақтың баға қойылмай, қызық әрі пайдалы өткені оқушыларға да ұнайтыны сөзсіз. Біз Қазақстанда алғаш болып осындай ерекше әдісті тәжірибеге енгізген Tamos Space School мектебінің бас директоры  Хангелді Қаупынбаевты әңгімеге тартқан едік.

«Оқушы мектепте өзін жайлы сезіну керек»

– Хангелді Дәуренұлы, «Tamos» ғарыш мектебінің ашылғанына 1 жыл ғана болды. Басқа білім ордаларынан қандай ерекшелігі бар? Баласын осында бергісі келетін ата-аналар көп пе?

– Иә, біз былтыр ғана ашылдық. Бастапқыда нөлден бастап алтыншы сыныпқа дейінгі балаларды қабылдайтынбыз, биыл сегізінші сыныпқа дейін ұзарттық. Қазір жалпы 330 бала бар, жыл сайын оқушыларымыз көбейіп келеді. Алдағы уақытта 11-сыныпқа дейін қабылдасақ деген ниетіміз бар, оған мектеп ғимараты да сай келеді. Жоспар бойынша тағы екі ғимарат салу қарастырылып отыр, сөйтіп толық циклды мектепке айналамыз.

Сабақ кестесі бойынша балалар таңғы 8-ден 16-00-ге дейін оқиды. Қаласа одан әрі «ұзартылған күн» тобында қалып, үйірмелерге қатысады. Фин тәсілі бойынша үй жұмысының кестесін жасап, тапсырманы осы жерде орындауға болады. Біздің міндетіміз – балаларға сабақтан тыс уақытта жеке шаруасымен айналысуға, тынығуға, ата-анасымен уақыт өткізуге жағдай жасау.

Финляндияның әдісін білім беру процесінде пайдалану – біздің мектептің басты ерекшелігі. Оның негізгі элементтері мен принциптеріне қауіпсіз орта, салауатты өмір салты, тұлғалық қасиет, жан-жақты даму жатады. Дұрыс тамақтану – бала денсаулығының кепілі деп, асханада пайдалы ас мәзірін әзірлеуге басымдық бердік. Асхананы өзінің диетологы, технологы бар кәсіби маманданған аутсорсинг компанияға бердік. Ол өзінің қызметін сапалы атқарады. Ал біз бар күш-жігерімізді білім саласына бағыттап отырмыз.

– «Tamos» мектебін ашу идеясы қалай туды?

– Біздің мектептің үш құрылтайшысы бар, соның бірі – менің әкем – Tamos Space School желісінің негізін қалаушы. Мектеп орналасқан жер малайзиялық King Development компаниясының меншігіне жатады. Бұл компанияға білім контентіне жауап беретін серіктес қажет болды. Сөйтіп ғимаратты салуды өз мойнына алды.

Бұл жобаны пандемияға дейін үш жыл бұрын қолға алған болатынбыз. Өзімнің ойымша, өте қызықты жүзеге асып жатыр. Командаға талантты жас мамандарды жинадық, басқа мектептерден бір ерекшелігіміз осы. Сонымен қатар қалыптан тыс, дәстүрлі емес форматқа ауыстық. Бұл, әрине, мектептің архитектурасына, мұғалімдерге және әкімшілік құрамға әсер етті.

Біздің негізгі ұстанымымыз – оқушының мектепте өзін жайлы сезінуіне жағдай жасау. Қазір соған қол жеткіздік. Ата-аналардың айтуынша, балалары әрдайым мектепке барғысы келіп тұрады. Бұған дейін басқа жерде оқып, кейін бізге ауысқан балалар таңнан сабаққа құлшынып тұрады екен. Әрине, бұл ата-ана үшін өте маңызды.  

Тіпті кейбір ата-аналар өздері де кезінде жеке меншік мектептерде білім алса да, ешқандай инновациясыз, дәстүрлі форматта оқығанын айтады. Бұрынғы қалыптасқан формат бойынша мектеп бітірушілердің емтихан алдында қатты күйзеліске ұшырауы қоғамда жағымсыз әсер қалдырған-ды. Мұны түбегейлі өзгерту керек.

Баланың бақытты болуы, оған еркіндік беру ерте ме, кеш пе, жақсы нәтижеге әкелетіні анық. Көп нәрсе психологиялық жағдайға байланысты, одан шыққан  нәтиже тұрақты әрі ұзақ мерзімді болады. Менің ойымша, біз оның нәтижесін бірден емес, 10-20 жыл өткеннен кейін жаңа ұрапақтың бойынан көреміз.

Tamos Space School

«Мұғалімдер ұрыспайды, оқушылар шектен шығып тәртіп бұзбайды»

– Педагогтарды қалай жұмысқа қабылдайсыздар?

– Ұстаздар қауымын жасақтауға қатты мән бердік. Іріктеп алған мұғалімдеріміздің балаларға дауыс көтергенін, сол сияқты оқушыларымыздың шектен шығып тәртіп бұзғанын көрген емеспін. Оларға өзім де баламды сеніп беріп отырмын. Педагогтардың көбі мәдениеті, менталитеті, жеке құндылықтары бойынша мектептің ұстанымына сай келеді.

Айтпақшы, оқушылардың санына шағып есептесек, басқа мектептерге қарағанда бізде мұғалім саны көп – 56 ұстаз еңбек етеді. Соның арқасына балалар үнемі назарда болады.

Жалпы мектеп жұмысына, оқытушылар мен оқушыларға жасалатын қарым-қатынасқа қарап отырып, елордамызда «батыс әлемнің бір бөлшегі» қалыптасты деп ұялмай айта аламын. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш.

Алдымызда әлі талай үлкен жоспарлар бар. Оқушылардың жеңіске тез арада жетуі, қалағанына бірден қол жеткізуі, «тәулігіне 24 сағат» қиналып оқып робот болып шығуы міндетті емес. Біз үшін ең үлкен жетістік – баланың терең ойлана білуі, оның ішкі ынтасы мен ұзақ мерзімді жеңістерге деген ұмтылысы. Еліміздің басқа мектептері де біздің идеямызды алса деймін.

– Мектеп ғимаратының дизайны ғарыш кемесіне ұқсайды екен…

– Иә, дұрыс байқапсыз. Мектеп ғимараты басқа стандартты білім ордаларынан өзгеше болуын алдын-ала ойластырғанбыз. Нұр-Сұлтанда әр аудан белгілі бір стиль бойынша салынады ғой. Жақын жерде «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ, Тұран даңғылының бойында зымыранның макеты орналасқан, біздің аудан «ғарыш» ауданы болып саналады.

Оған қоса, өзіміздің академиялық ұстанымымыз космос тақырыбен тығыз байланысты. Оқыту әдістемесін қарастырған кезде әртүрлі пәндер арқылы бір ауқымды тақырыпты тереңірек зерттейтін пәнаралық білімге тоқталдық. Жалпы ғарыш әлемі терең зерттеуді қажет етеді ғой. Оқушыларымыз мектеп бағдарламасын меңгере жүріп, өздерін нағыз зерттеуші сияқты сезінсе дейміз.

– Атриумда ойнап жүрген балаларды мұғалім сыныпқа жылы қабақпен, дос ретінде шақырды. Сонда сіздерде басқа мектептердегідей қоңырау соғылмай ма?

– Біздің мектепте, шынында, қоңырау соғылмайды. Жалпы қоңырау дегенде не елестейді? Сабақ басталады, мұғалім тақырыпты түсіндіреді, белгілі уақыттан кейін қоңырау соғылады. Яғни уақытқа бағыныштылық пайда болады. Ал біз шығармашылық еркіндікті таңдадық. IB мектебі ретінде алға жылжуымыздың арқасында осындай мүмкіндікке ие болып отырмыз.

Қоңыраудың жоқтығы, уақыттың 45 минутпен шектелмеуі мұғалімге сабақтың архитекторы болуға жол ашады. Зерттеу сабағы қандай да бір ауқымды тақырыптың аясында 40, 60 минут кейде тіпті 80 минутқа созылуы мүмкін. Оқушылар шығармашылық ойлау процесін толық сезінуі үшін мұғалімге де еркіндік керек.

Екіншіден, сапалы білім беріп қана қоймай, мектептің кез келген өкілі баламен достық қарым-қатынас орнатқаны өте маңызды. Сол арқылы оқушы бұл жерде ешқандай иерархия жоқ екенін түсінуі керек, себебі біз – доспыз. Оқушы мен мұғалім арасында қандай да бір алшақтық болмас үшін балалардың емін-еркін сұрақ қойып, сыни ойлап үйренгенін қалаймыз. Сол кезде стандарттан тыс ойлайтын, материалды өз бетінше алатын, өзіне сенімді тұлғалар өсіп шығады.

https://www.youtube.com/watch?v=GRVHgsf51RM&t=1s

«Бала үшін баға емес, не үйренгені маңызды»

– Пәнаралық әдіс деген нені білдіреді? Жалпы білім беретін мектептердегідей пәндер жоқ па?

– Бар, бірақ әдістемесінде айырмашылық кездеседі. Жаһандық перспективаға негізделген физика, тілдер, математика сынды түрлі ғылымдар бар. Білім алушылар әртүрлі мәдениет үлгілерін өзара байланыстыру арқылы осы жаһандық перспективаларды зерттейді. Мысалы, бастауыш сыныптан бастап тек  Қазақстанның ғана емес, басқа елдердің де мәдениеті қоса оқытылады. Балалар сәтті жасалған кейстерді меңгереді, жобалық оқытудың негізінде сұрақ қояды, оқу жоспарын құрады, зерттеу жұмысының жобасын көрсетеді.

Осы орайда бір нәрсеге тоқтала кетейін. IB – халықаралық сарапшылардың бағалауынан өтетін халықаралық жүйе. Олар біздің оқушылар мен оқытушыларды мезгіл сайын тексеріп тұрады. Біз халықаралық тәжірибенің негізінде қазақстандық оқу бағдарламасын енгіздік. Мұғалім мемлекеттік стандарт бойынша осы жаһандық перспективаларды зерттейді. Кейбір тақырыптарды бірінші семестрге, кейбіреуін семестр соңына ауыстыра алады… Дегенмен, мемлекеттік стандарт толығымен орындалуы керек.

– Оқушыларға баға қойыла ма?

– Жоқ, «өте жақсы», «жақсы» немесе «нашар» деген дәстүрлі субъективті бағалаудан бас тарттық. Оқушының белгілі бір дағдылары қалай дамығанын, мұғалімнің жүктеген тапсырмаларын орындауда қаншалықты шығармашыл және дербес екендігін көрсететін балдық жүйеміз бар.

– Кеңес заманында оқыған ата-аналар мұндай қаншалықты көзқарасты қалай қабылдап жатыр?

– Ұзақ жылдар бойы бекіп қалған жүйені бұзу оңай емес қой, бәрі бірдей түсіне бермейді. Соған қарамастан жұмысты жалғастырып жатырмыз. Жалпы халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бала үшін алған бағасынан гөрі не үйренгені маңыздылау.

– Хангелді Дәуренұлы, болашақ жаңа ұрпақты қалай елестетесіз? Сіздің пікіріңізше, олар қандай болады?

– Қазіргі балалардың санасы жоғары болатыны сөзсіз. Кеңестік білім жүйесі оны ескермеді, оқушыға жақсы мен жаман деген дүниені «бес» дегеніміз –  жақсы, «екі» – дегеніміз жаман деп қана түсіндірген. Үздік оқығандар өте жақсы, ал нашар оқығандардың қолынан түк келмейді деу – «шаблонмен» ойлау. Математик болсын, биші болсын, лингвист болсын, әр оқушының өзінің ерекшелігі бар екенін түсіну керек.

Tamos Space School мектебі формализмге, қасаң қағидаларға қарсы. Біз қандай да бір демонстрациялық мекеме болғымыз келмейді, көзбояушылық үшін жұмыс істемейміз. Мектеп дегеніміз оқушы өзін тек жақсы жағынан көрсететін, ал сыртта шынайы болмысын ашатын жеке кәсіпорын емес. Біз ұйыған ұйым болғымыз келеді. Мектеп – бұл өмір! Біз үшін оқушылардың бақытты болғаны керек.

Нұрали Омар,

Biz.kz