Жаңа Салық кодексі қабылданған жағдайда Қазақстанда жылжымайтын мүлкінің (үй, ғимарат т.б.) құны 450 млн теңгеден, ал көлігінің бағасы 75 млн теңгеден асатындар алдағы уақытта қосымша салық төлеуі ықтимал. Үкімет жаңа Салық кодексіне осындай «сән-салтанат» салығын енгізуді ұсынып отыр. Оны қымбат үйі, жері, көлігі, яхтасы мен ұшағы барлар, сонымен қатар қымбат алкоголь мен сигаралардың иелері төлемек. 

«Біз кейбір тауар түріне «сән-салтанат салығы» дейтін салық салуды ұсынамыз. Егер жылжымайтын мүліктің құны 450 млн теңгеден асса, оған салынатын салықты көтеру керек дейміз. Сонымен бірге бағасы 75 млн теңгеден асатын көліктердің, қымбат су көліктері мен ұшатын аппараттардың акциз бағасын қымбаттату жоспарланған», – деді ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. 

Сонымен бірге үкімет қымбат алкоголь өнімдері мен сигаралардың акциз алымын да 10 пайызға көтеруді ұсынып отыр.