Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында салық жүйесіндегі ең негізгі өзгерістерді атап өтті. Ең басты жаңалық – ҚҚС 16 пайыз болады.
«Бұл — табылған ымыра. Бірақ осы шешімнің кесірінен біз 160 мың салық төлеушіден айырылып отырмыз. Соған қарамастан, 400 млрд теңге көлемінде қосымша кіріс те болмайды. Бизнес үкімет пен парламенттің осындай қадамға барғанын түсінуі керек. Енді жаңа жеке кәсіп ашу қиындай түседі», — деді Жұманғарин.
Сонымен негізгі салық өзгерістері мынандай:
- ҚҚС – 16%.
- ҚҚС шегі 40 млн теңге көлемінде белгіленеді.
- Әлеуметтік маңызы үлкен азық-түлік, кітап басу, археология ҚҚС төлеуден босатылады.
- Банк операцияларына ҚҚС салынады.
«Олардың бағасы өсіп кетпеуі үшін, бәсекелестікті қорғау жөніндегі Агенттік Үкіметпен бірлесіп қазіргі бағалардың қаншалықты негізі бар екенін талдап көреді.», — деді С.Жұманғарин.
- Арнайы салық режимі үшін рұқсат етуші емес, керісінше тыйым салынған тізім енгізіледі. Яғни тыйым салынбағанның бәріне автоматты түрде рұқсат етіледі.
- Ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге 70% жеңілдік сақталады.
- Өңдеуші өнеркәсіп нысандарына 20% КТС салынады.