Неміс басқыншыларына қарсы соғыста ерлігімен мәңгілік даңққа бөленген қазақ батырларының сапында қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш – Хиуаз Доспанованың орны ерекше. Атырау өңірінде дүниеге келіп, Ақтөбе, Оралда өскен Хиуаз бастауыш сыныпта қазақтың тағы бір батыр қызы – Әлия Молдағұловамен бірге оқиды. Ал оның ата-анасы Мәншүк Мәметованың отбасымен аралас-құралас болыпты. Міне қазақтың үш бірдей батыр қызының өмір жолында осындай тоғысқан тұстар бар. Бала кезден ұшқыш болуды армандаған Хиуаз 1940 жылы Оралдағы орта мектеппен бірге жергілікті аэроклубты да үздік бітіріп, «Запастағы ұшқыш» куәлігін алады. Арман қуып Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына барғанымен, ол жақта қыздарды қабылдамайды. Хиуз Доспанова И.Сеченов атындағы мәскеу медициналық интитутына оқуға түседі.
1941 жылы соғыс басталғанда, Хиуаз Мәскеу метросының құрылысына қатысады, Мәскеу түбінде окоп қазады. Сол жылдың күзінде әлем тарихында тұңғыш рет қыз-келіншектерден құралған жеңіл бомбалаушы ұшақтар полкы құрылғанын естіген Хиуаз бірден полк орналасқан Энгельс қаласына тартады.
Хиуаз штурмандар тобына қабылданады. Жеделдетілген курсты қайсар қыз жақсы бағамен тәмамдайды. Майданға келген Хиуаз Доспанова ел аузында «жүгеріші» аталып кеткен, ауыл шаруашылығында тыңайтқыш, дәрі себетін жеңіл моторлы ұшаққа отырады. 1928 жылдан бастап шыққан бастапқыда У-2 аталған конструктор Поликарповтың оқу-жаттығу жеңіл бипланы соғыс кезінде негізгі бомбалаушы күшке айналды. Оның жылдамдығы сағатына 120 шақырымнан аспайтын. Салыстыру үшін айтсақ, немістердің бомбалаушы Фокке Вульв, Юнкерс ұшақтарының жылдамдығы 450-570 сағ/шақ. болса, бомбалаушы ұшақтарды әуеде аулайтын Мессершмитт шабуылдаушы ұшақтары сағатына 800 шақырым жылдамдықпен ұшатын.
Хиуаз соғысқа алғаш рет Кавказ етегінде кіреді. Немістердің мықты әуе қорғанысы бір басқа, таулы аймақтың жер жағдайы мен күрт құбылатын табиғаты да ұшқыш қыздар үшін көп кедергі болды. Оның үстіне жау көзінен тасалау үшін авиаполк басшылығы аэродром шамдарын өшіріп тастағандықтан, ұшқыштар өзінің есебіне, ішкі түйсігіне сеніп ұшақтарды қондыруға мәжбүр болды. Сондай бір кезекті тапсырмадан соң аэродоромға қонуға ыңғайланғанда екі бірдей кеңес ұшағы қараңғы аспанда бір біріне соғылады. Екі экипаждағы төрт адамнан Хиуаз ғана тірі қалады. Оның өзінде талап бойынша белдікті тақпай отырғанының арқасында кабинадан ұшып кетіп аман қалған. Екі бірдей аяғы сынған Хиуаз Доспанова үш айдан соң полкына оралып, жанын қинаған жарақатын ешкімге білдірместен ұрысқа кіріседі.
«Түнгі мыстандар»
Әйелдер авиаполкы немістер үшін үлкен бас ауруы болды. Ұшқыш қыздар өте баяу ұшатын ұшағымен қараңғы түнде жаудың шебіне жақындап келген соң, гүрілді естіртпеу үшін ұшақтың моторын өшіріп тастап, қалықтап келіп бомба тастау әдісін қолданған. Көп жағдайда жерден небәрі 4-5 метр биікте ғана қалықтап ұшып, қауіпті маневр жасуға да мәжбүр болады. Осының арқасында немістердің әуе қорғанысы олардың келіп қалғанын байқамай да қалады. Мотор дыбысының орнына немістер тек жер сыпырған сыпырғыштың сыбдырына ұқсас дыбыс естігендіктен, ұшқыш қыздарды «түнгі мыстандар» атап кетеді. Неміс әскерінің арасында түнде дыбыссыз келіп, бомбалап түн қойнауында ғайып болып кететін ұшқыш қыздар туралы аңыз кең тарайды. Моторының тықылдағанына қарап немістер бұл ұшақтарды «тігін машинасы», «кофе ұнтақтағыш» атап кетеді. Әр түн сайын Хиуаз майдандастарымен бірге 5-10 мәрте әуеге көтеріліп, жауды бомбалаған. Жеңіл ұшақпен көбірек бомба тасу үшін парашюттен де бас тартады. Тек 1944 жылы әуе полкының ұшқыштарын парашютпен ұшуды бұйрық түрінде міндеттейді.
Нацистер «түнгі мыстандардың» көзін жою үшін барын салды. Өйткені радиобайланысы да, темір сауыты да жоқ жеңіл По-2 ұшағымен әйелдер авиаполкы 3 мың тоннадан астам бомба мен 26 мың жанғыш снарядтар тастап, жауға едәуір соққы береді. Даңқты маршал К.Рокоссовский бір естелігінде бұл полктың ұшқыш қыздарының ерлігін аса жоғары бағалап, жеңіске қосқан үлестерін ерекше атап өтеді.
300 мәрте көкке көтеріліп, жау шебін бомбалаған Хиуаз Доспанова полкімен бірге Германияға дейін барады. Жеңісті 23 жастағы гвардия аға лейтенанты Хиуаз Доспанова немістің Нойе Бранденбург қаласында қарсы алады. Соғыс аяқталған соң ғана Хиуаз Доспанова өзінің жарақатын көрсетіп, екінші дәрежелі мүгедек куәлігін алған. Туған жерге оралған Хиуаз Доспанова ұзақ жыл қоғамдық жұмыстармен айналысты. Алайда ауыр жарақат кесірінен небәрі 39 жасында зейнетке шығуға мәжбүр болады. Қаһарман ұшқыш әскери ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, I және II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен, «Кавказды қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталады. Кеңес Одағының Батыры атағын 200-ден астам әуеге көтерілген ұшқыштарына берілгенімен, 300-ден артық мәрте жау шебін шабуылдаған Хиуаз Доспановаға бұл атақ берілмеді. Тек 2004 жылы Қазақстан президентінің Жарлығымен Хиуаз Қайырқызына «Халық қаһарманы» атағы мен «Отан» ордені табыс етілді.