Астана тұрғыны Нұржан Өтепбергенов денсаулықтың қадірін басқа замандастарынан гөрі терең түсінеді. Ол төрт жыл бұрын бауыр церрозына шалдыққан. Дәрігерлер оған тек орган ауыстырса ғана аман қалатынын айтыпты. Уақыт болса тапшы, ал қажетті ағза табу қиынның қиыны. Басын тауға да, тасқа да соққан ол трансплантация жасатып барып бір ажалдан аман қалды.
«Біз бұл диагноздың емін көп жерден іздедік. Омбы қаласына бардық, астанада да бірнеше дәрігермен кездестік. Маған сол кезде тамырды байлау операциясы жасалды. Алайда екі айдан кейін ауру қайта күшейіп, емханаға түстім. Сосын гепатолог дәрігер Қаһарман Ізбасаровпен жолықтық. Ізбасаров маған бауыр ауыстыру емі ғана көмектесетінін айтты. Содан донор іздеу керек болды. Ол кісі бірінші бауырларымның арасында сәйкестік бар ма, сол бойынша тексеріс жүргізді. Бірақ олардың ағзасы сәйкес келмеді. Одан кейін туыстар тексерістен өтіп, сәйкестік болмағаннан кейін мені күту парағына тіркеп қойды. 2018 жылдың 3 тамызда операция болады деп дайындалып жатқанда Қостанайдан донор шықты. Дәрігерлер оның туыстарымен сөйлесіп, келісімін алды. Ол жаққа медицина мамандары саниавиациямен барады екен. Барар кезде менен анализ алды. Келесі күні операция жасалды. Оянғанымда жаңа өмір басталғандай күй кештім» – дейді, Нұржан Өтепбергенов.
Өкінішке қарай, елімізде донор тым тапшы. Елімізде жылына 1 млн адамға 1 ғана донор табылады. Трансплантолог мамандардың айтуынша, статистика көңіл көншітпей тұр.
«Қазіргі кезде Қазақстанда 3599 адам күту парағында кезекте тұр. Оның ішінде 3254-і бүйрек, 172 науқас бауыр, 153-і жүрек және 17 адам өкпе ауыстыруға мұқтаж. Тағы бір айта кететін жайт, 91 бала трансплантацияға зәру» – дейді, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры Әділ Жұмағалиев.
Қазақстан ТМД елдері арасында трансплантация бойынша үшінші орында. Cоған қарамастан, көрсеткіш мәз емес. Науқастардың ағзасын алмастыру 10 пайыз, яғни, жылына 200-250 операция жасалады. Статистикаға сүйенсек, 2012 жылы 65 операция жасалса, 2017 жылдан бері ота саны азайып келеді.
Өзекті мәселе донорлық материалдың шектелуіне байланысты туындап отыр. Көп жағдайда қайтыс болған адамның денесін кесуге туыстары қарсы шығып жатады. Енді бір топ донорлықтың аздығына еліміздегі қоғамдық көзқарастың дұрыс қалыптаспауы себеп дейді. Мамандардың айтуынша, көбіне мәйіттік донор болатындар – жол-көлік апатынан көз жұмғандар. Себебі, олар ауыр жараланатындықтан, бірден ми өлімі тіркеліп, дәрігерлер мәйіттік донор ретінде қарастырады. Дегенмен, халық әлі бұл мәселеге мойын бұрмай, теріс көзқарас ұстанып отыр. Кейбірі дінді алға тартып жатады. Мұның бір себебі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткілікті дәрежеде жүргізілмеуі. Ал негізінде Ислам дінінде өмірден өткен адамның ағзасын пайдалану арқылы мұқтаж жандарға өмір сыйлау мүмкіндігі құпталады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы трансплантацияға байланысты пәтуа шығарған. «Ағзаны алу бас-ми өлімі тіркелген кезде жүргізіледі. Сондай-ақ пайда табу мақсаты болмаған жағдайда рұқсат етіледі. Нақтырақ айтқанда, басты ескерер жайт, тегін және өз қалауымен берілу тиіс. Дінімізде Алла тағала әр ауруды емімен жаратқан деген Пайғамбар хадисі бар. Трансплантация да емнің бір түрі. Бұл тіріден тіріге ауысуы мүмкін. Қажет жағдайда өліден тіріге орнықтырылады» деп түсіндіреді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі.
Дін бойынша ешқандай шектеу болмаса да, донор жетіспеушілігі отандық трансплантология саласын өрге бастырмай отыр. Мамандар бір «донор» кем дегенде төрт адамның өмірін ұзартуға көмектесетінін айтады. Алайда кез келген жанның донор бола алмайтынын да ескерген жөн. Донордың салмағы, қан тобы, өзге де медициналық көрсеткіштері реципиентке сәйкес келуі тиіс. Бірақ дәрігерлер адамның ағзалары өзге науқасқа өмір сыйлайтынын айтып, насихат жұмыстарын жүргізсе де, ағзасын беруге кез келген кісі келісе бермейтін көрінеді. Мұндай қадамға көбіне жақын туыстар ғана келісім береді. Мәселен, елордалық Қуандық Күнтаев бүйрек ауруына шалдығып, донорға қажеттілік туындағанда оған жәрдем беретін азаматтар табылмаған. Қиын сәтте інісінің аман қалуы үшін Айгүл Күнтаева донор болуға шешім қабылдайды. Операция сәтті өтіп, соның арқасында науқас дертінен айыққан.
Медицина саласындағы түйткілдерді шешу мақсатында елімізде 2009 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданғаны мәлім. Қазіргі қолданыстағы құжатқа осы күнге дейін 80-нен астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Қазіргі уақытта Қазақстанда мидың өлуі азаймай тұр. Тағы бір мәселе – соңғы 2-3 жылда трансплантология бойынша көрсеткіш төмендеп кеткен. Әсіресе, балалар трансплантологиясы мүлде жоқ деуге болады. Осының салдарынан жас өлім көбейген. Аталған құжаттағы қайтыс болған адамдардың дене мүшелерін туыстарының рұқсатынсыз пайдалану туралы мәселе де дау тудырды. Ұлттық трансплантация орталығының директоры Жақсылық Досқалиев осының әсерінен кейбір шешімдерді өзгертуге мәжбүр болғанын айтады. «Мысалы қазіргі заңда көрсетілген мәйіттен орган алу бұл халықаралық тәсілге байланысты. Егер қазақстандықтар тірі кезінде донор боламын, не болмаймын деген қолжазба қалдырмаса, мәйіттік органын алуға болады деп жазылған. Соңғы екі жылда біз бұл тәсілді өзгерттік. Заң болғанымен, біз туыстарынан сұрауды жөн көрдік. Келісіп жасалған әрекеттің нәтижесі жоғары болады. Өздеріңіз білесіздер, үш жыл бұрын Ақтөбеде, Алматыда түсінбес жағдайлар болды. Ағзаны бізден рұқсатсыз алдыңыздар деп сотқа дейін барғанбыз. Бірақ сот бізді қолдамады», – дейді ол.
Дегенмен дәрігерлер үкімет есебінен қаржыландырылатын құрал-жабдықты жағдайы оңалмайтын пациент үшін қосып қойғысы келмейді. Яғни, туыстары келісім берсе, дереу бәрін өшіріп, ішкі ағзаларын алу шараларын бастайды. Келісім бермесе, онда туыстары әлі де үміттеніп науқастың әрі қарайғы ем-домы үшін өздері қаржы төлеулері тиіс. Бізде мұндай тәртіп әлі бір арнаға түспеген. Дәрігерлердің айтуынша, ми өлімі тіркелсе де, қоғамда шу көтеріп жіберетін жайттар жиі кездеседі. Осыдан келіп дәрігерлер науқастың қашан жүрегі тоқтағанша ұстауға мәжбүр. Ал, Жақсылық Досқалиевтің пікірінше, халықаралық тәжірибеде миы өлгеннен кейін адамның өзі өлді деп саналады. Ми өлгеннен соң көп болса екі-үш тәуліктен кейін жүрегі де, басқа да ағзалары тоқтайды. Ал, ол ағзалар біреуге салуға жарамсыз болып қалады. Жүрек тоқтаған соң оны ешкімге салуға келмейді.
Еуразия ұлттық университетінің педагогы Кеңшілік Тышхан бұл ретте күмәнданатын тұстар бар деген пікірде. «Шындап келгенде таза адамгершілік тұрғыда талап болуы керек сияқты. Мысалы, әр түрлі себеппен, авариялармен, жол апаттарымен немесе соққы алу жағдайларымен жан сақтау бөліміне түскен азаматтар ертең адам болып есін жинауы мүмкін. Ол жерде мысалы біреудің жақын туысқандары не болмаса әлеуетті адамдардың жақындарына дене мүшелері керек болса адам болатын адамдарды өлімге қиып жіберуі мүмкін. Өйткені ақшамен әр түрлі әрекет жасалып жатады. Сондықтан осы жайттар нақты айқындалуы тиіс», – деп топшылайды К.Тышхан.
Ел арасында трансплантация кезінде адам ағзалары ұрланып, артынан оны саудалау іске асады деген ақпарат та желдей ескені белгілі. Алайда хирургтар ол мүмкін емес деп есептейді. Себебі пациенттің ем-домымен ондаған адам айналысады. Мәйіт доноры туралы ақпарат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тіркеуге алынады. Ендеше халық арасына таралатын жағымсыз ақпараттан гөрі оның маңызы туралы насихатты жақсартқан жөн болар еді – дейді дәрігерлер. Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры Әділ Жұмағалиевтің айтуынша, бұл жағдай қатаң қадағаланады.
«Донорлық органдарды үлестіру кезінде әділдік сақтау үшін компьютер арқылы клиникалық сәйкестікке мән береміз. Сол кезде ғана органдар беріледі. Оның ішінде тіндік сәйкестік бар, қандық топтың үйлесуі бір басқа. Әр адамның мәртебесі немесе оның қаржылық жағдайы ескерілмейді» деп тұжырым жасайды Ә.Жұмағалиев.
Екі-үш жылдан бері елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа заң жобасы қоғамда ашық талқыға түсті. Арнайы әзірленген Кодекске елімізде адам ағзасын рұқсатсыз ауыстыруға құқық беру ұсынысы енгізілген. Бірақ қоғам арасында бұл бастамаға түбегейлі қарсы шыққандар да болды. Денсаулық кодексінің жаңа жобасына 30-дан астам қоғамдық ұйым өз уәждерін білдірді. Онда олар 16-бапқа наразылықтарын жеткізіп, заңның қабылдануына қарсы шықты.
«Қазақстанның бұл заңнамасы дүниежүзілік стандарттарға сай. Дәлірек айтатын болсақ, ДСҰ-ның 11 басты принципі бар. Соның бәрі біздің заңнамаға енгізілген. Айта кететін жайт, мидың өлгенін тіркейтін адамдар реципиенттің өлгеніне қатыспайды. Сонымен қатар, ағзаларды сату, сатып алуға бізде тыйым салынған. Егер кімде-кім заңнаманы бұзса, оған қатаң жаза қолданылады. Айта кетсек, бір кісі біреуді трансплантациялауға органын алу үшін мәжбүрлесе, 16 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал мәйіттік донордың ағзаларын заңнамадан тыс алса, алты жылға дейін бас бостандығынан айырылады», – дейді дәрігер Ә.Жұмағалиев.
Қазір Қазақстанда донорлықты дамыту үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Медицина мамандарын шетелде оқыту, әлем дәрігерлерімен тәжірибе бөлісу ісі жолға қойылды. Трансплантация бойынша нормативтік құқықтық база дайындалған. Клиникалық орталықтар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірақ, қоғамның бұл мәселеге дайын еместігі қолбайлау болып отыр. Демек, дәрігерлер айтқандай, бізге әлі де түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз екені байқалады.
Хирург-трансплантолог Мэлс Асықбаевтың пікірінше, азаматтардың басым бөлігі қайтыс болғаннан кейін орган беру мәселесіне бей-жай қарайды. Бұл орайда, заң бойынша Egov арқылы өтініш берілсе де, берілмесе де, жақын туысқандардың рұқсаты қажет. Мысалы, өзі келісім берген адамда бас-ми жарақаты тіркелетін болса, туысқандары қарсы шығуы мүмкін. Заңға сәйкес, осыдан кейін орган алынбайды. Сол үшін біздің ел алдымен мәйіттік трансплантацияны айтарлықтай қолға алу керек. Өйткені, сондай мұқтаж пациенттердің қатарында біз де болуымыз мүмкін.
Трансплантацияның қиындығын жанымен сезінген Нұржан Өтепбергенов қайтыс болған адамдардың туыстарынан рұқсат сұрау дұрыс емес деген ойда. Сондықтан әр азамат тірі кезінде шешім қабылдап кеткені жөн. Осы бағытта қоғаммен сауатты диалог орнатып, донорлық бойынша тиімді шешімдер қабылдануы қажет. Өйткені, былтыр күту парағында тұрған 330-дан астам науқас донордың табылмауынан қайтыс болды. Биыл жыл басында органға мұқтаж 29 адам үміт жетегінде көз жұмған.
Олжас Әбілұлы,
Biz.kz