Он жыл бұрын шенеуніктер Нұр-Сұлтан тұрғындарының саны 2020 жылға қарай 800 мыңға жететінін болжаған. Ал осы уақыт аралығында елорда халқы 1 миллион 200 мың адамға жетті.

Астаналық IT мамандар Астана ақылды қалаға айналғаны сонша, алдағы уақытта мұндай болжамнан қате кетпейді деген ойда. Олардың сөзінше, Қазақстанда жасалған «цифрлық көшірмеге» көрші елдер де айтарлықтай қызығушылық танытып отыр. Бұл үлгі жаңа ғимараттардың моделін бес сантиметрге дейін дәлме-дәл етіп жасай алады. Бірақ бұдан кептеліс азая ма? 

ӨМІР СҮРУГЕ ЖАҒДАЙДЫҢ ЖАСАЛМАУЫ ТҰРҒЫНДАР САНЫН КӨБЕЙТПЕК

БҰҰ дерегінше, әлем халқының 55 проценті қазір қалаларда тұрады және бұл көрсеткіш 2070 жылдары 70 процентке дейін көбейеді.

Он миллион немесе одан да көп тұрғыны бар мегаполистерге жердің 0,2 процент аумағы тиесілі екен. Ал планетадағы әрбір оныншы адам сол үлкен қалалардың тұрғыны саналады.  

Мұндай деректі жуырда Нұр-Сұлтанда өткен Nobel Fest форумында италиялық саясаткер әрі 2016-2021 жылдары Рим қаласының мэрі болған Вирджиния Рагги айтты.

Болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай жер тұрғындарының саны 8 миллиардтан 9,7 миллиардқа дейін өседі. Ал ғасыр соңында бұл көрсеткіш 11 миллиардқа жетеді. Қазірде әлемдегі 21 ірі мегаполисте он миллионнан астам адам тұрса, енді бір 50 жылдан кейін ондай қала саны 40 болады.

«Бұл дегеніміз, мұндай қалалар жыл сайын 200 процентке өседі дегенді білдіреді», – дейді Вирджиния Рагги.

Міне, осы жағдайлар мегаполис әкімшіліктеріне дамуға жаңаша қарауды талап етеді. Сондықтан, сарапшылар пікірталас алаңдарында болашақ қала туралы көп сөз қозғап жүр. 

«Мұндай қарқынды өсуге байланысты жаңа ресурстар ұсынып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуіміз керек. Әйтпесе, жаңа қауіптер туындап, зорлық-зомбылық күшейуі мүмкін. Біз қауіпсіз, үйлесімді қала жасауымыз керек. Ол үшін бағымызға қарай, қазірде пайда болып жатқан «ақылды қала» технолгиясын пайдаланған абзал», – деп атап өтті Вирджиния Рагги.

Технологиялар бізге шешім қабылдарда жан-жақты хабардар, жауапкершілікті мойнына алатын адамдарды көптеп тартуға мүмкіндік береді.

Рим қаласының бұрынғы әкімі әріптестеріне: «Әкімшілік үйлестіру тиімді болу үшін стратегиялық мәселеде тұрғындардың пікіріне құлақ түріп, қабылданатын шешім төменнен жоғары қарай жүруін қамтамасыз етуге тиіспіз», – деп кеңес берді.

Бүгінде мәдениет, білім, қауіпсіздікке басымдық беріліп отыр. Сондықтан бұл салаларға қазірдің өзінде инвестиция құйған дұрыс.  

«Болашақта транспорт атаулыны жасанды интеллект жүйесі арқылы басқарылатын роботтар жүргізетінін бәріміз де жақсы білеміз. Осы күндері экспериментті моделдер бұл бағыттағы жұмысын бастап та кетті. Келешекте жеке және қоғамдық транспортты алгоритм басқарады. Ал компьютерлер адамдардың энергиясы мен уақытын үнемдеу үшін көптеген мәліметті игеретін болады. Бұл ретте негізгі күш жинақылыққа түседі. Сол үшін болашақтың қаласы экологияға тигізер залалын азайтуы тиіс», – дейді ол.

Бұл процесстерді басқару мақсатында 2010 жылы WeGO деп аталатын Бүкіләлемдік ақылды, тұрақты қалалар ұйымы құрылды. Қазірде дүниежүзі бойынша, ұйымның 211 мүшесі бар.

Бұл қалаларды интеллектуалды жағынан тұрақты шаһарға айналдыруды көздейтін жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің, интеллектуалды техникалық шешім ұсынушылардың және ұлттық, аймақтың мекемелердің халықаралық қауымдастығы.

WeGO хатшылығы Сеулде орналасқан. Оны Африкадағы (Абуджа, Нигерия), Шығыс Азиядағы (Ченду, Қытай), Еуразиядағы (Ресей, Ульянов облысы), Жерорта теңізіндегі (Түркия, Бейоғлы) және Латын Америкасындағы (Мексика, Мехико) аймақтық офистер қолдап, демеп отырады.

«Пандемия кезінде мәліметтерді цифрлық өңдеумен қамтамасыз етудің және ақпаратты цифрландырудың маңызын түсіндік», – дейді осындай семинарлар жайында сөз еткен аталған ұйымның менеджері Дженни Джунг.

«Біз қаланың адамдарға қызмет етуі үшін смарт-қала саласына байланысты әртүрлі тәсілдерді жетілдіріп жатырмыз. Мақсат – смарт-қаланың бастауында сол қалада өмір сүретін адамның өзі тұруы тиіс», – дейді ол.

BIG DATA КЕПТЕЛІСПЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСІП ЖҮР

Нұр-Сұлтан қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабектің сөзінше, Қазақстанның бас қаласын дамыту жоспарында сарапшылар Сеул мен Оттава сияқты тығыз байланыстағы қос қаласының тәжірибесіне сүйенетінін айтты.

«Урбанистер қандай да бір жобаны қарап, ұсыныс жасағанда, біз оларға үнемі климаттық жағдайымызға сәйкес келетін қалаларды қаперге алу қажеттігін айтамыз. Қазірде мұндай қалалар – Сеул мен Оттава. Себебі, дәл осы екі қаланың Астанаға жақындығы бар», – деді Ботагөз Қасабек.

Бұл қалалардың климаттық жағдайының ұқсастығына байланысты.

Қыста айтарлықтай суық әрі қатты жел болатын Канада тұрғын үй кешендерін түрлі дүкендер мен кафелері бар автотұрақтар арқылы өзара баланыстырып, жерасты әлемін жасауға мән берген. «Қысты күндері жұрт жер үстінде көп жүрмейді. Барлық коммуникация жер, қала астында және бәрі осындай экожүйеде өмір сүруге дағдыланған», – дейді басқарма басшысы.

Нұр-Сұлтан қаласында да «жерасты» нысандары пайда болуы мүмкін. Бұған дейін мұндай ойға жердің батпақты болуы кедергі келтіріп келген екен. «Бірақ бүгінде жаңа технологиялар пайда болды. Сол үшін алдағы уақытта жаңа шағын аудандар салатын болсақ, онда ол ғимараттардың астына қажетті нысан салуды жоспарланады», – дейді әкімдік өкілі.

Мұндай шешімді қалалық әкімдік қазірдің өзінде қарастырып жатыр. Бірақ мұндай нысандарды ылғалдылығы төмен жерлерде ғана салу керек. 

«Біріншіден, кептеліс азаяды; екіншіден, мына бізге – тұрғындарға үнемі жел мен аяз кезінде далада жүрмеген жақсы болады», – деп түсіндірді өз ойын Ботагөз Қасабек.

Осыдан он жыл бұрын 2022 жылы Астанада 1 миллион 260 мың адам тұратын болады дегенге ешкім сенбеді. Сондықтан қала жол, әлеуметтік нысандар және инженерлік коммуникациямен қажетті деңгейде қамтамасыз етілмеген.

«Он жыл бұрын бұл мәселелерді қаперге алмаған. Бүгінде біз барлық дәйекті алгоритмға салып отырмыз. Миграция кезінде қала қаншалықты ұлғаятынын сараптайтын Big Data бар. Ал егер саяси немесе қандай да бір өзгеріс болса, онда ол форс-мажор ретінде есептеледі. Жалпы, қалыпты жағдайда қала жылына 50 мың адамға көбейіп отырады», – дейді әкімдік өкілі.

Есептен кеткен қате тек тұрғындарға ғана қатыс емес. Мысалы, әрбір үйде 2-3 көліктен боларын да ешкім болжамады. Ол кезде бір пәтерге бір көлік деген жоспар болған.

«Кептеліс мәселесін шешу үшін кей жолдарға біржақты қозғалыс енгіздік. Бұған дейін автобустарға арнайы жолақ бөлінген-ді. Бүгінде біржақты қозғалысты тек белгілі бір уақытта жасау талқыланып жатыр. Мұндағы мақсат – қалған уақытта ол жолды тұрғындарға пайдаландырып, қоғамдық көліктің кесірінен басқа транспортты кептелісте тұрғызбау. Әлбетте, күнделікті мұндай шешімдер ITSM және Big Data негізінде қабылданып отырады. Аталған жүйе бізге қанша көлік, қай уақытта, қандай аймақта көбейгенін көрсетеді. Міне, соған қарап, ондай жерлердегі көлік ағынын реттейміз», – деді басқарма басшысы.

НҰР-СҰЛТАНДЫ ЦИФРЛАНДЫРУ

Нұр-Сұлтан қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысының пайымынша, бүгінде цифрландыру қарқынды дамыған. Сондықтан журналист, архитектор немесе бухгалтер болса да, әрбір маман IT саласындағы білімін одан ары жетілдіргені ләзім.

Түрлі қосымшалардың арқасында мемлекеттік қызмет көрсету саласы да дамып жатыр. Атап айтқанда, мектептегі асханада, қоғамдық көлікте төлем картасын қолдану енгізілді. Жылу, газ, жарық бойынша ақпараттық жүйе қолданатын монополистер де іске тартылған. Мұның бәрі біртұтас IQala қалалық қызмет көрсету орталығы арқылы жұмыс істейді.   

Алғашында бұл картографиялық жүйе негізінде қалыптасқан. Ал әуелгі мақсат – геоақпараттық портал құру болатын. Бірақ осы істі қолға алғанда, қаладағы барлық жер телімдерін, оған қоса, 2D және 3D моделдеу жүйесіндегі инженерлік тораптарды цифрландыру туралы идея келген.

Бүгінде ол BIM-жүйесімен бірігіп ғимараттардың құрылысын жоспарлауға мүмкіндік береді. Енді компьютер салынатын нысанды жоспарлағанда көлік тұрағы қайда, ғимараттың биіктігі қандай, оның қай жағынан жел соғады, ол жерге үй салуға бола ма, айналасында нендей коммуникация бар, міне, соның бәрін дәлдікпен айтып, көрсетіп береді.   

Одан бөлек, әрбір адамға арнап инженерлік тораптың, жылу мен судың мөлшерін алдын-ала анықтауға болады.

«Әлемдік сарапшылар біздің «Цифрлы көшірмені» мойындады. Жүйе бірқатар номинацияны жеңіп те алды. Себебі, Орталық Азияда, ТМД аумағында мұндай дәлдікті карта жоқ. Қазақстан мұны жасай алды әрі оған көрші мемлекеттер қызығушылық танытып отыр. Бұны Назарбаев университетінің студенттері жасап шықты. Олар барлық нысанның картографиялық түсірілмімен жұмыс істеді»,- деді Ботагөз Қасабек.  

«Күнделікті қаланы көгалдандыру, абаттандыру бағытында жұмыс істеп жүрген қалалық қызмет түрлері үшін векторлы 3-D карта да қажет. Өздеріңіз байқағандай, соңғы кездері көлік кептелісі көбейген. Мұның бәрі көптеген ғимараттар мен нысандардың көлік тұрағынсыз салынуының салдары. Олардың не кіретін я шығатын жері жоқ. Осы мәселелерге көз жеткізгесін арнайы алгоритм жасап шықтық. Енді қай жерде айналма жол керек, қай аймақта көлік жүрісін реттеу қажетін айтып, көрсетіп отыратын боламыз», – дейді ол.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ УРБАНИЗАЦИЯ

Қазақстанның ерекшелігі сол, мұнда жер кең болғанымен, халық саны аз. Елімізде он миллионнан асатын тұрғыны бар мегаполис та жоқ (бұл сан шамамен республика тұрғындарының жартысы). 

Қазақстандағы қала саны небары 89 ғана. Онда ел халқының 56 проценті тұрады. Оның қатарына моноқала статусы бар 27 елді-мекен кіреді.

22 қалада 100 мыңнан астам халық тұрады. 

Ірі мегаполистер – Алматы (2 миллионға жуық), Нұр-Сұлтан (1,2 миллон), Шымкент (1 миллион), Ақтөбе (500 мыңнан астам адам тұрады).

2025 жылға дейінгі аймақтарды дамыту бағдарламасында қала халқының саны ауыл тұрғындары есебінен көбейетіні айтылады. Мысалы, 2009-2019 жылдар аралығында қала халқының саны 23,5, ал ауыл жұрты 5,2 процентке көбейген. Жалпы, ел тұрғындарының саны осы аралықта 15,1 процентке артқан. 

Қазақстандағы урбанизация деңгейі 2019 жылдың басында 58,2 процент болған. Ал 2018 жылы – 57,6, 2017 жылы – 57,4, 2016 жылы – 57,2, 2015 жылы – 56,8 және 2014 жылы – 56,6 процентті құраған. 

Қазақстандағы урбанизация қарқынының көрінісі біркелкі емес. Мәселенки, 1990 жылы мен 2001 жылдары қала халқының саны 54,8 проценттен 50,3 процентке төмендеген. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке қарағанда, қала тұрғындарының саны 58,2 процентті көрсеткен. Бұл дегеніміз, 28 жылда қалалықтар 3 процентке ғана өскенін көрсетеді. Салыстырмалы түрде алсақ, Оңтүстік Кореяда 7 жылда (1980-1987), Сауд Арабиясы 8 жылда (1974-1982), Малайзияда – 12 жылда (1996-2008) урбанизация 56 дан 70 процентке өскен.  Бағдарламаға сәйкес, елде қажетті деңгейде урбанизация жүрмеген. Өйткені, шағын және орташа қала (27 моно және 41 кішкентай қала) көп. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты ірі үш қаланың еншісінде ел тұрғындарының 21 проценті ғана бар. Экономикалық әріптестік және даму ұйымына мүше елдерде бұл көрсеткіш 38 процент. 

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың пайымынша, урбанизация көрсеткішін өсіруге асығудың қажеті жоқ. Себебі, мұндай кезде азаматтардың сапалы өмір сүруін қамтамасыз етуге мән берілмей қалады.   

Урбанизацияның ішкі жалпы өнімнің өсуіне автоматты түрде әсер ететіні еш дәлелденбеген. Бүкіләлемдік экономикалық форумның зерттеуіне қарағанда, экономикалық өсімнің және қала тұрғындарының көбейюінде тікелей байланыс жоқ.   

Сонымен қатар, ол урбанизация әсерінен қала маңдарында «кедей белдеулер» пайда болатынын айтады.

Депутат сөзінше, аймақ саясатының проблемалары қала тұрғындары санының аздығына қатысты емес. Мәселе дамудың біркелкі болмауында. Ал көп ретте урбанизация бұған әсер етіп келген. Ішкі миграцияның процессі шындығында, реттеуден кеткен.    

Аймақтардан келетін азаматтар соншалықты көп адам тұрақты өмір сүруге ыңғайланбаған саяжай массивтерінде тұруға мәжбүр.

Әсіресе, бұл Oxfam немесе ашаршылыққа ұшырағандарға көмек көрсететін оксфордтық комитет жасаған «Дағдарыстан апатқа» деп аталатын баяндамасы тұрғысынан алғанда өте өзекті.   

Сарапшылар пікірінше, 2022 жылы 263 миллион адамға кедейшілік қаупі төнеді. Ал 860 миллион адам 1 доллар 90 центтік табысқа күнелтетін болады.

Әлем бойынша алғаш рет кедейліктің қамытын киетін адамдар саны Германия, Франция, Ұлыбритания мен Испания мемлекеттерінің халқына тең болады.

Шектен шыққан кедейлік COVID-19 пандемиясының салдары. Ал оған әлеуметтік теңсіздіктің аражігі, азық-түліктің қымбаттауы және Украинадағы соғыстың әсерімен шикізат бағасының өсуі де себеп.  

Нұрали Омар,

Нұр-Сұлтан

Biz.kz