Соңғы уақытта Қазақстанда қымбатшылық қатты сезіледі. Басқасын былай қойғанда, күнделікті тұтынатын азық-түлік, жанармай, киім-кешек бағасы шарықтап тұр. Құрылыс материалдары қымбаттағаны сол, баспана бағасы да ұстатпай қойды. Сарапшылар мұндай жағдайды көптеген мемлекеттер басынан өткеріп отырғанын, жағдай мұнан ары да қиындайды дегенді алға тартады. Ал әлем экономикасының айналдырған бірнеше жылда соншалықты құлдырауына не себеп?
Кері екі әсер
2020 жылдан қазірге дейін жаһан экономикасының күрт өзгеруіне негізінен екі жайт қатты әсер етті. Әрине, біріншісі, «Коронавирус» пандемиясы. Адамзатты әбігерге салған дерт ортамызға ойқастай келіп, көрпесін жайып, көсіліп жатып алды. Тіпті, әлі де кеткісі жоқ. Олай дейтініміз, қауіпті вирус ошағы тараған – Қытай қазір қайта қатаң локдаун енгізіп, жабық режимге көшіп жатыр. Бұл өзге елдер де екінші «раундқа» дайын болуы керек дегенді білдірсе керек.
Екіншісі, 2022 жылдың 24-ақпанында қауіпті кезеңге өтіп, дүйім жұрттың зәресін алған, ресми Кремль «әскери қақтығыс» атаған Ресей мен Украина арасындағы соғыс.
Міне, осы екі фактор бірігіп, экономикалық балансты айтарлықтай кері шегіндірді. Өз кезегінде бұл экономиканы жаһандық депрессияға апармаса да, анық рецессияға әкеле жатқандай әсер береді.
Америкалық «Bloomberg» басылымының бұған дейінгі дерегінше, 2023 жылы басқару жүйесінде жаһандық экономика тікелей тауарлар мен қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің бірыңғай нарығына айналуы тиіс-тін. Өкінішке қарай, жоғарыда айтылған екі себепке байланысты енді ол болжамның траекториясы өзгерді.
Қазірде жер жүзінің түкпір-түкпірінде тұтынушы тарапынан наразылық көбейгені байқалады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, әлемдік нарықта ең маңызды деген азық-түлік, жанар-жағармай, құрылыс материалдары және басқа тауарлардың бағасы көз ілеспес жылдамдықпен шарықтап барады. Тоқтайтын түрі жоқ. Қымбатшылыққа сәйкес, қарапайым бұқараның табысы өссе, қанекей? Алайда, дүниенің көптеген мемлекетінде олай болмай тұр. Салдарынан, дамығанын былай қойғанда, дамушы елдердің де экономикасы құлдырап, соңғы рет пандемия кесірінен 2020-жылы болған рецессия тағы қайталанбақ.
Сауда балансы қалай бұзылды?
Бүгінде пандемияға қабаттасып, көрші елдердегі әскери іс-қимылға орай, санкциялар соғысы да шарықтап тұр. Ол болса, тікелей сауда балансының бұзылуына әкеліп соғуда. Ал мұндай жайттың орын алуы экономикасы бір-біріне тәуелді әлем елдерінің жағдайын одан ары қиындатып отырғаны белгілі. Осы тұста «Әлімдік сауда балансы қандай жағдайда бұзылады?» деген заңды сұрақ туындайды.
Жаһандық сауда-саттықтың 90% суда, яғни, мұхит пен теңіз арқылы жасалады. (Қалған 8%-ы құрлық, 2% әуе тасымалына тиесілі). Нақтыласақ, әлемдік экономика үстіне кемі 24 мың контейнер тией алатын 22 мың тонналық кемелердің су жолы арқылы А пунктінен Б пунктіне уақытылы жетуіне және кері қайтуына тәуелді. Азық-түлік, техникадан бастап, тірі малға дейін тасымалдайтын дәл осы алып кемелер дүниедегі сауда балансын сақтап келе жатыр. (Мәселен: АҚШ пен Қытай арасындағы тасымал).
Дүниежүзілік сауда ұйымының ақпарына қарағанда, суда жүретін бір жылдық трафик 811 млн-ға жетеді. Онда ары-бері 180 млн контейнер тасымалданады. Бірақ соңғы уақытта тауар контейнерлерінің саны күрт азайған.
2020 жылдың көктемінде әлемді коронавирус жайпап жатқанда, Қытай локдауннан шығып үлгерді. Ал өзгесі, оның қатарында Қазақстан да бар, локдаун енгізуді енді қолға алған еді. Әлемнің басым бөлігіндегі мемлекеттер толықтай дерлік шекарасын жапты. Ақырында, сауда-саттық процесінде әлгі контейнерді тауарға толтырып, экспортқа шығарушы жалғыз Қытай болып қалады. Бұған дейінгі қалыпты жағдайда Азиядан техника тиеп шыққан кеме Америкаға барып, ол жақтан соя дақылын және тағы басқа қат тауарды жүктеп, кері қайтатын. Көптеген елдегі локдаунға байланысты олай болмады. Міне, баланс осы жерден бұзылады. Ал короновирусты жеңіп, локдауннан басқа мемлекеттер шығып есін жинай бастағанда, 2022 жылдың ақпанында Қытайда вирус қайта өршіді. Оның үстіне, әлемдік экономикада негізгі ойыншы саналатын Ресей «арнайы операция» жасап, Украинаға әскер кіргізді.
Осы жайттардың салдарынан, миллиардтаған доллар тұратын тауар тиеген кемелер порттарда кептеліп, аттанатын кезегін күтіп тұруға мәжбүр болып қалды. Ал бұл процестердің барлығы қып-қызыл ақша, шығын екені түсінікті.
Drewry индексі бойынша, 2019 жылдың тамызында бір контейнердің тасымал ақысы 2 мың доллар тұрған. Қазір ол көрсеткіш 5,7 мың долларға жеткен. Яғни, тауар толтырып, кемеге тиелетін контейнердің межелі жерге жеткізу үш есеге дейін қымбаттаған.
Дегенмен, Bloomberg басылымының жазуынша, 2021 жылдың соңына қарай контейнер тасымалы толық болмаса да жартылай қалыпқа келе бастаған.
Соғыс салдары
Халықаралық валюта қорының болжамына қарағанда, пандемиядан толық шықпай жатып, Ресей мен Украина қақтығысының қарқын алуы жалпы экономикалық өсімді биыл тағы 4,4%-ға тежеуі мүмкін. Мәселен, Еуропада электрэнергиясы мен газ бағасы 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылдың алғашқы үш айында 6 есеге өскен. Тіпті Ресей шикізатына тәуелді емес АҚШ-тың өзінде де газ бен мұнай өнімдері 10%-ға қымбаттапты.
АҚШ пен Еуропа елдері Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, ресейлік жекелеген адамдардан бастап, ірі компанияларға санкция салуын жалғастырып жатыр. Ал Батыс елдерін мұнай-газбен қамтамасыз етіп отырған Ресей болса, олардан шикізатын рубльмен сатып алуды талап етеді. Өз кезегінде Кремль саясатын сынап отырған Еуропа елдері орыс мұнайы мен көгілдір отынынан бас тартатынын мәлімдеді. Олар 2022 жылдың соңына дейін қажетті энергоресурсты АҚШ пен Катардан жеткізуді мақсат еткен.
Еуродақ жылына экспорттайтын 90 процент газдың 45 процентін Ресейден алады. Кәрі құрлық өзіне қажетті 25 процент мұнай мен 45 процент көмірді де осы Ресейден алады. Еуропалық Bruegel сараптама орталығының дерегінше, Еуроодақ Ресейден алған газ бен мұнай үшін күніне 1 миллиард евро жұмсайды екен.
Әрине, әлемдік экономика тізбегінде Қазақстанның да нарығы құбылатыны заңдылық. Неге десеңіз, әр мемлекет дербес саналғанымен, әлемдік экономикадағы жағдай баршаға ортақ. Мәселен, дүниедені соңғы оқиғаларға байланысты қазақ валютасы құнсызданды. 1 доллар шамамен 550 теңгеден сатылды. 2022 жылдың 24-ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерді. Бұл дегеніміз, Қазақстандағы экономикалық жағдайдың қиындағанын білдіреді. Яғни, банктен берілетін несие пайызы өседі. Демек, кредит алушылар саны азайып, экономика тірегі саналатын екінші деңгейлі банктердің жұмысы бәсеңдейді. Мемлекет қолдауына мұқтаж, күнделікті қарапайым тұтынушы сұранысын өтейтін шағын және орта бизнес те әлсірейді. Әлем елдері басынан өткеріп жатқан бұл тығырықтан шығу үшін мемлекетке әлеуметтік-экономикалық ауқымды бағдарламалар қабылдап, бизнесті демеп, түрлі жеңілдіктер жасауды қолға алғанын мәлімдеп отыр. Дегенмен, бүкіл дүниежүзіндегі жағдайдың салқыны ешбір мемлекетті айналып өтпейді. Тек экономиканы тұрақты ұстау үшін мемлекет деңгейінде қабылданып жатқан шаралар оң нәтиже берсе, қиындықтан жеңіл өтуге болады деген үміт бар.
Құралай Пионер,