«Екі көзім көріп тұрғанда, қолым бесатарды мықтап ұстауға қауқарлы кезде фашистерге өмір жоқ!» Төлеуғали Әбдібеков.
Неміс басқыншыларымен соғыста ерлік даңқы майдан даласына тарап кеткен қазақ батырларының арасында Төлеуғали Әбдібековтің те орны бөлек.
Жалғыз өзі немістің бір батальон әскерінің көзін жойған сұрмерген туралы аңызды мергеннің көзінің тірісінде ақ жауынгерлер ауыздан-ауызға таратып жіберді. Гитлершілер одан өлердей қорқып, «қара өлім» деп атап кетті.
Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облысы Жарма ауданында Әбдібек Насырханның отбасында дүниеге келген. Әкесі Насырхан азаматтық соғыс пен аштық жылдары аң аулап ауылын асыраған. Ер жеткен Төлеуғалиды аңшылыққа баулып, дәл көздеуге, аңды індете іздеуге үйретеді. Жас кезінен ақ мергендігімен көзге түскен жігіт Мақтааралға қоныс аударып, майданға сол жақтан аттанады.
Алғы шепте оның мергендігін білген командирлер бірден снайпер ғып тағайындайды. Бір ұрыста жаудың 25 адамы жалғыз Төлеуғали отырған оқпанаға беттейді. Мерген Төлеуғали алдымен жаудың командирін оққа байлайды. Тағы көздейді, біреуі, сосын тағы біреуі, одан кейін келесісі оқтан мұрттай ұшады. Ақырында 25 адамнан тек екуеі ғана әупіріммен тірі қалып, қаша жөнеледі. Өз биігін қорғап қалған Төлеуғали енді өзге биіктіктегі қаруластарына көмекке келеді. Сол күні Төлеуғали Әбдібековтің қолынан 35 жау әскері қаза табады.
Төлеуғали Әбдібеков тек сұрмерген ғана емес, жақсы ұстаз бола білді. Өз полкінде мергендер қозғалысын ұйымдастырады. 1944 жылдың ақпанына дейін 32 мергенді дайындап шығарады.
Неміс командирлері «қара өлімнен» өлердей қорықты. Әбдібековтің соңына немістердің ең мықты мергендері түседі. Солардың бірімен жекпе-жек 1944 жылдың 23 ақпанында болады. Ол күні Төлеуғали Әбдібеков суық тигізіп, қатты ауырып тұрған еді. Неміс мергені ол әлсіреп кеткен қас-қағым сәтті пайдаланып, бірінші болып шүріппені басып қалады. Оқ Төлеуғалидың мойнына тиеді. Ауыр жарақатына қарамастан Әбдібеков жалма-жан неміс мергенін жалғыз оқпен жер жастандырады. Бұл – оның өзі атып түсірген 397-ші және соңғы жауы еді. Ауыр жарақаттан Төлеуғали Әбдібеков госпитальда тілге келместен көз жұмады. Қабір басында даңқты мергеннің № 2916 снайперлік мылтығы Төлеуғалидің үздік ізбасарларының бірі – гвардиялық қатардағы жауынгер Әлішер Оспанәлиевке табыс етіледі. Қазір даңқты мерген ұстаған мылтық Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұражайында сақтаулы.
Төлеуғали Әбдібековті командирлері үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Бірақ өмірбаянында ағасының «халық жауы» ретінде репрессияға ұшырағанын ашық жазғаны үшін, сенімсіз элементтердің туысы ретінде лайықты марапатынан қағылды. Ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», «Ленин» және Ұлы Отан соғысының I дәрежелі ордендерімен марапатталған. Даңқты мергенге 2022 жылдың 6 мамырында ғана «Халық Қаһарманы» атағы берілді.