Қазақстан экономикасының нақты секторына қазынадан 8 трлн теңге бөлінеді. Қаржы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ арқылы беріледі. Қаржы бірінші кезекте тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ететін индустриялық және инфрақұрылым бойынша басым жобаларды іске асыруға жұмсалмақ.
КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ЖОБАЛАР
Қазақстан президентінің пәрменімен елдің транзиттік және логистикалық әлеуетін мейлінше толық пайдалану басым бағытқа айналып отыр. 2024 жылы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ желісі бойынша 5 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмыстарының бірінші кезегін қаржыландыру басталды. Қазір 1,2 мың шақырым жол жөнделді. 2025 жылы ҚДБ жол инфрақұрылымын дамыту бойынша 500 млрд теңгеге жобаларды бекітуді жоспарлап отыр. Бүкіл ел бойынша 3 мың шақырым автожол қайта жаңартылады. Жобаларды іске асыру кезінде құрылыс пен қызмет көрсету саласында шамамен 28 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Былтырғы жұмыс нәтижесінде көлік секторы экономикада 22,4% өсіммен ең жоғары қарқынға қол жеткізді.
ТАУ-КЕН ЖӘНЕ МЕТАЛЛУРГИЯ ЖОБАЛАРЫ
ҚДБ көп қаржы бөлетін келесі сала – Тау-кен және металлургия кешені. Өндіріс көлемі 7,1% өскен бұл сектор сала бойынша жалпы құны 420 млрд теңге болатын жобаларға қаржы бөлінеді. Солардың бірі – Екібастұз ферросилиций зауыты. Темір мен кремнийдің қорытпасын шығаратын өндіріс ошағының өнімі болаттың сапасын жақсартуға керек. Өндірістің көп бөлігі толық автоматты түрде істейтін жоба жылына 80 мың тонна ферросилиций өндіре алады. Өнімнің дені экспортқа жөнелтіледі, осы арқылы Қазақстан әлемдегі ең ірі ферроқорытпа өнімдерін жеткізуші ретіндегі орнын одан әрі нығайта алады. Зауыт 520-дан аса тұрақты жұмыс орнын ашып қана қоймай, төңірегіне болат кешені мен темірді тікелей қалпына келтіру фабрикасы секілді іргелес кәсіпорындардың пайда болуына, сол арқылы бүтін бір өнеркәсіп кластерінің бой көтеруіне ықпал ете алады.
Сонымен бірге темір кенін, жентегін өңдеу арқылы темір брикетін өндіретін жаңа жобаны қаржыландыру жоспары бар. Жылына осындай 2 млн тонна өнім өнідуріге қауқарлы өндіріс ошағы іске қосылса, шикізатты қайта өңдеу саласына тағы бір кәсіпорын қосылып қана қоймай, 1000-ға жуық адамға жұмыс тауып береді.
Павлодар облысында гидрометаллургия комбинатының құрылысын бастау жоспары бар. Ол жергілікті екі кен орнында өндірілетін кен концентратын халықаралық стандартқа сай толық өңдеуге мүмкіндік береді.
ХИМИЯ ӨНЕРКӘСІБІНДЕГІ ЖАҢА ЖОБАЛАР
Химия өнеркәсібі соңғы кезде 11,2% өскен. 2025 жылы бұл саладағы жаңа жобаларға қазынадан 262 млрд теңге қаржы бөлу жоспарда бар.
Олардың ішінде Жамбыл облысындағы натрий цианидін өндіретін зауыт жобасын атауға болады. Кәсіпорын алтын өндірісі үшін аса маңызды реагенттің жылына 25 мың тоннасын шығармақ. Өндіріс іске қосылғанда осындай регентке деген ішкі сұраныс толығымен өтеледі, сәйкесінше импортқа тәуелділігіміз төмендейді. Толық қуатына көшкенде натрий цианидін тұңғыш рет Орталық Азия елдеріне экспортқа шығара аламыз.
Кеңес кезінде Жамбыл облысы ауыл шаруашылығына қажет минералды тыңайтқыштар мен пестицид, гербицидтер өндіретін өңір еді. Осы дәстүрдің жалғасы ретінде аймақта жылына 1 млн тонна минеарлды тыңайтқыштар мен өзге де қосалқы өнім өндіретін ірі химия кешенін салу көзделіп отыр. Зауыттың халықаралық талапқа сай өнімін Қытай, Түркия, ЕО елдерінен бөлек мұхиттың ар жағындағы АҚШ, Бразилияға сатамыздеген үлкен жоспар бар. Бұл жоба кемінде 1200 адамға жұмыс береді.
Жамбыл облысында сонымен бірге жылына 500 мың тонна натрий карбонатын шығаратын жоба қолға алынбақ. Оның маңыздылы – шыны, металлургия және мұнай-химия саласына қажет шикізат өндіретін еліміздегі алғашқы өндіріс болмақ. Жоба іске асқан жағдайда натрий карбонатының импортына тәуелділіктен құтыламыз. Әрі 355 адамға жұмыс табылады.
Батыс Қазақстан облысында калий тұзын өндіру кешенінің құрылысы басталады. Өндіріс ошағы мыңдаған адамға жұмыс беріп қана қоймай, өңірде мектеп, аурухана, тұрғын үй мен жол инфрақұрылымының салынуына мұрындық болады, яғни мультипликатив әсері мол.
Түркістан облысында жылына 800 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндіре алатын зауыт салынып жатыр. Күкірт қышқылы еліміздегі уран саласы үшін аса қажет өнім. Кәсіпорын іске қосылса, қазынаға салық түрінде жыл сайын 12 млрд теңге пайда әкеледі. Дәл осы өңірде поливинилхлорид пен каустикалық сода шығаратын ерекше жоба қолға алынған. Жүзеге асқан кезде Қазақстандағы ПВХ өнімін шығаратын тұңғыш кәсіпорын болады. Жылына 120 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарады деп жоспарланған өндіріс орны ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, ЕАЭО, Қытай және ЕО елдеріне экспорттай алады. 1 300 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы кәсіпорын жылына 3,7 млрд теңге салық төлеп, жергілікті қазынаны толтырады.
Ресми дерек бойынша жобалардың жалпы қосылған құны шамамен 37,8 трлн теңге болады. Оның ішінде 2025 жылы жүзеге асырыла бастайтын жобалар 13,5 трлн теңгенің өнімін өндіреді деген есеп бар. Бұл жобалар көлік, шикізат өңдеу саласын дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу, импортқа тәуелділіктен құтылу, өңірлерде өндіріс ошақтарын ашу арқылы олардың біркелкі дамуын қаматамсыз ету секілді стратегиялық маңызды мәселелерді шешуге серпін беруі тиіс.