Қазақстан Республикасының қолданыстағы Әнұранын бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейін жатқа біледі десек, артық айтпаймыз. Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны Кеңес кезінде де кең шырқалды. Ол кезде «Менің Қазақстаным» деген атпен танымал еді. Ән әуені мен сөзінің авторлары 50-жылдардың аяғында Алматыдағы консеравторияда оқып жатқан жас студенттер – Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов. Арнайы әнұран ретінде жазылмаса да, бірден елдің ыстық ықыласына бөленген шығарма халық арасында Әнұран сипатына ие болып шыға келді. 60-жылдардың басында оны халық тың игеру, «халықтар достығының зертханасы» деген желеумен кеңес билігінің қазақ жерін ұлтсыдандыру саясатына қарсылық ән ретінде қабылдаса, 1986 жылғы Желтоқсан толқуында қазақ жастары тағы да осы әнді бас ұран ретінде айтып алаңға шықты. Ең қызығы 1992 жылы тәуелсіз қазақ елінің Әнұраны болуға лайықты деп осы ән ұсынылғанда мемлекеттік комиссия эстрадалық ән гимн бола алмайды деп тұжырған екен.
Осы рухты әннің сөзі жас ақын Жұмекен Нәжімеденовтің қаламынан тууы да тегін емес. Өйткені сыршыл, әрі өршіл ақын елінің қай өңіріне барса да, «Туған жерім», «Менің топырағым» деп тебіренді. Әр шығармасы ұлттық рух пен ұлттық жадыны дәріптеуге арналды.
Жұмекен Нәжімеденовтің Қарағандыда кенші болып, көмір қазғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазаққа ақын ретінде танымал Жұмекен Нәжімеденов 1956-1959 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде дәріс алғаны де көпшілікке беймәлім. Жақын танитындар оны дәулескер күйші деп мойындады. Қазақтың жаны – қара домбыраны жанына серік етіп қана қоймай, күй өнерін, домбыраны бірнеше шығармасына арқау. Оның «Даңқ пен дақпырт» атты прозалық шығармасындағы бас кейіпкердің мінезі мен оқиғаларының ар жағында Жұмекеннің өзі тұрғандай көрінеді.

Жұмекен Нәжімеденов шебер күйші, қаламы төселген жазушы болса да, оның ақындық таланты тым биік тұр. Атақты ақын Қадыр Мырза-Әлінің өзі көзі тірісінде «Бәрібір ол секілді жаза алмаймын» деп Жұмекеннің дарынын мойындаған. Ал Жұмекеннің өзі жазған әр өлеңін ең алдымен Қадыр Мырза-Әліге көрсетіп отырған. Ал ең бастысы Жұмекен жай көркемсөздің шебері болған жоқ. Ол поэзиядағы көсемсөздің ұстасына айналды. Өйткені оның өмірі ұлтының тағдырымен тамырлас еді. Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясында азаттықты аңсау, бодандыққа қарсылық, ұлтқа жасалған әділетсіздіктер мен оған қарсы шыққан ұлдарының арпалысы жатыр. Ұлттың рухы мен ар-ұяты оның өнерінің өзегі іспетті. Құрманғазы, Махамбеттерге арнаған шығармаларының әр жолынан жоғарыда айтқан идеяларды көруге болады. Ал ондай кесек ойлардан өрілген өр шығарманы тек рухты ақын һәм азамат қана жаза алады. Қазақтың Қадыры «Бәрібір ол секілді жаза алмаймын» дегенде бәлкім дәл соны меңзеген шығар?
Сондай рухты шығармалар тудыра алған адамның әрқайсымыздың бойымызға рух беретін, ұлт алдындағы азаматтық парызымызды оятатын Әнұран сөзінің авторы болуы да тарихи заңдылық!