2025 жылы Қазақстанда автокөлік құрастыру және автобөлшек жасау саласында жалпы құны 354 млрд теңгеден асатын үш ірі жобаны іске қосу жоспарланып жатыр. 

1.  «Астана-Моторс» мотор компаниясы» ЖШС,  Алматы қаласында Chery, Changan, Haval, Tank секілді қытай автокөліктерін құрастыратын мультибренд зауытын іске қоспақ. 182 млрд теңгеинвестиция құйылған кәсіпорын 2 200 адамға жұмыс береді. Жылына 90 мың дана көлік құрастырылады деген жоспар бар. 

2. «KIA Qazaqstan» ЖШС Қостанай облысында KIA көлігін құрастыратын, 1 500 жұмысшы істейтін кәсіпорынды ашады. 90 млрд теңге инвестиция құйылған кәсіпорын жылына 70 мың дана көлік шығармақ. 

3. «KamLitKZ» ЖШС Қостанай облысында жүк таситын көліктердің жетекші белдемесінің редукторын жасайтын зауытты іске қосады. 82,5млрд теңге инвестиция салынған кәсіпорын 550 адамға жұмыс береді және жылына 74 мың дана автобөлшек шығарады. 

ҚазАВТОстан

Қазақстан үшін автокөлік өндірісі экономиканың басым бағыттарының бірі. Сол себепті мемлекет тарапынан қолдауға ие. Соңғы 10 жылда елде көлік құрастыру, автокөлік бөлшектерін жасаумен айналысатын 130-дан астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Оларды қолдауға қазынадан 40 млрд теңге бөлінген. Қазір елде көліктің барлық дерлік түрі жасалады. 

Қазақстанда автокөліктің 167 түрі құрастырылады, оның ішінде 39 жеңіл көлік, 22-сі – әлемдік брендтер. 

Көпшілікке танымал Hyundai, Chevrolet, Kiaбрендтерінен бөлек Семейде «СемАЗ» компаниясы қытайдың Shacman,DONGFENG көлік брендтерінің жүк көліктерін, DONGFENGZhong Tongавтобустарын және JINMAБЕЛАРУСтракторларын шығарады. Daewoo Bus Kazakhstan компаниясы автобустың 10 түрін құрастырады.Көкшетаудағы Камаз Инжиниринг компаниясы жүк көліктерін, автоцистерналар мен коммуналдық техниканың ондаған түрін жасайды.  

МУЛЬТИПЛИКАТИВ ӘСЕР

2023 жыл отандық автокөлік өнеркәсібі үшін сәтті жыл болды. Өндірістің жылдық көлемі 60%-ға өсіп, 200 мыңнан астам көлік сатылды, ал оның 70% отандық өнім өндірушілерге тиесілі. Жаңа көлік тапшылығы жоғалып, сәйкесінше нарықтағы баға тұрақтанды. Осының нәтижесінде елде көлікпен қамтамасыз ету көрсеткіші соңғы 5 жылда  6,6%-ға өскен.

2023 жылы ең көп сатылған көлік түріне келсек

• Hyundai – 26%; 

• Chevrolet – 24%; 

• Kia – 14%;

• Cherry – 6%; 

• Toyota – 5%;

• Басқа брендтер – 3%. 

Автомобиль өндірісі – экономикаға мультипликативті әсер беретін сала. Онымен бірге металл өндіру және өңдеу, станоктар жасау, резина, шыны-әйнек өндірісі, электронды құрылғылар мен тоқыма өнеркәсібі секілді қосарлы салалар дамиды. 

Соңғы жылдары отандық автокөлік өндірісі шасси, трансмиссиясы, орындығы, және салон интерьері секілді көліктің шағын бөлшектерін бір кәсіпорында дайындауға көшкен. Бұл импортқа тәуелділікті төмендетеді, отандық өнім өндірушілерге серпін береді және ең бастысы көліктің ақырғы өзіндік құнын арзандатуға себін тигізеді. Қазақстан Автокөлік Одағыныңдерегінше,қазір елімізде автокөліктің ауа және май фильтрлерін, аккумуляторларын, газ шығару жүйелерін, бамперлерін, пластик бөлшектерін, мультимедиа,орындықтарын, доңғалағы мен шиналарын, цилиндр блогын, механикалық редукторларын шығару жолға қойылған. 

Мәселен Шымкенттегі «Sako filter» мен Жезқазғандағы ҚазТехфильтр компаниялары жеңіл және жүк көліктеріне ауа және май фильтрлерінөндіреді. Талдықорған қаласында автокөлік аккумуляторын шығаратын екі бірдей зауыт бар (Қайнар-АКБ және Zhersu Power). Қарағанды облысындағы Саран қаласында елімізде жеңіл, жүк, коммерциялық көліктерге арналған шина шығаратын жалғыз кәсіпорын – Tengri Tyres жұмыс істеп тұр. Павлодарда автокөлік дискілерін жасайтын зауыт іске қосылса, Өскеменде автокөлік әйнегін әзірлейді. 2025 жылдың наурызында Алматы қаласында Almaty Autoparts Production жаңа зауытында көлік орындықтарын жасау басталды. Бұл «Астана Моторс» және оңтүстіккореялық Yougsan компанияларының бірлескен жобасы.

Алайда 2024 жыл отандық автокөлік өндірісі үшін оңай соққан жоқ. Өндіріс көлемі 14,6%-ға кеміген. Басты себептердің бірі – арзан қытай көліктерінің ішкі нарыққа ағылуы. Қазақстан Автокөлік Одағының басшысы Анар Мақашеваотандық автокөлікке тежегіш болған фактор ретінде не санда, не санатта жоқ бақылаусыз көлік импортының өсіп кетуін атайды. Қажет құрал-жабдық, бөлшектер мен шикізат тасымалы логистикасындағы кедергілер де кері әсерін тигізбей қоймады дейді сарапшылар. Автокөлік Одағының мәліметінше, 2024 жылдың 9 айында елімізде 92 243 дана автокөлік техникасы құрастырылған, оның ішінде 82 877 – жеңіл, 5 896 – жүк көлігі және 1 838 автобус жасалған. Қазақстанда шыққан көліктердің ішінде ең көп сатылғаны Hyundai – 26 996 дана, одан кейін Kia – 15 105, Chevrolet – 12 753, Cherry – 9 267, Toyota – 6 445, Haval – 6 009, Jetour – 5 825, Changan – 5 539, Geely – 4 857. 

КӨЛІК ӨНДІРІСІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР

Қазақстанда жасалған көліктердің дені ішкі нарыққа бағытталған. Елімізде құрастырылған JAC, Hyundai, Ravon негізінен Ресей мен Өзбекстанға сатылады, ол жақта жақсы сұранысқа ие. Дегенмен көлік экспорты мен импортында үлкен айырмашылық бар. 2024 жылы Қазақстан 144 мың көлікті сырттан сатып алса, экспорт – 7 200 дана. Жаңа кәсіпорындар толық қуатына көшкенде Қазақстанның автокөлік өндірісінің әлеуеті жылына 330 мың данаға жетеді. Қазақстанның Автокөлік Одағы бұл санның  40%ішкі нарықтың қажетін жабуға жұмсалса, қалғаны экспортқа кетеді деп болжайды. Ал отандық автокөлік сыртқы нарықта баға мен сапа жағынан бәсекеге төтеп бере ала ма? Ең маңызды сұрақ осы.     

Автокөлік өндірісі саласындағы сарапшылар автокөлік өнеркәсібіндегі саясат экспортқа емес, импортты алмастыру бағытына қарай ойысқан, сол себепті көрсеткіштер де төмен деп санайды. Отандық өндірушілер экспортқа шығуға аса мүдделі емес, себебі сыртқы нарықта олар бәсекеге түсе алмайды. Үкімет автокөлік өндірісі үшін «жылы-жұмсақ» жағдайды жасап келеді. Мемлекеттік қолдау көлемі жағынан бұл сала сын-қатері ең көп – ауылшаруашылығы өндірісінен кейінгі екінші орында тұр. Қазынадан инвестиция түрінде қаржы бөлуден бөлек, шарты жеңіл несие, субсидиялар бөлінеді, салық жағынан жеңілдігі тағы бар. Бірақ экспорт көлемі өспейді. Автокөлік өнеркәсібі дамуы үшін үлкен көлем, арзан бөлшектер, тұрақты сұраныс және жоғары технологиялы сапа керек. Ең бастысы, автокөлік құрастырудан оның кем дегенде 50% бөлшегін жергілікті жерде шығаратын шын мәніндегі көлік жасауға көшкенде ғана ұлттық экономикаға тікелей және қосымша табыс түседі, оған қоса көліктің өзіндік құны арзандайды. 

ДАМУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Бір сарапшылар көліктің барлық түрін, маркасын қамтуға ұмтылмай, керісінше бірді-екілі түріне ғана тоқтап, бар күшті соған салуды ұсынады. Мәселен Қытай мен Еуропаны жалғайтын ірі транзиттік хаб болуды көздейтін Қазақстан сапалы әрі бағасы қолжетімді ірі жүк көліктерін құрастыруды қолға алуына болады. Сыртқа сату жағы да жеңілірек болады. Кем дегенде Орталық Азия және Ауғанстан, Пәкістан секілді елдердің нарығына кіре аламыз. 

Тағы бір бағыт – электр мобильдер. Қазір әлемде қоршаған ортаға зияны аз әрі инновациялық, технологиялық жағынан жаңа мүмкіндік ұсынатын электр көлік құрастыру үлкен үрдіске айналды. Бұл саланы меңгерсек, электр мобильдердің аккумуляторының негізгі түрі – литий-ионды батарея өндірісін дамытуға мүмкіндік туады. Қазақстан осы типтегі батареяға қажет никель, марганец, кобальт қоры жағынан әлемде алдыңғы ондыққа кіреді, соңғы деректер бойынша елімізде «жаңа мұнай» атанған литийдің де мол қоры табылып жатыр.   

Жалпы алғанда отандық автокөлік өнеркәсібі кемшілік пен кедергілерге қарамастан өзінің даму сүрлеуіне түсті деуге болады. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр, көлік өнеркәсібінде тәжірибелі жұмыс күші пайда болды, қатары көбейді, қосалқы салалардың дамуына сеп болуда. Қазірдің өзінде ірі қалаларда көліктің радиаторы секілді бөлшектерін шығаруды қолға алған шағын және орта кәсіпорындар пайда бола бастады. Ішкі нарықта пісіп-жетілген сала сапаға ден қойған соң сыртқы нарықта да бедел жинайды. Ал оның ар жағында жергілікті отандық автокөлік брендін қалыптастырудың да ауылы алыс емес. 

Фото: factories.kz