Қазір Қазақстанда мектептердің үштен бірі бір ауысымда оқиды, ал үш ауысыммен оқитын мектеп саны 1%-дан аз. Мемлекет жақын жылдарда үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін түбегейлі жоюды көздейді.
2019 жылдан бері Қазақстанда орта білім сапасын көтеруді және оның қолжетімді болуын көздейтін ауқымды инфрақұрылым жобалары қолға алынды. Соңғы 5 жылда елде 1 200 жаңа мектеп бой көтерді. Яғни 1 миллионнан астам оқушы жаңа мектеп табалдырығын аттады. Бұл шара ең алдымен елдегі 200 мектептегі орын жетіспеу мәселесін шешті және 100-ге жуық мектепті үш ауысыммен оқу әуресінен құтқарды.
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖАЙЫНДА
Ресми мәліметке сенсек, биыл 217 мектеп салу жоспарланған. Осылайша 460 мың оқушы жаңа мектепте оқуға мүмкіндік алады. Былтыр жаңа форматтағы 105 мектеп есігін ашты, оның 40% ауылды жерлерде орналасқан. Қалған 112 жайлы мектептің құрылысы осы жылдың аяғына дейінбітуі керек.
«Жайлы мектеп» жобасы балаларға қазіргі заманның талабынан шығатын жағдайда тегін сапалы білім беруді мақсат етеді. Бұл бастама мектептің материалды-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін ұштайтын кеңістік қалыптастыруды көздейді. Сол үшін бұл мектептерде эргономикалық кеңістіккеерекше көңіл бөлінеді.
Эргономикалық кеңістік дегеніміз не? Ол несімен маңызды?
Эргономикалық кеңістік бірінші кезекте адамға жайлылық ұсынады. Яғни, адамға ыңғайсыз көп фактор жоғалады. Соның арқасында бала әр нәрсеге алаңдап, көңілі бөлінбейді, уақытын жоғалтпайды, білім алудағы өнімділігі күрт артады, оқу үдерісіне зейін қоюы күшейеді. Мәселен, мектеп кітапханасында оқушыларға барлық жағынан ыңғайлы әрі тартыдмы стеллаждар қою арқылы оны балалардың сүйікті ортасынаайналдыруға болады. Кішкентай балалар да үлкендердің көмегінсіз барлық сөредегі кітаптарды алып оқи береді.
Мектептердегі эргономикалық кеңістіктер буллинг секілді кең тараған теріс қылықпен күресуді де ескереді. Мәселен мектепті жобалағанда кеңістіктердің мейлінше ашық болғаны, қалтарыс-бұлтарыс жерлердің болмағаны ескеріледі, қабырғалары айна тәрізді беткі қабаттармен жасақталады.
Ал сыныптарда жарық мейлінше көп болуы керек, өйткені білім бағдарламасын меңгеру үшін оқушыларға ми белсенділігіне жақсы жарық секілді қосымша стимул қажет. Мектептің әр бұрышы оның атқаратын функциясына сай түстермен, жарықпен, түрлі пішіндермен жарақтандырылады.
Мектептегі «демалыс орындарында» жарығы көмескіленген «тыныш» бұрыштар жасақталады, бұл оқушы баланың ақыл-ой белсенділігінен бір сәтке тынығып алуына жағдай жасайды.
Акт залы секілді көп адамға арналған бөлмелерге ғимараттың белгілі бір бұрышын жарықпен ерекшелейтін жарықтандырудың түрлі режимі орнатылады. Бұл оқушының назарын, зейінін қажет арнаға бұруға көмектеседі.
«Жайлы мектеп» жобасындағы эргономикалық кеңістіктер температура шекараларын сақтау, арақашықтық пен жарықтандыру деңгейі секілді санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормативтерді, адам денсаулығына зияны мейлінше аз құрылыс материалдарын, электр техникасы мен санитарлық құралдарды қолдануды қадағалайтын құрылыс нормалары мен ережесін, өрт қауіпсіздігін ескереді. Кеңес кезін былай қойғанда күні кешеге дейін мектеп құрылысында мұның ескерілмегені белгілі.
Елде салынып жатқан жайлы мектептердің аумағы сол кешегі типтік мектептерден 15-20%-ға үлкен. Тағы сол ескі стандарттағы мектеппен салыстырғанда техникалық жарақтануы 4 есе жоғары. Себебі мұндай мектептерде робототехника кабинеттері, STEM-зертханасы, хореография залы мен коворкинг алаңы, 4 спорт залы, алғашқы әскери дайындыққа арналған алаң болады. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды.
Осы жерде STEM-зертхана дегенді түсіндіре кетейік. Бұл – Science, Technology, Engineering and Mathematics деген сөздердің бас әрібінен құралған жаңа әдіс. Оның негізгі мақсаты ғылыми, техникалық, инженерлік және математика пәндерінің басын біріктіру арқылы оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, мәселені шешуге шығармашылық тұрғыдан қарау дағдысын қалыптастыру. Яғни бала «синус пен косинустардың маған өмірде не қажеті бар?» дейтін бұрыннан келе жатқан сұраққа жауабын табады. Алып жатқан білімін өмірде не үшін және қалай қолдану керегін мектеп қабырғасында жүріп үйренеді. Бұрын РФММ секілді дарынды балаларға арналған мектептерде ғана болған осындай озық әдіс енді ауылдағы мектептерге келіп жатыр.
«Жайлы мектеп» жобасы инклюзивті білім беру саласындағы мәселелерді шешуге де себін тигізуі тиіс. Ресми дерек бойныша Қазақстанда білім беруде ерекше жағдайды қажет ететін 200 мың түрлі мүмкіндігі шектеулі мектеп жасындағы бала бар. Оларға бөлек санитарлық бөлмесі бар кең кабинеттер керек. Олар үшін мектептерге лифт, пандус, арнайы көрсеткіштер қою, психолог, дефектолог, логопед кабинеттерін ашу қажет. Міне осының бәрі жайлы мектептерде ескерілген. Одан бөлек мектепте оқушы мен мұғалімнің арнайы демалыс орындары қарастырылған. Мектептер толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі.
ҚАЙТҚАН ҚАРЖЫНЫҢ ҚАЙЫРЫ
Мектептегі орын жетіспеуін, үш ауысыммен оқу мәселесін шешу үшін 2023 жылы білім инфрақұрылымын қолдау Қоры құрылған. Оған қазынаға қол сұғып тұтылған жемқор, парақорлардан тәркіленген қаржы түседі. Екі жылда қорға құйылған ақшаға 100 мың оқушыға арналған 89 мектептің құрылысы басталды. Қазір соның ішінде 74 мың бала оқитын 61 мектеп жұмысын бастап кетті. Бұл мектептердің дені Жетісу, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында. Одан бөлек шалғайдан келетін оқушылар үшін кей мектептің жанынан интернат салынып жатыр.
Мұның сыртында әсіресе ауыл мен аудандардағы мектептерді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы үш жылда елдегі 5 мың 200 ауыл мектебінің 4 мыңнан астамының материалдық-техникалық базасы жаңарды. 2мыңнан астам мектепке жаңа үлгідегі робототехника, химия, биология, физика және STEM-пәндері кабинеттері қойылған.
Елде қазір сапалы білім берудегі ала-құлалықты жою үшін алдымен мектеп инфрақұрылымын ортақ, бірдей форматқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы 3 жылда еліміздің барлық өңіріндегі 1 231 мектеп реновациядан өтеді деген жоспар бар. Оның 820-сы ауылда. Бұл ауқымды шара мектеп және орын жетіспеушілігі мәселесі мен еліміздің орта білім беру жүйесін сапалы ортақ стандартқа келтіру ісін шешуді көздейді. Ресми деректерге сүйенсек, елдегі мектеп инфрақұрылымы мен оның жарақтануы жақын жылдары шешіледі деп сеніммен айтуға болады.
Одан әрі осындай заманауи мектептерді заман талабына сай, білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі шығады. Мысалы инклюзивті білім беру саласында ең алдымен мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын мұғалім жетіспейді, инклюзивті білім беруге арналған оқу бағдарламалары жоқтың қасы. STEM-пәндері бойынша оқушымен жұмыс істейтін білікті педагог мамандар тапшы. Мектеп инфрақұрылымы проблемасын шешкен соң, мемлекетке осы мәселені еңсеру керек болады.