21-22 тамыз күндері Женевада Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысы өтеді. Оның аясында ұйымдастырылатын «World Dog Show-2023» чемпионатына Қазақстаннан екі тазы қатыспақ.
Тарихта тұңғыш рет
Қазақы тазылар мұндай дүниежүзілік чемпионатқа тарихта тұңғыш рет қатысқалы отыр. Оған еліміздің төлтума ит тұқымдарын халықаралық аренаға таныту жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келе жатқан Қазақстан кинологтары одағы мұрындық болды.
Швейцария Ұлттық кинологиялық қоғамы Қазақстан кинологтары одағының өтінішін қарастыра келіп, тазыны Женевада өтетін Әлем чемпионатына қатысатын ит тұқымдарының тізіміне қосты.
Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық Одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысатын болды. Осы жолда үлкен жұмыс атқарылды. Біз Бельгиядағы FCI-мен арада (Халықаралық кинологиялық федерация) бірқатар келіссөз жүргіздік. Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтары одағының өтініші бойынша, «Kazakh Tazy» тұңғыш рет Халықаралық кинологиялық федерацияда ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілді. Біздің ұсынысымыз FCI тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымыз, – дейді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Кәсіби спортшылар сияқты баптайды
Кинолог Елена Хардина Тұмар мен Вангелия атты тазыларды алып, бүгін жолға шықты. Олар Астана-Женева бағытында Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Солтүстік Македония, Хорватия, Словения, Италия, Франция сынды он елдің аумағын басып, 7 мың 800 шақырым жерді басып өтпек.
«Тазы – Қазақстанның ұлттық мұраларының бірі. Оны халықаралық көрмелерге жиі қатыстырып, танылуына жағдай жасауымыз керек. Қазақы ит тұқымы туралы шет мемлекеттер тек қағаз жүзінде ғана естіп-білмей, өз көздерімен көре бергені дұрыс. Біз осындай алыс қашыққа бірінші рет сапарға шығып барамыз. Грекиядан Италияға дейін паром арқылы барып, жол қысқартуымыз мүмкін. Көрмеге ұшақпен емес, автокөлікпен бара жатқанымыздың да себебі бар. Тазы тұқымының бітімі сұлу, бойы биік, бабы ерекше. Мысалы, Тұмардың бойы басынан есептегенде 90 сантиметрден асады. Бұл шағын себетке сыйып кететін кішкентай ит емес. Оларға әуе компанияларының тасымалдауға қатысты талабы да өте жоғары. Сол үшін шағын автобуспен апарған ыңғайлы болады», – дейді Елена Хардина.
Кинолог Тұмар мен Вангелияны Әлем чемпионатына қатыстыруға дайындықты бірнеше ай бұрын бастап кетіпті. Оларды арнайы диетамен тамақтандыру, дәрумен беру, жүгіртіп жаттығу жасатудан бөлек, түгін құлпырту үшін үстіне арнайы қоспа сеуіп отырған.
Мұндай маңызды жарыстардың алдында иттердің бір-бірімен таласып, жарақат алып қалмауына қатты қараймыз. Тау-тасты жерлермен де жүгіртуге болмайды, табанын жарақаттап алуы мүмкін, – дейді Елена Хардина.
Әлем чемпионатында қазақ тазыларына бәсекелес болатын иттер аз емес. Кинологтың айтуынша, әсіресе, Ресей, Түркия, Венгрия елдерінен келетін иттер басты қарсылас саналады.
Президент Іс басқармасының бақылауында
21-22 тамыз күндері өтетін Халықаралық кинологиялық федерациясыныңбас ассамблеясында Қазақстанды осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тану мәселесі қарастырылатынын атап өткен жөн.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға ұлттық ит тұқымдары – қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ оны төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын. Бұл мәселені ҚР Президенті Іс басқармасы өз қарауына алып, мәселені жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік органдар жұмысын үйлестірумен айналысты. Президент тапсырмасы бойынша тиісті жұмыс тобы құрылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде айқындалды.
Қазақы тазы мен төбет тұқымдарын халықаралық аренада таныту үшін штаб-пәтері Бельгияда орналасқан Халықаралық кинологиялық федерацияға өтініш жіберілді. Басты талап – еліміздің кинологиялық қауымдастығын осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тіркету. Еліміздің атынан FCI-мен арада Қазақстан кинологтары одағы қарым-қатынас жүргізеді.